Қала әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың пікірінше, мәслихат сессиясында кейбір көшелер мен өткелдерге ерлікпен қаза тапқан ерлердің есімін беру туралы шешім қабылданған.
«Әр өңірде ерлігі ұмытылмас ерен ұлдар кездеседі. Осындай есімдері ел есінде сақталуы тиіс біртуар перзенттерімізді жас ұрпақ білуі қажет. Мәселен, «Самал» шағын ауданындағы №2 өткел Атырау облысының Құрметті азаматы, майдангер Орынғали Қарасаевтың атымен аталған көшеге айналды. Ол Қиыр Шығыста 13-теңіз атқыштар бригадасының танк полкінде қызмет еткен. Қанқұйлы соғыстан кейін туған жеріне тек 1947 жылы оралды. Кеңес дәуірінде облыстық деңгейде басшылық қызметтер атқарып, 20 жылдан астам уақыт облыстық ардагерлер кеңесін басқарды.
Ал Луговая көшесіне Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі берілді. Ұзындығы шамамен бір шақырымға жуық көше «Авангард» тұрғын алабының 2 және 4-шағын ауданының арасымен өтіп, «Мерей» базарынан Отбасылық саябақ пен Жеңіс саябағына қарай созылып жатыр. Бұған дейін Хиуаз Доспанованың есімі «СМП-163» шағын ауданындағы көшелердің біріне берілген болатын. Енді бұл көше «Наркескен» деп аталды», деп хабарлады Мейіржан Мұқасов.
Әкім орынбасарының дерегіне сүйенсек, №14 және 15-өткелге қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан екі полиция қызметкерінің есімі берілген. Енді бұл өткелдер атауы бар көшеге айналды.
«Мәселен, Шалқар Ақымғалиев жол-патрульдік полиция батальонында қызмет атқарған. 2019 жылы Жайық өзеніне батып бара жатқан қызды құтқару кезінде қаза тапты. Ал, кіші сержант Нұрберген Өтемісов кезекшілік кезінде қудалаудан қашып бара жатқан құқық бұзушының көлігін тоқтатпақ болған. Сол кезде автокөлік қағып кетіп, алған жарақаттарының салдарынан көз жұмды», деп мәлім етті Мейіржан Мұқасов.