Білім • Кеше

Зерделі зерттеуші

150 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары отандық ғылымдағы зерделі жас зерт­теуші­лердің жетістіктеріне тәнті боласыз. Солар­дың бірі – Қазақ ұлттық қыз­дар пе­даго­­ги­ка­­лық универ­­­­ситетінің оқытушысы, хи­мия сала­сынан PhD Мөлдір Әбдірайымова.

Зерделі зерттеуші

2018 жылы Қазақ ұлттық қыз­дар педагогикалық универ­си­тетінің бастамасымен құрыл­ған жас педагог-ғалымдар қауым­дастығының төрағасы ретінде Мөлдір Рашидқызы еліміздегі жас зерттеушілерді ортақ мүдде төңірегіне топтастырды. Сондай-ақ ол былтыр Президент жанын­дағы Ұлттық ғылым академиясы жанынан құрылған Жас ғалымдар кеңесінің президиум мүшесі болып сайланды.

Бүгінде жас ғалымның 50-ге жуық ғылыми мақалалары отан­дық және халықаралық беделді ба­сылымдарда жарық көрді. Оның ішінде «SCOPUS», «Thomson Reuters» базаларындағы мақалалар және Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған журналдарда жарияланған еңбектері де бар. Осыған дейін төрт бір­дей инновациялық патенттің ие­гері, 4 әдістемелік құрал мен 3 мо­­но­г­рафияның авторы атанды. Талантты зерттеушінің жұмыс­тары халықаралық ғылыми қауым­дастықта мойындалып, «SCOPUS» базасы бойынша h-индексі – 4-ке көтерілді.

М.Рашидқызы еліміздегі бір­қатар маңызды ғылыми жобаларды іске асыруға үлес қосты. Оның қатысуымен көпфункционал­ды магниттік материалдар синтез­деліп, мультиферроиктер кластарына қатысты жаңа зерттеулер жүргізілді. Уран өндіру саласындағы технологиялық ше­шімдерге арналған бірнеше жоба оның жетекшілігімен жүзеге асты.

Жас зерттеушінің халықаралық деңгейдегі тәжірибесі де бай. Түр­киядағы Йылдыз техникалық уни­верситетінің базасында «ULAP» халықаралық ғылыми жо­­ба­сы­на қатысып, 3d-металл ке­шенді ок­сидтік магниттік нано­бөлшек­терді синтездеу бағытында зерт­теу жүргізді. Бұған дейін Ұлыбри­таниядағы Кембридж универси­тетінде, Ресейдегі Сібір федералды университетінде, Өзбекстан мен Ресейдің алдыңғы қатарлы зертханаларында тағы­лымдамадан өтті.

«Болашақ» бағдарламасы аясында Түркиядағы Йылдыз техни­калық университетінің Нано­материал және нанотехнология зертханасында ғылыми зерттеулер жүргізді. Оның ғылымдағы бағыты – жаңа инновациялық наноматериалдарды синтездеу және физика – химиялық талдама жүргізу, олардың магниттік қасиеттерін зерттеуге арналған. Сонымен қатар күрделі оксидті қосылыстар мен көміртекті нанотүтікшелер негізінде сутекті синттарымен айналысады.

Әр адамда алуан түрлі арман болатыны рас. Ал ғалымдардың арманы тіптен басқаша. Біз кейіпкерімізден өз арманы туралы сұрағанымызда, мынадай жауап алдық: «2016 жылы Ұлыбритания, Кембридж қаласы, Кембридж университеті, Кавендиш зертханасында (Quantum Matter Group) профессор Сидхарт Шанхер (Мон­ту) Саксенаның жетекшілігі­мен ғы­лыми тағылымдамадан өт­­тім. Осында Кавендиш зерт­ханасының базасындағы ғылы­ми құрылғы­ларды көріп, қатты әсерлендім. Сонда Қазақ ұлт­тық қыздар педагогикалық универ­ситетінде де осындай ғылыми база болса, онда ғалымдарымыз жұмыс істеп, өздерінің ғылыми-зерттеу­лерін әлемге әйгілесе деп арма­ндадым. Университет басшы­лы­ғының қолдауымен осы ар­манымды іске асыру мақса­тын­да өзімнің ғылыми жұмысым­ды екі жылға тоқтатып, бар кү­шім­­ді ғылы­­ми орталық ашуға ар­на­дым. Был­тыр біздің оқу ор­нын­да бірнеше бағытты қамтитын Пәнаралық зерттеу­лер орталығы ашылды», деді ол.

Ғалым айтып отырған Пәнара­лық зерттеулер орталығы – әртүр­лі салалар мен ғылыми бағыттар­ды біріктіретін терең зерттеу жүр­гі­зуге бағытталған. Қазір орта­лық­та «химия-биология-физика» бағытындағы іргелі және қол­данбалы ғылыми зерттеулер жүр­гі­зуге негізделген, болашақта басқа да бағыттар қамтылады. Осы орталықта алдағы таңда Спектрлік талдау зертханасы, Рентгендік фаза­лық талдау зертханасы, Жаңа материалдарды синтездеу зертханасы, Жаңа материалдарды синтездеу зертханасы, Кванттық магнитометриялық зерттеулер зертханасы сияқты 9 ғылыми зертхана жұмыс істемек.

Бір сөзбен айтқанда, Мөлдір Рашидқызы – ғылымға жан-тәні­мен берілген зерттеуші ғана емес, жас ғалымдарға жол нұсқап жүр­ген тәжірибелі ұстаз. Оның табан­дылығы, халықаралық тәжірибесі ғылымға адалдығы еліміздегі жас буынға үлгі болады.

Соңғы жаңалықтар

Жануар бейнесіндегі бағаналар

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:07

Ұшқышсыз тікұшақ

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:03

Көне құжаттағы уақыт табы

Архив • Бүгін, 08:58