Бүгінде 130-дан аса этнос өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстанда өзара түсіністік пен төзімділік қағидаты қоғамның тұрақты дамуының кепіліне айналды. Әрбір азамат ұлттық болмысын сақтай отырып, өзін ортақ Отанның ажырамас бөлігі ретінде сезінеді. Осы бірліктің символына айналған құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясы. 1995 жылы құрылған бірегей институтқа биыл 30 жыл толды. Ассамблея елдегі этномәдени бірлестіктерді біріктіріп қана қоймай, мәдениеттер мен тілдердің сақталуына, азаматтар арасындағы өзара сыйластықтың орнығуына айрықша үлес қосып келеді.
Жетісу өңірінде бұл бағыттағы жұмыс ерекше қарқын алған. 2008 жылы Талдықорғанда ашылған Достық үйі – елімізде типтік үлгімен салынған алғашқы нысан. Ол бүгінде облыстағы барлық этномәдени бірлестіктердің басын біріктіріп, түрлі іс-шара мен кездесудің тұрақты алаңына айналған.
«2022 жылы облыстық қоғамдық даму басқармасы жанынан «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Онда 35 қызметкер еңбек етеді, жұмыс алты бөлім мен бір филиал арқылы жүзеге асырылады. Облыстық Ассамблея құрамында 24 беделді тұлға бар. Олардың қатарында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы Ермек Бөрібаев, облыстық мәслихат төрайымы Гүлнар Тойлыбаева, сондай-ақ қоғам белсенділері мен мәслихат депутаттары Римма Салыкова, Константин Нестеров, Александр Хильниченко және Руслан Хасен-оглы бар», дейді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Еркебұлан Ақболатов.
Оның айтуынша, жастар арасындағы бастамаларды қолдау мақсатында 2021 жылдан бері «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы жұмыс істейді. Оның құрамында 50-ден аса белсенді жас бар. Олар мәдениетаралық жобалар әзірлеп, еріктілік пен әлеуметтік бастамаларды дамытуға атсалысып жатыр.
Этномәдени орталықтар да өңір өміріне белсене араласады. Әзербайжан этномәдени орталығы «Астана – мемлекеттік тілдің тірегі» атты дөңгелек үстел өткізсе, еврей, өзбек орталықтары «Қариялар – менің байлығым», «Астана – достық символы» атты игі шаралар ұйымдастырған. Мұның бәрі – этносаралық татулықтың нақты іс жүзіндегі көрінісі.
Ассамблея қызметі тек мәдени бағытпен шектелмейді. Кейінгі жылдары бұл құрылым әлеуметтік жобалардың басты қозғаушы күшіне айналды. Өңірде қайырымдылық пен қамқорлық мәдениетін дамытып, нақты көмектер көрсетіліп жатыр. Мәселен, «Жомарт жан» қайырымдылық орталығы қысқа уақыт ішінде 7 мыңнан аса аз қамтылған және көпбалалы отбасына 30 млн теңгеден аса материалдық көмек көрсеткен.
Қаратал ауданында корей этномәдени орталығы мен «Диаспора мұрасы» қорының қолдауымен 70 үй тегін табиғи газға қосылды. Бұл – әлеуметтік әділдік пен өзара жанашырлықтың айқын үлгісі. Сонымен қатар Іскер әйелдер кеңесі мен меценаттар «Айналайын» балалар үйі тәрбиеленушілеріне, Аналар үйіндегі әйелдерге, соғыс ардагерлеріне және ерекше күтімге мұқтаж қарияларға тұрақты көмек көрсетіп келеді.
«Осындай жүйелі жұмыстар арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің нақты тетігіне айналды. Бұл ел ішіндегі татулықты сақтау ғана емес, қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, мейірім мен бауырмалдықты күшейту бағытында да маңызды миссия атқарып келеді. Бір сөзбен айтқанда, Ассамблея – Қазақстандағы бейбіт өмір мен рухани тұтастықтың берік діңгегі. Бұл әр азаматтың жүрегіне ортақ ой – «Бірлігіміз – берекеміз» қағидасын ұялатқан құрылым болып қала береді. 1995 жылы құрылған бұл институт елдегі барлық этнос арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтың ерекше алаңы болып қалыптасты», дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Атсалим Идигов.
Мерейлі датаға орай Жетісу облысында да мәдени, білім беру және әлеуметтік бағыттағы ондаған іс-шара ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралардың барлығының түпкі мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту, ұлтаралық диалогті тереңдету және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеу.
Мерейтой қарсаңында өткен ең әсерлі оқиғалардың бірі – «Бірлік жүгірісі» спорттық акциясы болды. Ол өңір тұрғындарын достық пен бейбіт өмірдің ортақ идеясы төңірегіне біріктірді. Сондай-ақ бейбітшілік пен келісімнің жаңа нышаны ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы аллеясының салтанатты ашылуы өтті. Бұл алаң татулықтың мәңгілік символына айналып, әр ұлттың өкілін ортақ құндылықтар рухында біріктіретін ерекше мәдени кеңістік болды.
Жастардың белсенділігі де – Ассамблея жұмысының маңызды бағыттарының бірі. «Ассамблея жастары» бірлестігі Талдықорған қаласындағы Тілдер сарайы маңындағы тұрғын үйдің қасбетіне салынған ерекше муралдың эскизін әзірледі. Онда Қазақстанда өмір сүріп жатқан түрлі этностардың бейнелері, достық пен келісімнің нышандары, ұлттық өрнектер мен мерейтойлық элементтер үйлесім тапқан. Бұл жоба облыстық Ассамблея мен өңірдің шығармашылық қауымдастығының қолдауымен, жас суретшілердің қатысуымен жүзеге асты және елдегі мәдени әралуандықтың көркем көрінісіне айналды.
Сонымен қатар Ассамблеяның үш онжылдық тарихына арналған деректі фильм мен арнайы кітап әзірленіп жатыр. Онда этносаралық келісімді нығайтуға үлес қосқан тұлғалардың естеліктері мен өмір жолдары, ел бірлігі жолындағы еңбектері қамтылады.
Ассамблея қызметі арқылы қоғамда төзімділік, өзара құрмет және қолдау мәдениеті орнықты. Бұл мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі ретінде этностардың мәдениеті мен тілін сақтауға, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға айрықша ықпал етіп келеді. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы – тек символдық құрылым емес, бейбітшілік пен келісімнің нақты құралы, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және біртұтас қазақстандық ұлт қалыптастыруға бағытталған стратегиялық институт.
Ассамблеяның отыз жылдық жолы – ел бірлігі мен татулығының, өзара сыйластық пен сенімнің шынайы тарихы. Бұл тарих болашаққа бағытталған жарқын қадамдардың бастауы болмақ.
Жетісу облысы