Digital • Кеше

Армандар стартапта орындалады

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы күні жасанды интеллектіні қолданып, түрлі салада инновациялық шешімдер жасау үрдіске айналды. Мемлекет те бұл бағытқа айрықша көңіл бөліп отыр. Соның арқасында технологиялық стартаптар серпіліс жасап, нарықтағы өз орнын қалыптастырып келеді. «Digital Business» пен «Astana Hub» бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында жаңа буын компаниялар таныстырылып жатыр. Солардың ішіндегі ең үздік отандық екі жобаға шолу жасамақпыз.

Армандар стартапта орындалады

«MoonAI»

Былтыр OpenAI «GPT-4o» моделін таныстырғаннан кейін, жасанды интеллектіні іс жүзінде қолданып көрген Асхат Адхамов бұл технологияның әлемді түбегейлі өзгертетініне көзі жеткен. Сол кезеңде турларды ұйымдастырумен айналысып жүрген ол, көптеп түсетін өтініштерді жедел өң­деу мүмкін еместігін байқай­ды. Осы мәселені шешу мақса­тында Асхат тәулік бойы жұмыс істейтін, сұраныстарға автоматты түрде жауап беріп, қажетті өтініштерді іріктей алатын ЖИ-агент жасайды. Кейін дәл сондай шешімді ол басқа ком­панияларға да ұсынып, жақсы нәтиже алғаннан соң 2024 жыл­дың ортасында «MoonAI» жобасына толықтай кіріскен.

Асхаттың айтуынша, биз­нестегі ең өзекті мәселенің бірі – клиент өтініштерінің жауапсыз қалуы.

– Бастапқыда біз барлық бизнеске тән үлкен мәселені, яғни өтініштердің жауапсыз қа­луы, соның салдарынан
клие­нт жоғалту мәселесін шешуге кірістік. Мысалы, біздің тапсырыс берушілердің бірі Меккеге қажылық ұйымдастыратын компания болатын. Кейін бел­гілі болғандай, оларға өтініш­тердің көп бөлігі таңғы сағат 3-4 шамасында түседі екен. Дәл сол кезде адамдардың Мек­ке­ге бару ниеті оянады. Егер өтінішке сол сәтте жауап бермесе, күндіз адам ойын өзгертіп немесе ұмытып кетуі мүмкін. Көпшілік: «Маған тез жауап берді, демек бұл компанияға сенуге болады» деп ойлайды, – дейді жоба жетекшісі.

Дегенмен мұндай функ­ция­лар­ды ұсынатын боттар бүгін­де көп. Бірақ «MoonAI» агент­терінің басты ерек­ше­лігі – терең интеграция. Асхат­тың сөзіне қарағанда, өзге ком­паниялардың шешім­дері тест кезінде тамаша көрін­гені­мен, шынайы өмірде дұрыс нәтиже бермейді. Себебі адамдар әртүрлі жазады, яғни­  диалект қолданады, қате жібе­реді, аудио немесе файл жүк­тей­ді, бірнеше тілді аралас­тырады. ЖИ мұндайда шатасып, қарапайым сұрақтарға жауап бере алмай қалады.

Осы күнге дейін «MoonAI»-мен 160-қа жуық компания жұмыс істеп үлгер­ген. Қазіргі уа­қытта коман­да­да 19 маман бар.

 

л

«Vetra AI»

Жасанды интеллект нары­ғында жұмыс өнімділігін артты­руға арналған шешімдер күн сайын көбейіп келеді. Солардың ішінде жас стартапер Дамир Ысқақов құрған «Vetra AI» ерек­ше көзге түсіп отыр. Бар болғаны 18 жастағы Дамир операторлық тапсырмаларды автоматтандыратын жүйе жасап, «Google» мен «OpenAI»-дан 200 мың доллардан астам грант ұтып алды.

«Vetra AI» – хабарламаларды, файлдарды және дауыстық жазбаларды автоматты түрде тапсырмаға, кездесуге және ес­кертпеге айналдырып, күнтіз­бемен синхрондайтын жасанды интеллект негізіндегі көмекші.

Жоба авторының айтуынша, қазіргі таңда негізгі қиындық – ақпараттың тым көптігі.

– Бұл идея биыл наурыз айын­да өз басымнан өткен қиын­дық­тан туды. Күн сайын жи­налып қалатын тапсырма­лар, дедлайндар, хат-хабарлар, Zoom кездесулер, сілтемелер мен дауыстық хабарламалар көбейгені соншалық, жоспар құрудың өзіне біраз уақыт кете­тін болды. Сол кезде осыған нақ­­ты қанша уақытым жұмса­латы­нын есептеп көрдім де, өзім таңғалдым. Аптасына 5-7 сағат тек жоспарлауға кетеді екен. Ал менеджерлерде бұл көр­сеткіш тіпті жұмыс уақы­ты­ның 20%-ына дейін барады. Осыны көрген соң, бұл үде­ріс­ті автомат­тандыруға болатынын түсіндім. Сөйтіп, тү­сетін ақ­паратты өзі талдап, рет­теп отыра­тын жасанды интел­лектіге негізделген көмекші жасау идеясы пайда болды, – дейді Д.Ысқақов.

Дамир стартапты Telegram арқылы іске қосқан. Өйткені көптеген қолданушыға бөлек қосымшаны жүктеу ыңғайсыз, ал мессенджер – күнделікті қолданатын құрал.

Бүгінде стартаптың алғашқы қолданушылары – фрилансерлер, студенттер және шағын биз­нес өкілдері. Компания айына 15 долларлық жазылым ұсынады. Команда жақын уақыт­та веб-нұсқасын іске қосып, халықаралық нарыққа шығуды жоспарлап отыр. 

Соңғы жаңалықтар

Жануар бейнесіндегі бағаналар

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:07

Ұшқышсыз тікұшақ

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:03

Көне құжаттағы уақыт табы

Архив • Бүгін, 08:58