Театр • Бүгін, 08:18

Тараздағы театрлар бәсекесі

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл өңір мәдениетінің қара шаңырағына айналған А.Тоқпанов атындағы облыстық Қазақ драма театры 90 жылдық торқалы тойымен қатар, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, Қазақстанның халық әртісі Асқар Тоқпанұлының 110 жылдық мерейтойын тойлап жатыр. Екі бірдей мерейлі дата аясында Таразда республикалық театр фестивалі ұйымдастырылды.

Тараздағы театрлар бәсекесі

Суретті түсірген – Ақәділ Рысмахан

Үлкен сахнада Асқар Тоқпановтың бейнесі көрсетіліп, жасанды интеллект арқылы қайта жаңғыр­ған даусы көпшіліктің назарына ұсынылды. Іс-шараға арнайы әзір­ленген миниатюралар мен көріністер көрерменді айрықша әсерге бөледі. Театр тойына ар­найы қатысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев қазақ саха­расының әр бұрышынан келген меймандарға құрмет көрсетті.

«Елімізде өнер мен мәде­ниетке, соның ішінде театр саласына тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Өйткені театр сахнасында көтерілген әрбір мәселе – қоғамның бүгінгі тынысы. Мұнда қойылым ғана емес, өмірдің өзі өріледі.

Президентіміз өз сөзінде: «Тәуелсіздік жылдарында мәде­ниет саласында көп жұмыс атқа­рылды. Сахна өнеріне құштар жастардың көбеюі – қуанышты жайт. Әсіресе аймақтарда театр­ларды салуға және дамытуға ерекше мән беру керек», – деп атап өткен болатын. Бұл бас­тама өңірімізде көптен бері көтеріліп жүрген мәселенің бірі – жастар театрының ашылуына түрткі болды. Халық сұранысын ескере отырып, «Тараз» жас­тар театры студиясы ашылып, өңірдің мәдени өміріне жаңа серпін берді», деген Ербол Шырақпайұлы мәдениетке қыз­мет еткен бірқатар азаматты «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғысхатпен марапаттады.

КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Асанәлі Әші­мов, Қазақстанның халық әртісі, театр қайраткерлері ода­ғының төрағасы Тұңғышбай Жаман­құлов жүрек төрінде сақталған есті естеліктерін айтып, Асқар Тоқпановтың қазақ өнеріндегі орны туралы толғамды ойларымен бөлісті.

Фестиваль шымылдығы Мей­рам Хабибуллиннің қоюымен С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық драма театры сахналаған Георг Бюх­нердің «Войцек» драмасымен ашылды. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры фестивальдан тыс, қонақтарға арнап Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» трагифарсын қойса, Қ.Қожамияров атын­дағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыка­лық театры Ғабит Мүсіреповтің «Қозы мен Баян» трагедиясын ұйғыр тілінде көрермен назарына ұсынды.

Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры қойған Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» трагедиясында ақ пен қара, мейі­рім мен қатыгездік ұғымдары көрініс тапты. Режиссері Гүлназ Қамысбаева болған қойылымның бір ерекшелігі – мұнда тек нәзікжандар ғана өнер көрсетті. Р.Сейітметов атындағы Түркістан сазды драма театры Әлдихан Қал­­дыбаевтың «Жалғыз желкен» шығармасын сахналады. Ре­жиссері – Айдар Наурызбаев. Мұн­да сыбайлас жемқорлықпен кү­рес – оқиғаның негізгі өзегі. Тіп­ті үлкен лауазым иесі ешқан­дай ке­дергіге қарамастан жем­қор­лықтың тамырын үзбекші бо­ла­ды. Фестиваль шымылдығы Б.Ри­­мо­ва атындағы Талдықорған драма театры сах­на­­­­лаған Алек­сандр Воло­дин­­­нің «Кездесу мен қоштасу» атты дра­масымен жабылды.

Республикалық театр фести­валінің қазылар алқасына Мұх­тар Әуезов атындағы Қазақ ұлт­тық театрының директоры, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері Еркін Жуасбек төрағалық етті. Қазақстанның халық әртісі Тұң­ғышбай әл-Тарази, өнертану ғылымдарының кандидаты Бақыт Нүрпейіс, «Құрмет» орденінің иегері, режиссер Қуандық Қасы­мов, Темірбек Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер акаде­миясының профессоры Меруерт Жақсылықова қазылар құра­мы­нан табылды.

«Үздік актерлік дуэт» аталы­мы Б.Римова атындағы Талды­қорған драма театры ұсынған «Кездесу мен қоштасу» драмасындағы актер Аман Қожабеков пен актриса Ғалия Темірбаеваға беріл­ді. «Үздік ер адам бейнесі» Қ.Қожамияров атындағы рес­пуб­ликалық мемлекеттік акаде­миялық ұйғыр музыкалық комедия театрының «Қозы мен Баян» трагедиясындағы Қарабай рөлін сомдаған Ділшат Аманбаевқа, «Үздік әйел адам бейнесі» С.Қо­жамқұлов атындағы Ұлытау облы­сының қазақ музыкалық драма театрының «Войцек» дра­ма­сындағы актриса Гүлден Сейт­кеноваға тапсырылды.

«Үздік режиссура» аталы­мына режиссер Мейрам Хаби­буллин, «Асқар Тоқпанов атын­дағы арнайы сыйлық» аталымы Асқар Тоқпанов атындағы облыс­тық қазақ драма театры «Бақыт­сыз Жамал» спектаклі, «Ең үздік қойылым» аталымына С.Қожам­құлов атындағы Ұлытау облы­сының қазақ музыкалық драма театры «Войцек» туындысымен ие болды. Барлық аталым үшін диплом және қаржылай сый­лықтар табыс етілді.

 

Тараз