Таным • Бүгін, 08:20

Есет Көтібарұлы – Батыс зерттеуінде

60 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Орталық Азияны зерттеуші ғалым, британ қаламгері Деметриус Чарльз Де Кавана Боулгердің (1853–1928) «Орталық Азия портреттері» атты 1880 жылы Лондонда жарық көрген зерттеу кітабында Досмұқамед ханнан Якоб ханға дейінгі аралықтағы Орталық Азия тұлғаларының өмірі мен деректері, олардың ұлт азаттық күресі жолындағы еңбектері нақты дәлелдермен жазылғанын аңдадық. Осы еңбекте автор қазақ батыры Есет Көтібарұлына бір тарау арнайды.

Есет Көтібарұлы – Батыс зерттеуінде

Деметриус Чарльз Де Кавана Боулгер

«1824 жылы Ресей үкіметі қырғыз­дар­мен қарым-қатынасында осы уақытқа дейін ұстанған қағидасын өзгертті». Ағылшын ғалымы сол кездегі жағдайдың тым күрделілігін, көп өтпей қазақтар үшке бөлініп, әрқайсысына сұлтан тағайындалғаны, бірақ Ресей билігі бұл шарттарды бұзуға кіріскенін, ешбір ат-атағы жоқ сұлтандарға халықтың ықыласы онша болмағанын, керісінше, бұрынғы хандық билікті аңсайтынын жеткізеді. «Сұлтан болып сайланғандардың кейбірі шынымен де хан болған, бірақ бұл жағдайда олар әдетте Ресей билігіне қарсы көтерілістердің басында жүрді. Бұлардың біразы тарихтан мәңгілік орын алды, олардың ішінде Сырым мен Кенесары деген ұлы көсемдерді атауға болады», деп жазады.

пр

 Д.Боулгердің Есет Көтібарұлына арнаған тарауы

 

Осы орайда Деметриус Боулгер Есет батыр туралы өзінің нақты көзқарасын, шынайы бағасын береді. Сол үшін де ол Есет Көтібарұлының сұлтандық лауазымда немесе туған тегі бойынша да хан емес еке­нін, ол шын мәнінде батылдықпен елдің алқауына бөленген батыр болғанын ай­тады. «Есет батыр әр жағынан әкесіне көмектесе білді. Әкесі қайтыс болған соң, ол өз руының беделді адамына айналды. 1822 жылы ол Бұхара керуенін тонап, өзінің ержүректігін дәлелдеді. Осыдан кейін 1842 жылға дейін ол Қырғыз елді мекендеріне, казак посттарына, орыс керуендеріне де Ресей территориясында шабуылдар жасау­да ерекше батылдық көрсетті» дей келе, орыс билігінің күші де, марапаттары да осы хас батырдың арынын баса алмағаны, алайда 1844 жылы ол орыстармен бейбіт келісімге келу ойында болғаны,  соның себебінен генерал Перовский орыс әскерін бастап Арал мен Әму өзендерінің жағасына жеткені жөнінде дерек келтіреді.

Сайын сақара төсінде еркін атой салған Есет батыр барымта мен сырымтаны да батыл ұйымдастырғаны белгілі. «Бір ағылшын жазушысы Есет Көтібарұлын «Даланың Роб Бойы» деп атаған еді (Rob Boy – шотландиялық тайпа басшысы, оның ерлігін негіз еткен Вальтер Скоттың романы бар)» дейді ғалым оның айбынды тұлғасын суреттей келе.

Ғалым Деметриус Боулгердің Орталық Азияны жіті зерттегені сонша, ондағы тарихи оқиғалар мен қоғамдық жағдайларды жіпке тізгендей етіп еңбегінде талдағаны қуантады. «1853 жылы орыстар Ақмешітті басып алғаннан кейін, қазақ даласына орыс билігі жүре бастады. Бірақ Есет батыр олардан бойын аулақ ұстады. Ол Перовскийдің экс­педициясы кезінде де, ешкімнен сескенген жоқ. Оның ықпалымен қазақтардың бір­неше руы орыс қолбасшысына көмек көрсетуден бас тартты. Ақмешіт алынып, қоқандықтардың көмекші әскері жеңіліс­ке ұшыраған кезде, оны жазалау қажет бол­ды. 1854 жылы оның соңына әскер түсіп, Есет батыр қапияда қолға түседі» деген дерек­тер Есет Көтібарұлының нағыз дала шон­жары болғанын, қиын сәттерде де батыл­дығы­мен, іскерлігімен елге танылғанын баян етеді.

Есет батырдан кек алу үшін оның халқын қинаған патша билігінің кейіп-кеспірі де осы кітапта ашық айтылады. Сөз соңын­да британ ғалымы Есет Көтібарұлы­ның жарты ғасырға созылған күресін айта келе, «ол сондай қысылтаяң сәттерде өз елінің тәуелсіздігін қорғауға барын салған мықты қолбасы, оның болмысының өзі – көсем, сол үшін де ол өткен ғасырда Азия то­пырағында отаршылдармен аянбай кү­рескен тұлға» деген жоғары баға берді. 

1879 жылы Лондонда жарық көрген «Орталық Азиядағы Англия мен Ресей» атты еңбегінде автор қазақ тарихындағы маңызды оқиғалар мен тұлғалар туралы, әсіресе Есет Көтібарұлы хақында көптеген деректі жария етеді. Оны қазақтардың аңшылық өнері қызықтырады. «Семей мен Балқаш арасын мекендеген қырғыздар (қазақтар) аңшылыққа тым шебер».

Осыдан кейін автор қазақтардың өздері тұрған өңірдің тау-тасын, жон-жотасын жақсы білетін,  аталған территорияда түлкі, қасқыр, тауешкі, қоян, қарсақтардың көптігін көріп өзінің «Ағылшын хайуанаттар бағына» барғандай күй кешкенін жазады. Сонымен бірге қазақтардың қасқырды қарумен емес, жалаң қолмен немесе дүр қамшының көмегімен соғып алатынын мақтанышпен айтады. «М.Ужфальвидің айтуынша, қырғыз даласындағы қасқырлар үнді жолбарысынан да еңселі һәм қаһарлы. Бұл жыртқыш аң біртіндеп жойылып бара жатыр. 25 жыл бұрын орыстар Сырдарияға келгенде, өзен жағасында қасқырлардың топ-тобымен жүргенін байқаған. Әне, содан кейін адамдардың қолымен олардың саны күрт азайды». Ол осылай дей келе, Шу мен Балқаштың жағасында аз санды қасқыр тұқымының бар екенін мәлім етеді.

Тағы да ғалымның сөзіне кезек берсек: «1876 жылы княз Долгорукий Орталық Азия әскерлерін тексеруге келгенде, мұнда қасқыр тұқымының тым азайып кеткенін байқайды. Бірақ қасқырлардың бұл жақта өмір сүргені туралы аңыз-әңгімелердің бар екеніне көзі жетеді. Оның Орталық Азия жолбарысы сияқты осы арада ме­кендегені рас. Кезінде орыс билігі жолбарыс өлтірген әр адамға он рубль сыйақы бер­ген. Ал оның терісі бұл сомадан екі есе қым­бат. Сондықтан бұл территорияда жол­барыстың саны да азайды», деп дабыл қағады.

Келесі беттерде зерттеуші қазақ жыл­қы­сының кескіні, оның асылтұқымы, қа­ра­байыр нәсілінің төркіні, қазақ тазы­сы­ның алғыр да аң аулауға шебер екенін баяндайды. Сонымен қоса 1876 жылы Г.По­та­ниннің Алтай тауларынан асып өтіп Зай­сан, Құлжаға барып, одан әрі қазіргі Қы­тайдағы қазақтар қоныстанған Бурылтоғай өңіріне атбасын бұрғанын, 14 күндік сапарында ол Үліңгірдің шығыс жағы, Қара Ертіс пен Дөрбілжіңге дейін шарлағанын айтады. «Ресей қол астындағы мемлекеттерге қатысты айыптау жоспарын жасады. Хиуаның солтүстігіндегі қазақтар мен оңтүстігіндегі түрікмендердің құл базары болып қала беруі кез келген өркениетті державаның өз билеушісіне оң көзбен қарамауы еді» дейді ол.

Сол кездегі Қоқан хандығы мен Хиуа өңіріндегі тарихи жағдайларға да ол жіті назар аударып, оны оқырмандарына жет­кізуді мақсат еткенін түсінгендей боламыз. «1841 жылы генерал Перовскийдің Хиуа экспедициясының сәтсіздігі үшін кек алу схемасы британ офицерлерінің ықпалы­­­мен әрекет еткен ханның бітімгерші­лік ша­ра­ларынан бас тартуға мәжбүр болды, ­орыстар алғаш рет бұл ұсынысты қарастыра бастады. Орынбор даласы арқылы қазақтың Орта жүзі мен Қоқан ханы қолындағы елге қарай кіру қада­мын ілгерілетті. Бұл кейінгі жорықтарда ең алдымен қырғыздарды қудалау және мәжбүрлеуге әкелді. Соның нәтижесінде, әуелі оларға қарсы бірнеше экспеди­ция жіберілсе, одан кейін тиімді жерлеріне бе­кіністер салу арқылы жүзеге асырылды. Бұл шараларды генерал Перовский мен генерал-губернатор Обручев күшпен жүзеге асырды. Қазақтың мықты көсемдерінің біразы шайқаста өлтірілді немесе тұтқын­ға алынды, қазақ тайпаларына тиесілі ұлан-ғайыр мекенде бірте-бірте бейбітші­лік орнады. Осылайша, негізгі кәсіпорын­ға жол ашылды, Сырдарияға қарай ілге­рі­леу болды». Оның айтуынша, қазақтар орыстың кісені қоқандықтардан жұмсақ емес екенін сол кездің өзінде-ақ түсіне бастағанын, олардың Ресейге көмек көр­сету арқылы тәуелсіздіктен айырылмау­ға тырысқанын, дәл осы сәтте араларынан елді ұйыстыратын, тіпті кәнігі жауға қарсы тұруға қабілетті адам шыққанын жеткізеді.

«Бұл қолбасшының аты – Есет Көтібар­ұлы. Оның шешендігі өз жақтастарын бір араға топтастырды, орыстарға қарсы соғыс жариялауы қазақ киіз үйінің маңындағы жиналыста айтылды. «Олардың аттары мен қарулары бар, бізде де бар емес пе? Біз мұхиттың жағасындағы құмдай көп емеспіз бе? Қай жаққа бұрылсаңыз да, қазақты табасыз. Ендеше, біз неге бірнеше бейтаныс адамға бағынуымыз керек?». Автор құдды Есет батырдың қасында отырғандай оның жорық сөзін осылай кейінгі ұрпаққа таратып отыр деп жаза келе: «Осындай батыл сөздерімен Көтібарұлы қазақтардың көкірегіне қайсарлық ұялатты. Оның бұл әрекеті көптеген ел ағасын ұялтып, нәтижесінде, біраз уақытқа дейін ішкі жақтан ыдыраған қазақтар Ресейге қарсы тұру үшін одақтас болды. Бес жыл бойы Көтібарұлы Ресеймен шекаралық соғыс жүргізді.  Оның соғыстағы шеберлігі мен батыл іс-қимылы бірнеше рет орыс әскерлерінің таңдаулы қару-жарағы мен сақадай сай тәртібін бұзып-жарды. Кей деректерге сүйенсек, ол кейін келе ізбасарларының арасындағы келіспеушілік себебінен Ресей билігі ұсынған шарттармен келіскен» дегенді қосады.

Шындығында, кезінде орыстардың қазақ жеріне көз алартуы, отарлап алуға ұмтылыс жасауы үлкен саяси мақсаттармен бірте-бірте жүзеге асқаны мәлім. Бұған дәлел Есет Көтібарұлы берілгеннен кейін орыстардың Сырдария жағасына екінші рет жорық бастауы, 1859 жылы Форт-Перовскийден оңтүстік-шығысқа қарай сексен миль қа­шықтықта орналасқан қоқандықтардың Шолаққорған бекінісіне шабуыл жасағаны, одан кейін орыстардың Жаңақорғанды басып алуын деректермен айтуға болады. Осының салдарынан Сырдария маңындағы Түркістан қаласына, сондай-ақ Қаратау жотасының солтүстігіндегі қазақтар арасына, анығын айтқанда, Әулиеатаға қарсы үлкен шабуыл жасайды.