Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Су ресурстары және ирригация министрлігі СҚО-ның 42 ауылын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жобаларын мерзімінен бұрын аяқтады.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдің төрт ауданындағы 22 мың ауыл тұрғынын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған үш жаңа су жүйесін іске қосу рәсіміне қатысты.
Министрлік топтық су құбырларын реконструкциялау және салу бойынша екі жобаны жоспарланған мерзімнен 1,5 жыл бұрын аяқтады. Тағы бір жоба аяқталуға жақын.
Қазіргі таңда Тайынша және Ақжар аудандарындағы елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау мақсатында Булаев топтық су құбырынан су тарту тармақтарын салу бойынша екі жоба толық жүзеге асырылды.
Тайынша ауданындағы 13 ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 170 шақырым болатын су құбыры мен сорғы станциясы салынды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың сәуірінде басталып, қазан айында аяқталды. Ал бастапқы жобада құрылыс мерзімі екі жыл деп жоспарланған болатын.
Булаев топтық су құбырының жаңа су тарту тармақтарына қосылған Тайынша ауданының ауылдары бұрын-соңды орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған емес. Бұған дейін бұл елді мекендер суды ұңғымалардан, құдықтар мен блок-модульдерден алып келген. Енді тұрғындар суды үйлеріне тікелей тарта алады.
Ақжар ауданында Булаев топтық су жүйесінен ұзындығы 123 шақырым болатын су тарту желілері салынды. Бұл жоба да екі жылға есептелген еді. Бұған дейін бұл ауылдарда да су ұңғымалар мен құдықтардан алынып келген. Алайда судың сапасына қатысты сұрақтар болғандықтан жергілікті тұрғындар оны тұрмыстық мақсатта пайдалана алмаған.
Аяқталуға жақын тұрған үшінші жоба Көкшетау топтық су құбырынан жалпы ұзындығы 220 шақырым болатын су тарту желілерін салуды көздейді. Бұл желілер Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау және Шал ақын аудандарындағы 24 ауылды қамтиды. Қазіргі таңда мердігер ұйым негізгі жұмыстарды толық орындап, су құбырларын іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұл елді мекендер бұған дейін орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған емес. Су тарту желілері салынғанға дейін 24 ауыл да суды ұңғымалардан, құдықтар мен блок-модульдерден алып келген.
«Жаңа су құбырлары сапалы ауыз суды үйлерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ауылдарда мұндай жүйе бұрын-соңды болмаған. Су жүйелерінің құрылысы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын едәуір жақсартып, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамытуға негіз қалайды. Мемлекет басшысының қазақстандықтарды ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында биыл барлық үш жобаны аяқтау үшін қажетті шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта министрлік 950 мыңнан астам адамды ауыз сумен қамту үшін 2,4 мың шақырымнан астам су құбырын салу және реконструкциялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ елдің 9 өңірінде 29 жоба жүзеге асырылуда», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.