
Қолөнерді серік еткен Аяжан кішкентайынан сурет өнеріне жақын болған. Дизайнер боламын деген сол кездегі бала арманы адастырмаған екен. Әуелде қолы қалт етсе, мұғалімдер үшін көрнекі ақпарат құралдарын жасайтын. Кейін сыйлықтың қораптарына көшті. Түрлі өрнектегі қораптарға деген тапсырыс үсті-үстіне түскен. Идеяларды көбінесе әлеуметтік желіден іздеді. Халыққа не керегін зерттеді. Зерттей жүріп өнерін ұштады. Заманның талабына қарай техника қолдана бастады.
«Ең алдымен табыс табуды көздемедім. Өзіме қызықты, жаныма жақын іспен айналысқым келді. Бір күні кішкентай сіңлімді ойнатып отырып, дамытушы ойыншықтарды неге өзіміз жасамаймыз деген ой келді. Сөйтіп, үй жағдайында логикалық сұрақтарға толы ойыншықтар жасай бастадым. Әлгі ойыншықтарға ата-аналар ғана емес, балабақша тәрбиешілері де қызықты», дейді жас кәсіпкер Аяжан Қуатбекқызы.
Сөйтіп компьютерлі графика арқылы сызбасын сызып, түрлі-түрлі дамытушы ойыншықтар жасап сата бастаған. Өзінің ұлы тәрбиеленіп жатқан балабақша тәрбиешілерімен бірлесе отырып, бүлдіршін қызығатын ойыншықтарды зерттей түскен.
«Не істесек те ұлтқа тамшыдай болсын пайдамыз тисе деймін. Сол ұстаныммен қазақи нақышта қайталанбайтын ойындар жасап бастадым. Оны әлеуметтік желі арқылы жарнамаладым. Өзіміздің өңірді қойып, Атырау, Ақтаудан тапсырыс түсті», дейді жас кәсіпкер цехтағы таңғы жұмысына кірісіп жатып.
Қарап отырмыз, әп-сәтте арнайы материалдан асық ойып шығара қойды. Кәдімгі қойдың асығынан аумайды. Тапсырыспен алғызатын шикізаты сертификатталған, балаға еш зияны жоқ. Шағын цехында қазіргі шаруаға қажетті принтердің түр-түрі бар. Бірі былғарыға ою басса, енді бірі түрлі ойыншық ояды. Бәрі автоматтандырылған. Компьютердегі сызба бойынша бұйрықты орындай береді. IT саласына жаны жақын Аяжан Қуатбекқызы бұл бағытта жасанды интеллект арқылы да жобалар жасауды ойлап отыр. Иә, жоспар көп. Тек қаржы қолбайлау. Соның өзінде үш адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Біз де техника тілін меңгеріп алдық. Шығармашылық жұмыс болғандықтан, асқан қызығушылықпен істейміз. Ертеңгі күні қазақстандық бренд ойыншықтар шығарып жатсақ, ол біздің үлкен жетістігіміз болар еді», дейді цех қызметкері Жанна Қашқынбаева.
Шағын ұжым ойыншықтардан бөлек балабақша, мектептерде безендіру жұмыстарымен де айналысады. Егер мемлекет тарапынан қандай да көмек болса, кәсіп кеңейіп, нәсіптің де артары анық. Аяжан Қуатбекқызы жуықта «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім берген. Егер кәсібі талаптарға сай келіп, мақұлданса, 3 млн теңгеге ие болады. Ол қаржыны қазақ ертегілерін дәріптейтін ойындар жасауға жұмсайтынын айтады кәсіпкер.
Рас, ұлттық дәстүріміздің жаңғыруына, жандануына бір кісідей ат салыссақ, күні ертең-ақ ала-шұбар тілден құтылып, тәй-тәй басқан бүлдіршіндердің тілі тек ана тілінде шығады. Әйтпегенде, телефонға телмірген бала өзгенің тілінде сөйлеп, өзгенің тәлімін сіңіріп жатқан жоқ па?! Ол үшін Аяжанның асығы алшысынан түсуі керек.
Шығыс Қазақстан облысы,
Глубокое ауданы