Қоғам • Кеше

Қазақ тіліне құштар француз қызы

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары әлемнің түкпір-түкпірінде қазақ тілін үйренгісі келетін шетел азаматтарының қатары көбейіп келеді. Әсіресе Еуропа, Түркия, Қытай және АҚШ елдерінде қазақ тілін оқытатын арнайы орталықтар, онлайн курстар мен клубтар ашылып жатыр. АҚШ-тағы Джордж Вашингтон, Гарвард университеттері және Аризона жоғары оқу орындарында қазақ тілі бойынша арнайы бағдарламалар енгізілген.

Қазақ тіліне құштар француз қызы

Бірнеше жыл бұрын париж­дік бойжеткен интернеттен Қазақстан туралы жазба оқып, өз өмірінде бетбұрыс жасайды. Сол сәттен бастап оның қазақ еліне деген ерекше қызығушылығы оянады. Оның есімі – Элиз Пакето.

Бірде ол елімізді көзбен көріп, тамашалауға Каспий жағалауындағы Ақтау қаласына келеді. Бұл қалада халықтың басым бөлігі қазақ тілінде сөйлей­тінін байқаған ол ана тілімізді үйренуге ниеттенеді. «Маған қазақ тілінің әуезі қатты ұнады. Адамдармен шынайы байланыс орнату үшін олардың ана тілін білу маңызды деп ойлаймын», деген ойға келгенін айтады.

Оның айтуынша, басты қиындық – қазақ тілін үйрететін сапалы ресурстың аздығы. «Көп материал орыс тілінде, кейбірі түрік тілінде. Ал ағылшын ті­ліндегі материалдар өте аз, фран­цуз тілінде мүлде жоқ десе де болады», дейді ол. Соған қарамастан, қазақ тілін үйренуді тоқтатпапты.

«Ең үлкен әрі керемет тосынсый қазақ халқы­ның ынтасы мен қолдауы бол­ды. Кейінгі кезде, әсіресе бейне­­жаз­баларымның астындағы пі­кір­лерде олардың қолдауы мені одан әрі құлшынуға, бар күшімді са­лу­ға жігерлендірді. Қазақ тілі мен мәдениетіне деген қызығушылығым арқылы тамаша адамдармен таныстым. Бұл тілді үйрену мені қазақ мәдениетіне біртабан жақындатты. Тіпті қазақ тілін үйренгісі келетін өзге адамдардан да хабарламалар алып жүрмін. Олар менен кеңес немесе үйренуге арналған материал­дар сұрайды, ал мен оларға көмектесуге тырысамын», дейді ол әсерленіп.

Француз қызы Элиз Пакето Париждегі қазақ мәдени орта­лығына жиі барып тұрады екен. Сенбі күндері болатын қазақ тілі сабақтарына қатысып, тіл игеру мен сөйлеу дағдысын дамытады. Осы орталықта ол көптеген дос­ тауып, қазақ мәдениетімен тереңірек танысады.

Қазақ тілін үйренгісі келе­тіндерге ол былайша кеңес береді: «Қорықпаңыздар! Басында қиын көрінуі мүмкін, бірақ қазақтар сіздің әрбір талпынысыңыз­ды жоғары бағалайды және көмек­тесуге дайын. Қазақ тілі — әдемі әрі үйренуге тұрарлық тіл. Грамматикасы күрделі болып көрінгенімен, уақыт өте оның логикалық тұрғыдан жүйелі екенін түсі­несіз. Тілді үйрену – марафон, ал марафонды аяқтаған сайын сіз жаңа мәдениеттің есігін ашасыз».

Парижде тұратын Элиздің алдағы жоспары да тамаша. Ол қазақ тілін жақсы меңгерген соң, қазақтілді­лерге француз тілін үйретуді, екі тілде кітаптар шығаруды, қазақ тілін үйренгісі келетіндерге арнап француз және ағылшын тілдеріндегі оқу құралдарын құрастыруды, сон­дай-ақ Франция мен Қазақстан арасын­дағы мәдени жобаларға қатысуды көздейті­нін айтады. «Мен екі ел арасындағы мәдени көпір болғым келеді. Ал қазақ тілі – осы көпірдің ең берік іргетасы», дейді Элиз сеніммен.