Жаңадан салынған кешен уақыт сұранысына сай бой көтергенін айта кеткен жөн. Кешен аумағында аудандық архив, балалар мен жасөспірімдер орталығы, кітапхана бар. Сонымен қатар футбол алаңы, волейбол және баскетбол ойнауға арналған паркет те қарастырылыпты.
Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, жергілікті жұрттың игілігі үшін қолға алынған ілкімді жобалар әрмен қарай да жалғаспақ. Әсіресе аудандар мен ауылдарда әлеуметтік нысандар мен кешендерді салудың маңызы зор.
Жаңадан салынған балалар мен жасөспірімдер орталығы ауыл балаларының қосымша білім алуына мүмкіндік туғызбақ. Сондай-ақ мұндағы мамандар жасөспірімдердің жеке қызығушылықтарын дамытуға барынша көмектеседі.
Ресми дерекке жүгінсек, жалпы аумағы 311 шаршы метрді құрайтын жаңа нысан 150 адамға арналған екен. Ғимаратта 4 оқу және 3 әкімшілік бөлме қарастырылған. Мұнда «School Media – жас тілші», «Компьютерлік сауаттылық және 3D кескіндеу», «Жантану – психология», сондай-ақ «Energy club – күш пен сергектік» үйірмелері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, интернет-кафе бар.
Екі қабатты жаңа кітапханада жергілікті тұрғындардың рухани сұранысын қанағаттандыру үшін барлық жағдай жасалыпты. Мұнда жалпы оқырмандарға, балалар мен жасөспірімдерге арналған бөлімдер, электронды оқу залы, арнайы мәжіліс залы, зағип жандарға арналған арнайы кабинет және кітап қорын толықтыру мен өңдеу бөлімі бар. Ал руханият ордасында 46 800 кітап сақталған. Уақыт өткен сайын мұндағы кітап қорының толыға түсетініне ешкімнің күмәні жоқ.
Жергілікті жұрт бұл аумақтан жаңа архив нысанының салынғанына қуанып отыр. Аудандық архив ғимараты екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта бір қойма мен екі құжат қабылдау бөлмесі орналасқан. Екінші қабатта қойма, конференц-зал және жеті қызметтік кабинет бар.
«Бұған дейін архив саласына, нақты айтқанда аудан тарихына қатысты құжаттар ыңғайластырылған ғимаратта сақталып келді. Бар болғаны екі бөлмеде мыңдаған құжат орналасты. Ал бүгіннен бастап заман талабына сай салынған еңселі жаңа ғимаратқа көшіп отырмыз», дейді аудандық архивтің директоры Келсінкүл Күлекеева.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мұндағы спорт алаңдарын аралап көріп, ауыл спортын өркендетуге үлес қосып жүрген жергілікті жастармен жүздесіп, оларға арнайы естелік сыйлық табыстады.
«Ауылымыз уақыт өткен сайын көркейіп келеді. Бүгін мұнда жаңа ғимараттар бой көтерді. Спорт алаңдары ашылып, халық игілігі үшін беріліп жатыр. Мұның бәрі жергілікті атқарушы билік өкілдерінің бізге жасаған қолдауы мен қамқорлығы деп түсінеміз.
Мұнда спортшылардың алаңсыз жаттығуына барлық жағдай қарастырылған. Енді біз осы жерде жаттығу арқылы үлкен жарыстардан олжалы оралуға күш саламыз. Жергілікті жастарға осындай жағдай жасап отырған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ», дейді жас волейболшы Балауса Қонақбай.
Жамбыл ауданында бастау алған іргелі жоба алдағы уақытта өңіріміздің өзге де аймақтарында жалғасатынына ешкімнің күмәні жоқ. Өйткені өңір басшысы ауыл тұрғындарының талап-тілегін назардан тыс қалдырмайтынын айтып отыр.
Жамбыл облысы