Саясат • Бүгін, 08:48

ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастық нығая береді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы Алексей Роговпен кездесті.

ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастық нығая береді

Палата спикері сұхбат­тасу­шыны Кеңсе басшысы болып тағайындалуымен және аталған қызметке ресми түрде кірісуі­мен құттықтады. Сондай-ақ ол қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа қатысты маңызды мәселелер бо­йынша шешім қабылдауда Ұйым Шығыс пен Батыс арасын байланыстыратын «көпір» ретінде үлкен әлеуетке ие екеніне назар аударды. Сенат төрағасы Қазақстан ЕҚЫҰ-мен және оның институттарымен нәтижелі серіктестікті әрдайым жоғары бағалайтынын да атап өтті.

«Қазақстан Парламентінің депутаттары ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының сессияларына, оның комитеттерінің жұмысына және байқау миссияларына белсенді қатысып келеді. Біз ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесімен де нәтижелі жұмыс істейміз. Біздің серіктестігіміз Астана декларациясында бекітіл­ген қауіпсіз қоғамдастық құруды көздейтін ортақ ұстанымға табан тірейді», деп М.Әшімбаев Қазақстан ЕҚЫҰ-мен барлық бағытта өзара ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға мүдделі екенін тілге тиек етті.

Сонымен қатар Сенат төраға­сы Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың іске асырылу барысына тоқталды. М.Әшімбаев атап өткендей, өзгерістер Әділетті Қазақстан тұжырымдамасын жүзеге асыруға арналған. Кез­десуде палатаның заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау, инклюзия, демократияландыру және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу салаларын қамтитын заңнамалық қызметіне де баса мән берілді.

Сұхбат барысында тараптар парламентаралық байланыстарды кеңейтудің басым бағыттарын белгілеп, бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде пікір алмасты.

Өз кезегінде А.Рогов Қазақстан мен ЕҚЫҰ ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға мүдделі және жоспарланған жобаларды бірлесіп іске асыруға дайын екенін жеткізді. Тараптар Қазақстан Парламенті мен ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесі­нің өзара іс-қимыл нәтижелерін де талқылады. Сондай-ақ Кеңсе басшысы трансшекаралық сын-қатерлерге қарсы күрес, қоршаған ортаны қорғау, адами өлшем­дер­ді күшейту және Орнықты даму мақсаттарының күн тәртібі саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері туралы айтты.