Спорт • Бүгін, 16:15

2026 жылы Қазақстанда FEI халықаралық ат спорты жарыстары өтеді

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қытайдың Гонконг қаласында Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) Бас ассамблеясы өтті. Бұл – әлемдік ат спортының даму бағытын айқындайтын жыл сайынғы маңызды жиын. Биылғы жиынға ұйымға мүше 132 елдің ішінде 87 ұлттық федерацияның делегациясы қатысты. Қазақстан 1993 жылдан бері FEI құрамына кіріп, жыл сайын ассамблея жұмысына қатысып келеді, деп жазады Egemen.kz.

2026 жылы Қазақстанда FEI халықаралық ат спорты жарыстары өтеді

Фото: ҰОК

 

1921 жылы құрылған Халықаралық ат спорты федерациясы ғасырдан астам уақыт бойы әлемдік жарыстардың ережесі мен жүйесін қалыптастырып келеді. Биылғы талқылауларда қазақстандық делегация конкур мен виъездка салаларындағы ережелерді жетілдіру, Олимпиада ойындары мен 2026 жылы Аахенде өтетін әлем чемпионатына іріктеу форматын өзгерту мәселелерін көтерді. Сондай-ақ спортшылардың қауіпсіздігі мен жылқылардың әл-ауқаты, цифрлық ветеринарлық паспорт жүйесін енгізу және ашық әрі кәсіби басқару үлгісін дамыту тақырыптары қаралды.

6–7 қараша күндері өткен пленарлық отырыстар мен дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстанға 2026 жылы FEI аясындағы үш халықаралық жарысты өткізу құқығы берілді. Олардың қатарында Әлем кубогының кезеңі, FEI World Cup Challenge финалы және Еуразиялық лига финалы бар. Бұл шешім еліміздегі ат спортын жаңа деңгейге шығарып, қазақстандық спортшыларға халықаралық рейтингтік ұпайларды өз елінде жинауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар шетелдік жарыстарға қатысу шығынын азайтып, жүйелі дайындыққа жол ашады.

ат спорты

Қазақстан ат спорты федерациясы президентінің кеңесшісі Сергей Буйкевич бұл шешімнің маңызын атап өтті:

«Кубок кезеңі мен FEI World Cup Challenge финалын өткізу құқығын алу – еліміздегі ат спортының жүйелі дамуы үшін маңызды қадам. Қазақстандық спортшылар алғаш рет халықаралық ұпайды өз жерінде жинай алады. Жас шабандоздар үшін де бұл – әлемдік финалдарға қатысудың бірегей мүмкіндігі. Енді біздің міндетіміз – ұйымдастыру деңгейін жоғары ұстап, осы мүмкіндікті спортшыларды дайындау жолында тиімді пайдалану»,  деді ол.

FEI президенті Ингмар де Вос, ұйымды 12 жыл басқарғаннан кейін Халықаралық Олимпиада комитетіне ауысатынын мәлімдеп, Қазақстанның бастамасын жоғары бағалады. Ол біздің елде турнирлер өткізу федерацияның географиясын кеңейту және жаңа елдерді жаһандық спорт күнтізбесіне қосу саясатына сай келетінін айтты.

Қазақстан делегациясы сонымен қатар жаттықтырушыларды даярлау жүйесін жетілдіру және спортшыларды халықаралық сертификаттау жобаларын ұсынды. Бұл бастамалар FEI және Olympic Solidarity тарапынан қолдау тауып, Coaching System бағдарламасын енгізу жөнінде келісім жасалды.

Ассамблеяның қорытынды сәтінде Longines FEI Awards марапаттау рәсімі өтті. Онда жыл үздіктері атанған спортшылар, жаттықтырушылар және жарыс ұйымдастырушылары марапатталды.