Руханият • Бүгін, 08:33

«Әбіш әлемі»: сыр мен сандық

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Жазушылар одағы Астана филиалы «Қаламгер ұстаханасы» жобасын бастағанын елордалық әдеби-рухани орта жақсы біледі. Осы уақытқа дейін де бірнеше автордың дәрісін тыңдадық. Аталған жобаның кезекті отырысы белгілі әдебиеттанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахмановтың «Әбіш әлемі» атты дәрісіне арналды. Бір қызығы, енді мұндай елордалық дәрістер қаламгерлер жақын тұратын кітапханаларда өткізіледі. Бұл бас қаланың бар аумағы дәріске қатыса алады дегенді аңғартады. Қаламгер мен кейіпкер арасындағы шығармашылық һәм өмірлік байланыс қалай өріліп, көркемдік сипатқа ұласқанына құрылған сырлы сұхбаттан біз де құр қалмадық.

«Әбіш әлемі»: сыр мен сандық

Бір адам туралы кітап жазатын жазушыға қойылатын басты талап – ең алдымен, өз кейіпке­рін жақсы көру. Дәріс авторының алғысөзі осы бір ерек ойдан бас­талды. Иә, кейіпкерге деген бір ынтық көңіл болмаса, оның бар болмыс-бітімі, тұлғалық келбеті мен жазудағы мінезін тап басып тану қиынға соғар, бәлки. Қиынға соқпаса да шынайы шықпас. Ал шынайылық – әдебиеттің негізгі кілттерінің бірі. Сол үшін қаламгер мен кейіпкер бізге беймәлім тылсым күш нүктесінде тоғысады.

«Әбіш Кекілбайұлының есіміне бала күнімнен қанық болып өстім. 7–8 сыныпта оқып жүргенде «Ұйқыдағы арудың оянуы» «Лениншіл жаста» басылды. Мұндай тарихи очерк одан соң қайталана қойған жоқ. 1970 жылы жазда Жазушылар одағындағы бір жиынға тап болдым. Осындай жерде екі адам – біреуі отыр, біреуі түрегеп тұр. Түрегеп тұрған жігіттің қолында шиыршықталған қағазы бар. Ауық-ауық шиыршықтаған қағазын жайып жіберіп қарайды да, қайтадан бұрап қояды. Ана қағазы қайтадан ширатылып тұра қалады. Енді сөз деген ағыл-тегіл кетіп жатыр. Жай сөздің легі емес, құйылған образ. Ой. Аң-таң қалып қарап тұрмын, «Не деген шешендік!» деп. «Әбіш, дұрыс айтасың», деді залдан біреу. «Ойбай, мынау Кекілбаев екен ғой»,  дедім. Алғаш көргендегі қалдырған әсері осындай болды».

Жалпы, адамның табиғаты сан-қырлы қатпардан тұрады емес пе? Ал шығармашыл жанның тұңғиығы өзінше бір әлем. Дәрісте Әбіш туралы көп естелік айтылды. Адами келбеті, мейірімді жүрегі, алғаусыз көңілі, шешендігі мен тапқырлығы... Әрине, бір-екі сағаттың аумағында данышпан Әбіштің бар қырын әң­гімелеу – мүмкін емес дүние. Сон­дықтан автор жиында Әбіш талан­ты­ның негізгі бір қырына – көп сөз етіл­меген, арнайы зерттелмеген саласы – мәдениеттанушылығына тоқталды.

«Кекілбаев мәдениет деген өмір сүре білу өнері, бейбіт қа­тар өмір сүре білуден бастап, мем­лекеттер арасындағы мәдени адам­дардың тіршілігіне байла­нысты айтылатын дүниелерді көп келтіреді. Солардың барлығында да Кекілбаевтың универсализмі ерекше көзге түсіп тұрады. Мен осы кітапты дайындауға кірісерде қолым жеткен культурологиялық зерттеулердің барлығын дерлік шұқшиып оқып шықтым. Солардың ішінде арнаулы еңбектер де бар. А.С.Запесоцкийдің «Культурология Дмитрий – Дмитрия» де­ген үлкен ірі еңбегі бар. Сондай жеке авторларға арналған Лосев­тің культурология туралы кіта­бы бар, Лихачев туралы арнайы кітап бар. Соларды қарап келген­де біздің Әбіш Кекілбаев олардың ешқайсынан да иығы төмен тұрмағанын айтқым келеді».

Автор өзімен бірге қолжазба материалдарын да ала келіп, кітап жа­зуда қолданған әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

«Бұл тезистер ұзын-аяғы 1 230 мы­сал, тезис, басқа-басқа. Солар­дың ішінде бұларды қалай табады? Әуелі Әбіш Кекілбаевтың он екі томдығын қарағанбыз. «Өлке» бас­пасы шығарған. Одан кейінгі қатты сызып оқыған кітап «Жазушы» бас­пасының жиырма томдығы, жұ­­­қалау шығарған. Соның ішінде жиыр­­­ма том, қай жерінен ақтара бе­­ре­сіз? Ішіндегі шартты белгілер жазушы туындысын тез табуға жәрдемдеседі. Мысалы, «С.д.» деген белгі бар. Ол «Сыр десте» деген бес томдық. Мы­салы, «Ә» деген белгі бар. Ол «Әбіш Кекілбайұлы:  қалам­гер, қайрат­кер, саясаткер» деген жинақтың коды».

Тезистерде де осылай. Мысалы, «қазақ даласының әр тасы – қағбам, әр бұтасы сәждам» деген сөз. Соның тұсына «ш. 14 – 133»  деп жазылған. Қазақ даласының құрметін айтатын кезде, жалпы өлкетану туралы айтатын кезде тезистерде тұрады. Он төртінші томның 133-бетін ашсақ, жаңағы «қазақ даласының әр тасы  – қағбам» деген сөз шыға келеді және соған ұқсас, сол ойды дамытатын сөйлемдер маңайында тұрады. Жалпы, Сауытбек Абдрахмановтың тақырыптың тереңіне бойлап қана қоймай, мәтіннің ерекше формасын табатыны да бір ғылыми еңбектің жүгін арқалайды.

Сонымен дәрісте көп тың де­рек­терді естіп, түртіп отырдық. Мәсе­лен, Әбіш Кекілбаев Чехов туралы төрт рет айтқан екен. Төрт жерде. Бір рет он алты беттік мақала жаз­ған. Пушкин туралы да төрт рет айт­қан. Алты беттік арнаулы мақала жаз­ған. Фолкнер туралы төрт рет айт­қан. Арнаулы мақала жазба­ған. Шекспир туралы бес рет айт­қан. Зиялы қауым жөнінде, алты-жеті жерде, интеллигенция және тіл деген тезиске екі жерде, Момыш­ұлы туралы бір жерде, үстем тілдер ­экспансиясы деген тезиске екі жер­­де. «Бұл майдандағы басты көрсет­­­кіш» деген ойға екі жерде, совето­ло­гия ­туралы бір жерде айтқан. Әрі­ қарай да сандар сөйлей берді.

Қаламгердің ұстаханасы оқыр­манға жабулы сандық секілді. Бүгінгі дәрісте автордың сол сандықтағы біраз сырына қанық болдық (әрине, жазушының жан-дүниесін, шығармашылық әлемін түгел тауысып оқу, тану мүмкін емес, оқырманға беймәлім дүниелердің қалуы да заңды). Түйін: нағыз әдебиет жанкештіліктен тұрады.