Әдебиет • Бүгін, 08:43

«Талтүс» Америкаға да жетті

30 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Зерделеп көрсек, музыка мен әдебиеттің үнсіз үйлесімі көптеген әдеби шығармада көрініс тапқан екен. Ондағы терең эмоцияларды қозғайтын бөлекше сезім, қоғамдағы мәселелерді қаз-қалпында суреттейтін ерекше күш те ақ қағаз бетінде сөйлегелі талай ғасырдың жүзі болыпты. Сондықтан көптеген романда музыканттардың өмірі, классикалық музыканың әлемі мен өнердің тұлғалық болмысқа деген әсері жіті зерттелді. Мысалы, кубалық жазушы, музыка зерттеушісі Алехо Карпентьер латын америкалық әдебиеттегі көрнекті тұлғалардың бірі. Оның «Барокко концерті» атты романы бізді барокко дәуіріне жетелеп, үш ұлы композитор – Антонио Вивальди, Георг Фридрих Гендел, Доменико Скарлаттидің ойдан шығарылған кездесуін суреттейді. Карпентьер тарих пен музыканы шебер ұштастырып, еуропалық классикалық дәстүрлер мен жаңа кезеңдегі отарлық өмір шындығы арасындағы шиеленісті сәтті бейнелейді. Бұл шығармада музыка мәдени шекараларды аттап, саясат пен өнердің тоғысқан тұсын көрсетеді.

«Талтүс» Америкаға да жетті

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осыларды оқып отырып, біздің қазақ әдебиетінде музыка мен өмірдің байланысын бейнелеген әдеби шығарма бар ма деген сұраққа кездесеміз. Әрине, бар, ол – жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы. Франц Кафка бірде «Сұлулықты көре білу қабілетін сақтап қалған адам ешқашан қартаймайды» дегенді айтыпты. Біз үшін Таласбек Әсемқұлов – қазақ тарихының, мәдениетінің, қала берді өзінің шығармашылық әлемінің сұлулығын қағазға түсіруден жалықпаған қалам иесі. Оның «Талтүс» романы туралы әдебиет сыншылары мен қаламдастары жақсы баға берді.

Бұл жазбамызда біз аталған шығар­маның ағылшын тіліне аударыл­ғаннан кейінгі тынысы, яғни «Талтүстің» Америкаға жетуі туралы сөйлемекпіз. «Талтүс» хақында Slavica.Indiana.Edu сайты мынадай ақпарат жариялапты. «Әжігерей кеңестік Қазақстанда өсіп ержетеді. Ол музыкант әкесінен күй өнерінің көне қыр-сырын үйренеді. Алайда күймен бірге ол елі, отбасы және қилы тарих туралы да білім алады. Автордың өз отбасы тарихына негізделген бұл шығарма – Батыс әдебиетінде сирек кездесетін уақыт пен кеңістікті бейнелейтін туынды. «Талтүс» – ағылшын тіліне аударылған Қазақстаннан шыққан алғашқы посткеңестік роман».

XX ғасыр әдебиеті, тарихы, кино салалары туралы жазатын америкалық эссеист Джейкоб Армстроң «Қазақстанды есту: Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романы және күй арасындағы сөздер» атты мақаласында осы шығарма туралы тың ой кестелепті.

«Таласбек Әсемқұловтың жартылай автобиографиялық романы «Талтүсте» жас кейіпкер Әжігерей мен оның әкесінің шәкірті Сабытты орыс этнографтары алыс­тан іздеп келіп, қазақтың дәстүрлі домбыра күйлерін таспаға жазып алады. Сол кезде Әжігерей орыстардың «тек күйдің өзін ғана жазып, Сабыттың күй туралы айтқан аңыз-әңгімелерін елеусіз қалдырғанын» байқайды. «Әкесінің сөзіне келгенде әйел диктофонды үнемі сөндіріп тастап отырды». Бұл эпизод – кеңестік кезеңде қазақтың дәстүрлі мәдениетін жойып жіберуден сақтау кезеңіне өткен сәтті дәл бейнелейді. Бірақ Әжігерей байқағандай, орыстар маңызды бір нәрсені жіберіп алады: күй – тек әуен емес, ол – сезім, оқиға мен тарих. «Талтүсте» Әсемқұлов дәл осы назардан тыс қалған тұстарды толтыруға, күй мен әңгіме арасындағы үзілісті жалғауға тырысады». Міне, сонау мұхиттың ар жағында өсіп-өнген, Батыс мәдениетімен сусындаған Джейкоб Армстроңның өзі қазақ даласындағы қасіреттің, мәдениет пен тарихқа жасалған қастандықтың сырын, мәні мен мағынасын аңдап отыр. Аңдамаса, осылай жазар ма еді?

Тарихтың көшінде не жоқ дейсіз? Бәрі бар. Айдаһар тістерінен қала салған империялардың ізі, тас қабырғаларға қашап жазылған жазулар қалды. Ал тұлпарының дүбірі төрткіл дүниені дүбір­леткен біздің бабаларымыздан күй мен жыр мирас болды. Шыны керек, ұлттық стильде жазылған күй мен жырымызды қазірге дейін өзімізден өзге ешкім түсіне де алған жоқ. Қалаберді ақырзаман туралы сөйлейтін Тәураттың сансыз тараулары, адамзаттың пайда болуы хақында жағы талғанша айтатын қиял-ғажайып зерттеу­лер жасаған ғалымдардың ғылыми теория­лары күйдің құдіретін зерттеуге шарасыз қалды. Ондағы сиқырды, құбылысты, адамзатқа ортақ мақсатты түсіндіріп бере алмады. Осындай кезде «Талтүс» романы ағылшын тілінде сөйлеп, біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің тұла бойындағы өзгешелікті Батыс жұртына түсіндіруге талпыныс жасады.

«Талтүсті» ағылшын тіліне аударған америкалық аудармашы Шелли Фейер­везер-Вега бізге берген сұхбатында қазіргі көркем аударма туралы, «Талтүсті» аудару барысы жөнінде айтып берді. «Шынымды айтсам, мен «Талтүсті» ауда­руға келісім берген кезде, оның қандай маңызды кітап екенін білмеппін (жақында ғана білдім!). Таласбектің жары Зира Наурызбаевамен танысып, марқұм қаламгердің шығар­маларына өте тәнті болдым. Ол «Талтүсті» аударуға қаражат дайындаған соң, «осы шы­ғар­маны аударасың ба?» деп хат жазды. Берілген уақыт тым қысқа бол­ған­дық­тан, тез жұмыс істеуге тура келді, Зира Наурызбаева шығарманы түп­нұсқадан орыс тіліне аударып шықты. Мен «Талтүстің» орысша нұсқасын қазақ­шасымен салыстыра отырып, нартәуекелге бел буып, аталған еңбекті ағылшын тілінде сөйлеттім, аударма ақыры сәтті шықты».

Ендеше, осы орайда бізге, жалпы оқырманға ағылшынтілді оқырмандар «Талтүсті» қалай қабылдады деген заңды сұрақ туындайды. Шелли Фейервезер-Веганың айтуынша, осыған дейін аудар­машы тек жақсы пікірлерді ғана естіген. Кейбіреулері тіпті бұл роман туралы не ойлап, не айтарын да білмей қалған­дай. Өйткені бұл кітап олар күткеннен мүлдем өзгеше болған. Бірақ бір­неше әдебиеттанушы өте жақсы шолулар жазғаны анық. Олар шығармадағы жаңа­ша баяндаулар мен тың көзқарасқа тәнті болғандай, оның үстіне осы романды оқығаннан кейін қазақ мәдениеті мен тарихын біршама түсінгендерін жарыса жазып жатты.

Ағылшынша ең көп оқылатын дерек­­­көз­дің бірі – Goodreaders.com сайты. Осы ақпарат алаңында да Таласбек Әсемқұловтың «Талтүсі» туралы жылы пікір­­лер барын біліп, көңіліміз марқайды. «Бұл шығарманы оқып оқырман не естіп тұрғанын өзі де анық айта алмас еді. Бұл – сәбидің былдырлауы ма? Әлде еппен, шынайы һәм таза сезіммен ай­тылған махаббат сөзі ме? Мұны ешкім білмейді. Бірақ бұл әуен оқырманды ерекше толқытады. Аталған шығарманы оқыған адам сол әуеннің ішінен бұрын-соңды білмеген, бірақ маңызды бір нәрсені табатындай күй кешеді. Автордың өз отбасының тарихына негізделген «Талтүс» романы – Батыс әдебиетінде сирек көрініс тапқан бір уақыт пен кеңістікке назар аударуға мүмкіндік береді.  Аталған сайттың желі қолданушысы өз пікірін осылай қалдырыпты. Қарапайым оқырман үшін «Талтүстің» Америкаға жетуі де үлкен қуаныш болғаны шындық.

«Талтүсті» алғаш рет оқыған оқырман бұл роман қазақтың күй өнері және оны ұрпаққа аманаттау туралы шығарма деп түсінуі мүмкін. Қайталап оқысақ, біз Әжігерейдің ержету жолындағы тарихы арқылы қазақ мәдениетінің де халін байқаймыз. Домбыраны Батыс оқырмандары гитараға ұқсатады. 1960-жылдары кеңес одағында салыс­тыр­малы либерализация мен үлкен өзгерістер кезеңі басталды. Романда біз қазақ халқының тағам мәдениетінің өзгеруін (балық жеуді бұрын Сабыт «жабайы» орыстардың әдеті деп есептеген), жай шамнан электр жарығына көшуін, жүк көліктері мен музыка жазатын құрылғылар сияқты жаңа техно­­ло­гия­лардың келуін аңдаймыз. Бірақ ең дәл сипаттаманы Сабыттың өзі береді. Оның айтуынша, бұрын ауылкеңес малдарын тартып алып, әйел мен бала-шағасын қамап, қалғанын атып тастайтын. Қазір болса, жай ғана Сібірге айдайды.

Романда кеңестік тарихтағы азамат соғысы, ашаршылық, қуғын-сүргін мен Екінші дүниежүзілік соғыс сияқты қанды оқиғалар үнемі көлеңке секілді бірге жүреді. Соғысты айтпағанда, ұжымдастыру – романдағы ең маңызды тарихи оқиға. Көшпелі қазақ халқын мәжбүрлеп отырықшы ету – қазақтың ауыз әдебиеті мен күй дәстүрін жоюмен бірдей. Сондықтан Әжігерей дәл осы жоғалып бара жатқан дәстүрдің жолын жалғау үшін домбыра үйренеді. Ол жай ғана шәкірт емес – мәдениеттің жоғалып кетпеуі үшін күресіп жүрген аманаткер. Әйгілі әдебиетші, сыншы Сартр бір сөзінде «кейіпкерім тауға шықты деме, тауға шығар» деп жазады. Сол айтпақшы, жазушы Таласбек Әсемқұлов өз көкірегінде күмбірлеп тұрған күй әуендерін Сабыттың домбырасының пернесінде бебеулетеді. Ал күй өлкесінің аманаткері ретінде тағы Әжігерейді алға шығарады.

Жоғарыда сөзінен дәйек келтірген америкалық қаламгер Джейкоб Армстроң «Талтүс» шы­­ғар­­масы туралы өзінің көңілі толмаған тұстарын да ашық жаза­ды. «Автордың мәдениетті тек бедел­­­­ді ер-азамат – жігіттің бейнесі арқылы көрсетуі – әйелдердің бейнесін шетке ығыс­­­­тырып, романның өрісін тарылтып тастаған. Тіпті роман басында әкенің балаға ұрысқаны үшін анасын ұрып өлтіре жаздауы – жазушы тарапынан ақталған әрекет ретінде суреттелген – бұл көрініс көп оқырманға ауыр тиюі мүмкін. Соған қарамастан, «Талтүс» романы Әсемқұловтың қазақ мәдениетіне деген махаббатын ерекше сезіндіре алған. Автор осы шығармасы арқылы ұлттық мәдениеттің әр бөлшегін адал жеткізуге тырысқан. Қазақ кейіпкерлерінің бір-біріне «жарығым» деп айтуы сияқты нәзік тұстары өте әсерлі. Қаламгердің музыка мен мәдениетке деген махаббаты, қазақ мәдениетінің бірегей көркем бейнесі мен күй арасындағы аңыздардың мәңгілік жазбасы ретінде есімізде қалады».

Шындығында, музыка идеялар мен мінез-құлықтарды бейнелеудің симво­ликалық құралы. Ол патриотизмді, отан­шылдықты, дінді, ерлік пен бостандықты ту етеді. Қарқаралыға қашып барып, Тоқтасын байдың үйінде тоқтаусыз күй толқындарын ағытқан Сабыттың санасында қандай еңселі ойлар болмады дейсіз? Ал оның күйін күн батқанша егіле тыңдаған, пернеден төгілген әуендерге қосылып жылаған Тоқтасын байды қалай түсінеміз? Енді ойласақ бәрі де жұмбақ, бәрі де анық секілді. Сабыт батысша айтсақ музыканың, қазақша айтсақ күйдің тілін білмесе, он саусағы пернелерді билетер ме еді? Ондай сұңғыла адам замананың да тілін түсінер еді ғой. Ал Тоқтасын байға сол сәтте күйден ғұмырлы, Сабыттан қадірлі, домбырадан аяулы не бар, ештеңе де жоқ. Сібір лагеріндегі 25 жылын еске ала отырып Сабыт: «Сол кезде мені сақтап қалған – күй еді» дейді. Осы шығарманы зау биікке көтеріп тұрған сөз де, оқиға да – осы.