Тәрбие • Кеше

Тәрбиенің әлеуеті – ұлттық мінезде

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тәрбие саласындағы жағымсыз ахуалдың туындауының негізгі себептері тереңде жатыр. Жаһандану заманында қазақ қоғамына Батыстан ентелеп кіре бастаған либералдық негіздегі әртүрлі қитұрқы «концепциялар» мен жұртты ішінен ірітіп-шірітуге бағытталған саяси технологиялар ұлттың табиғатын теріс бағытта өзгертуде «әжептәуір нәтижеге» қол жеткізіп үлгерді.

Тәрбиенің әлеуеті – ұлттық мінезде

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Қоғам барған сайын ала-құла болып, оның берекесі кетіп, жас ұрпақтың тәрбиесі құрдымға кетіп, шырқы бұзыла түспек. Мұндай жағдайда етек-жеңді жиып, жас ұрпақ тәрбиесі мәселесіне тек ұлттық мүдде негізіне сүйене отырып ерекше мән-мағына мен басымдық берген абзал. Өйткені қоғамның әлеуметтік-мәдени негіздерін либералдық «құндылықтар» арқылы шаюға бағыт­талған әрекеттердің нысанаға алып отырғаны – халықтың мәдениеті. Осылайша, неолибералдық демократия кез келген халықтың мәдениетін соғыссыз-ақ әлсіретіп, елдің ішкі дамуының әлеуетіне, әсіресе, оның рухани болмысына қолын сұғады. Нәтижесінде, мәдениет пен өнерді азғындату үдерісі жан-жақты өріс алады. Яғни өнерді адамсыздандыру үдерісі барысында моральдық-этикалық құндылықтардан бас тарту кезеңі басталады. Мәселен, 1997 жылы 9-11 жастағы балалар арасында өткізілген кейбір шетелдік зерттеу­лерде қоғамдасу мен мейірімділік ұғымдары басым құндылықтар қата­рын­да атақ, даңқ пен абырой он алтының ішінде 15-орында болса, ал, 2007 жылға қарай даңқ бірінші орынға көтеріледі де, одан кейін табыс, имидж, танымалдылық және ақша орналасады. Жоғарыдағы қоғам­дасу мен мейірімділік түсініктері тиісінше 11 және 12-позицияға түсіп кетеді. Осыдан болар, аталған жастағы жасөспірімдердің ортасында «жұлдыз» болғысы келетіндер мен бақытты ақшаға сатып алуға болады дегенге сенетіндердің саны күрт өсіп, үлкейгенде кім боласың деген сұраққа «бай болғым келеді» дейтіндердің қарасы көбейген көрінеді.

Қоғамды түбегейлі қайта құру дәуіріндегі либералдық үдерістер азаматтық ортадағы мәдениеттің рөлін жоққа шығаруға бағытталған үрдістің негізін қалады. Нәтижесінде, ол елдегі мәдениет саласындағы институттардың мазмұнына тікелей теріс ықпал етіп, оның қызметін де түп-тамырымен өзгерте бастады. Осыдан барып бүкіл рухани сала «демократияландырылып», коммерция­­лан­дырылып, мәселенің мазмұнынан гөрі ондағы болып жатқан үдерістерге басымдық берілген кезең туды. Қоғамда бұқаралық мәдениет үстемдік құрып, күнделікті өмірде ойын-сауық пен әлеуметтік желілердегі ақпарат мәдениеті кең етек ала түсті. Осылайша, мәдениет пен өнер туын­дылары көңіл көтеруге арнал­ған өнім ретінде қарастырылып, коммер­ция­лық мүдделер мен сән трендтерінің бақы­лауына көшті. Қоғамның рухани даму пәрменінің әлсіреуі, біреуге елік­теу, басқаға икемделу, батыстық дүние дегеннің бәріне «сиыну», оған толық­тай мойынсұнып, қабылдауға ұрындырды.

Бұл қоғамның бірлігі мен оның әлеуетін әлсіретіп, мемлекеттіліктің негізіне қауіп төндіре бастады. Ол ендігі жерде дәстүрлі отбасының рәміздік мәнісін жойып, ондағы ананың рөлін төмендетіп, оны тек үй тәрбиешісі деңгейіне түсіріп, балалары алдындағы қадір-қасиетінен жұрдай етуге кірісті. Демек, елді мәдениетінен айырғың келсе, онда алдымен отбасынан бастап, содан кейін білім мен ғылым жүйесін өзгерту керек екен. Ал мұғалімдердің деңгейі төмендесе, оның қоғамдағы құны түсіп, ол бұрынғы беделі мен құрметінен айырылады. Нәтижесінде, оларды оқушылар мен студенттер сыйламайтын, тіптен мойындамайтын ахуал қалыптасады. Осымен қатар олар мемлекеттік басқару жүйесіне шүйлігіп, жан-жақтан анталап, оны оңды-солды сынауды күшейтеді. Яғни мемлекетті басқарып, жұртты ұйыстырып, оларға жол көрсете алатын және халық арасында беделі бар азаматтардың ықпалын азайтып, абыройын кетіріп, олардың да халық алдындағы беделіне нұқсан келтіреді.

Бұл қитұрқы саясаттың мақсаты – қоғамды жас ұрпақты жөнге салатын, оларды ұлттық рухта тәрбие­лейтін әлеуетінен айыру. Осы тәрбие жүйесінің бұзылуы салдарынан бүгінгі қазақ қоғамында бойкүйездік пен масылдық синдромы орын алып отыр. Бастары былыққа толған аяқ-қолы сау, еңбекке жарамды жаста­ғылардың бір бөлігі алдынан шыққан қиындықты еңсеруге ерініп, әрекет етпей, масылдыққа бой ұрған. Олар мемлекеттен əлеуметтік көмек алуға дәндеп, қоғамдағы дүниенің қадірін білмейтін жалқауларға айналды. Сонысына қарамай олар қит етсе, кез келген мәселенің төңірегінде ашық арандатушылық мазмұнындағы қақтығысқа шығуға дайын тұрады. Ондайлар ел ішіндегі және сыртқы ықпалды кейбір күштерге арқа сүйеп, наразылық атын жамылған әлеуметтік тәуелділіктің деңгейін одан бетер шиеленістіруге күш салады.

Үрдіске айналып бара жатқан қазіргі осы үдеріске қарсы тұру үшін ұлттық құндылықтар мен ұлттық мінезді тәрбиелеуге бет бұру қажет. Оны халқымыздың дәстүріне негіздел­ген тәрбие арқылы іске асырған жөн. Жас­тардың іс-әрекеті мен мінез-құлқын ескере отырып, жас ұрпақ тәрбиесінің негізгі бағыттары мен мазмұнын ұлттық мінез қалыптастыру тұрғысынан анықтаған дұрыс. Әрине, бұл жерде отбасы тәрбиесіне ерекше мән берілгені абзал. Өйткені бүгін дәстүр, ұлттық құндылықтар мен отаншылдық мінезді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сабақтастықты сақтау осы отбасындағы тәрбиеге тікелей байланысты. Оның қазақ отбасындағы ата-анаға құрмет пен үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлықтан бастау алып, әділдік пен табиғатпен үй­лесім­ді өмір сүру салтымен жалғасуы шарт.

Мемлекет басшысының Ұлттық құрыл­тайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші оты­ры­сында жариялаған қағидатының мазмұнын оның ұсынған «Адал азамат» ұғымы түгел қамтып отыр. Президент айтқандай, бұл Əділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Ол Мемлекет басшысы берген тапсырмасына сәйкес дайындалған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына ұласып, тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда мектеп пен ата-аналардың арасындағы тығыз байланысты орнатуды талап етеді. Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» құжатта отаншылдық, жауап­кершілік, ынтымақтастық, жасам­паз­дық пен жаңашылдық секілді іргелі құндылықтарды кеңінен дәріптеп, өскелең ұрпақтың бойына сіңірудің маңыздылығына ерекше мән берілген.

Ендеше, осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беру керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін жəне табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни бұл жерде адалдық пен əділдік бəрінен биік қойылып отыр. Демек озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғамның сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтар мен ұлтымызға тән мінез-құлық пен адами қасиеттердің орнықтырылуының маңызы зор. Əрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болғанда ғана, елімізде əділ қоғам орнайды. Яғни бұл «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – үш тағаны Қазақстанның озық əрі табыс­ты елге айналуының басты кілті деген сөз.

Олай болса, ұлттық мінездің ұлт­тың болмысын құрайтын құбылыс және ха­лық мәдениетінің, әдет-ғұрыпы мен салт-дәстүрінің әрекеттегі көрінісі ретіндегі әлеуетін іске қосқан жөн. Өйткені тек ұлттық мінез ғана ұлт­тық бірлік, ұлттық бірегейлік, ұлт­тық болмысты қалыптастыруға негіз бола алады.

 

Жапсарбай Қуанышев,

қоғам қайраткері