Қоғам • Бүгін, 11:45

ҚР Кәсіподақтар федерациясы «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенцияны қолдайды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы – елдегі ең ірі еңбекшілер бірлестігі ретінде еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін белсенді түрде қорғап келеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Халықаралық еңбек ұйымының №131 «Дамушы елдерді ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенциясын ратификациялауын құптайды, деп жазады Egemen.kz.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенцияны қолдайды

Фото: Ерлан Омар

Бұл – Қазақстанды лайықты еңбек пен әділ еңбекақыға қатысты халықаралық стандарттарға жақындататын тарихи шешім.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті Заңға қол қоюы – елдегі еңбеккерлердің лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мен әлеуметтік әділеттілікті нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

№131 Конвенцияны ратификациялау – жай ғана ресми акт емес, ол Қазақстанның әлеуметтік саясатының дамуындағы маңызды белес, еңбекке және еңбек адамын құрметтеудің көрінісі.

Халықаралық еңбек ұйымы №131 Конвенцияны лайықты еңбектің төрт тірегінің бірі ретінде қарастырады (еңбек құқықтары, қауіпсіздік және әлеуметтік қорғауды қоса алғанда). Бұл құжат SDG 8: «Лайықты еңбек және экономикалық өсу» атты Тұрақты даму мақсатына , соның ішінде 8.5-міндетке – 2030 жылға дейін барлық әйелдер мен ерлер үшін толық және өнімді жұмыспен қамтылу мен лайықты еңбекақыны қамтамасыз етуге бағытталған.

Конвенцияда ең төменгі жалақыны анықтау кезінде тек экономикалық факторлар ғана емес, сонымен қатар жұмысшылар мен олардың отбасыларының қажеттіліктері, баға деңгейі, жәрдемақылар, әлеуметтік қорғау және кәсіподақтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы ескерілуі тиіс екені жазылған.

Кәсіподақтар федерациясы осы Конвенцияның ратификациялануы үшін көп жылдан бері еңбек етіп келеді. Біз бұл оқиғаны бүкіл еңбек қауымдастығының жеңісі және ұлттық байлықты жасайтын адамдарға деген құрмет белгісі деп бағалаймыз.

Кәсіподақтар федерациясының пікірінше, №131 Конвенцияның ережелерін іске асыру Қазақстанға ең төменгі жалақыны белгілеудің неғұрлым әділ және ашық жүйесіне көшуге мүмкіндік береді. Бұл жүйе макроэкономикалық көрсеткіштерге ғана емес, ең алдымен еңбек адамдарының нақты өмірлік қажеттіліктеріне сүйенуі керек.

Кәсіподақтар федерациясы Конвенцияны іс жүзінде жүзеге асыру барысында мынадай қағидаттардың қамтылуына қол жеткізуді көздейді:

  • еңбеккерлердің лайықты еңбекақы алуына кепілдіктерді күшейтуге ықпал етеді;
  • әлеуметтік-экономикалық факторларды ескере отырып, ең төменгі жалақыны реттеу жүйесінің тиімділігін арттыруды қамтамасыз етеді;
  • Қазақстанның әлеуметтік әділдік қағидаттарына және халықаралық еңбек стандарттарына берік мемлекет ретіндегі халықаралық имиджін нығайтады;
  • Халықаралық еңбек ұйымымен және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен келісілген лайықты еңбек күн тәртібін іске асыру жолындағы маңызды қадам болады.

Кәсіподақтар федерациясы Конвенция ережелерін ұлттық заңнама мен ұжымдық-шарттық қатынастарда тиімді іске асыру үшін үшжақты әріптестік аясында белсенді жұмыс істеуге дайын.