Лев Толстойдың «Әзәзіл» атты повесі өмірінің соңына қарай туды. «Ақымақ боп әлемді түзетпек едім, ақылды болып өзімді түзетуге кірістім» деген ақыл алыбы өзімен шындап айналысты. Гуманистік идеяларға біржола бет бұрып, ойды «қара түнектен» аластатуды көздеді. «Әзәзілде» әкесі өлгеннен кейін шаруашылық қожалықты қолына алған есті әрі сергек Евгений Иртеньевтің өмірі баяндалады. Жазушы басты кейіпкер арқылы өз ішіндегі майданды суреттейді. Шығарма соңында құмарлыққа көндігіп бара жатқанын сезген кейіпкер өз бойындағы қара күштен жеңілгенше, өлімді артық көреді. Айтпақ негізгі тақырып бұл емес, мәселе қос алыптың тартысы туралы еді.
Толстой мен Шекспир... Екеуі де әлем руханиятына едәуір «шапқыншылық» жасаған қос алып, қос мұзарт. Гете Шекспир пьесаларына таңданысын жасыра алмай: «Шекспир шығармасының алғашқы бетін оқып-ақ мен оған тәнті болдым. Ал шығарманы оқып біткенде өмірге соқыр болып келіп, Құдайдың құдіретімен көзі ашылған адамдай халде болдым», дейді. Ал Пушкин: «Мынау Шекспир деген өзі қандай адам? Өз-өзіме келе алар емеспін! Онымен салыстырғанда Байрон-трагик қандай ұсақ адам еді!» деп, пьесаларды оқып шыққан соң өзіне тартып алатын қара құрдымға қарап тұрғандай әсерленгенін айтады.
Жалпы, біршама уақыт бұрын қос алыптың тартысына бас қатырғанбыз. Бірақ бүгін сол сұраққа өзіміздің нақты көзқарасымызды жазғанды жөн санадық. Сонымен Шекспирдің ең күрделі пьесаларының бірі – «Гамлет» трагедиясы. Театр зерттеушісі Григорий Бояджиев: «Гамлет» – ақыл-парасат трагедиясы», деп баға берген-тін. Шынында, Гамлет – өз шындығын табу жолында шарқ ұрған жігерлі ханзада. Әкесі Гамлеттің өліміне өз бауыры Клавдийдің кінәлі екенін білген заматта жаза қолдануға кіріседі. Қитұрқы оқиғаны сахналап, көрермен ретінде Клавдийді де шақырады. Зұлым Клавдийдің өз әкесінің құлағына у құйып өлтіргенін сахналайды. Осы тұста оның бойында Жаратқанның өзі сыйлаған ар қағидаты қылаң беріп, сұрланып, шыдай алмай, сахнадан шығып жүре береді. Зерттеушілерге сүйенсек, бұл пьеса 1600–1601 жылдары жазылған. Пьесаның желісі XII ғасырда өмір сүрген Дат халқының Саксон Грамматик деген жылнамашысы жазып қалдырған аңыздан алынған деген болжам бар. Ол аңызда әкесін өлтірген ағасынан кек алып, өз билігін қайтарған Гамлет ханзаданың тағдыры туралы баяндалған.
Шекспир пьесасындағы көп сөздер әлдеқашан қанатты сөзге айналған. Мәселен, мына бір даналық маржандар шетелдік кітаптарда көптеп кезігеді. «Жетістікке жетудің үш ережесі: өзгелерден артық білу, өзгелерден көп еңбектену, өзгелерге қарағанда аз нәрсе күту», «кітап маған тақтан қымбат», «достық әлсізденген сайын, сыпайылық арта түседі», «боранды күні берілген уәде тынық күні ұмытылады», «күллі әлем – театр. Ондағы әйел мен ерлердің бәрі әртіс. Олар сахнаға шығады және сахнадан кетеді. Әрқайсысы бір емес, бірнеше рөлде ойнайды».
Әлқисса, осындай зәулім ой иесін Толстой ұнатқан жоқ. «Әлемнің күміс қоңырауы» бір емес, бірнеше рет мұнысын қайталаудан танбады. «Бүкіл әлем мойындаған Шекспирдің ғаламат туындылары маған ұнамағаны былай тұрсын, оны қабылдай алмауымның себебі неде? Ұзақ уақыт өз-өзіме сенбестен, өзімді-өзім тексеру үшін Шекспирдің әртүрлі шығармаларын бірнеше тілде: орысша да, ағылшынша да, немісше де оқыдым. Драмаларын, комедияларын, хроникаларын бірнеше мәрте қайталап оқысам да тура бұрынғыдай жиіркену, жалығу және түсіне алмаудан өзге ешқандай сезімді бастан кеше алмадым».
Иә, Толстой сөзін сыңаржақ пікірге жатқызуға болмас. Нені болсын жеті рет өлшеп бір рет кесетін жазушының ішкі цензурасы қабылдамаса, бір пікірге сүйенгені анық. Бірде Максим Горький мен Антон Чехов Толстойда қонақта болады. Сонда Толстой ескі ғадетінше Шекспир шығармалары көркемдігінің төмендігін алға тартады. Кейіннен оңашада ойға қалған Горький Чеховтан ақсақалдың Шекспирді неге ұнатпайтыны жөнінде ойын сұрайды. Сонда Чехов: «Оған біз секілді ергежейлілерді мақтай салу түк емес. Ал Шекспирдей алып оның жынына тиеді», – дейді. Чехов өзінің тағы бір естелігінде бүйдейді. «Білесіз бе, мен жақында Гаспрде, Толстойда болдым. Ол төсегінде жатып әртүрлі тақырыпта және мен жайлы біршама сөз қозғады. Ақыры қоштасып қайтуға бекіндім. Ол қолымнан ұстап: «Мені сүйіңіз», – деді. Мен сүйдім, соңыра өте шапшаң түрде құлағыма былай деп сыбырлады: «Бәрібір сіздің пьесаларыңызды оқуға шыдамым жетпейді. Шекспир нашар жазған, сіз одан да өтесіз!»
Біздіңше, Толстойдың Шекспирді сөгуі жазушының гуманистік идеясында жатыр. Шекспир пьесаларын оқып қарасақ, «сұрғылт тұман дым бүркіп» тұрғандай аураны сезінетініңіз жасырын емес. Әрі зұлымдық күштердің көбірек суреттелуі, кейіпкерлердің бірінен соң бірі өзіне қол сұғуы, әділет таппай ажал құшуы оқырман санасына агрессия сыйлайды. Мәселен, «Король Лирді» оқып отырып, күллі әйелдер қауымы туралы түсінігіңізді қайта қарауыңыз мүмкін. Ал «Гамлетті» оқып, барша қоғамға деген ренішіңіз оянуы ғажап емес. Біздің ұлттық ойлау жүйемізге жанаса бермейтін осынау сұрғылт бейнелер кейде өмірді қараңғылап-ақ жібереді. Оның үстіне Шекпир кейіпкерлерінің соңы – қаралы жиын, зұлым ажалға толы. «Гамлет» пьесасы соңында бүкіл әулет қырылса, «Отелло» өзін өлтіреді, «Ромео мен Джульеттада» жігіт у ішіп қаза табады. «Антоний мен Клеопатрада» Клеопатра у ішіп өлсе, король Лир ақылынан алжасып өледі. Міне, толған өлім, қаптаған құса. Біздіңше, асқан гуманист, адамдарды жарыққа сүйреуші Толстой оқырман көңіліне ізгілік сәулесін емес, қара көлеңке үйіруге құмар Шекспирдің шығармаларын осы үшін айыптайды. Тіпті қабылдай алмауының себебі де жүрекке қаралық құятын кейіпкерлерінде жатыр.
Не десек те, әдебиет сахнасы қос алыптың ақыл-ойына мұқтаж. Оларсыз жаһан руханиятының терезесі бүгінгідей көкжиекте кеңеймес те еді.