Алматы • Кеше

Алматыда халықаралық әуе диспетчерлерінің байқауы өтіп жатыр

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Еуразия» үйлестіру кеңесіне мүше елдердің кәсіпорындары арасында өтіп жатқан іс-шараны Азаматтық авиация академиясы мен «Қазаэронавигация» РМК бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда халықаралық әуе диспетчерлерінің байқауы  өтіп жатыр

Байқауға Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген авиация ұйымдарының өкілдері қатысуда. Бұл – өз саласының үздік мамандары, олар шынайы жұмыс жағдайына барынша жақындатылған теориялық және практикалық сынақтардан өтуде.

Мұндай ауқымды байқау соңғы жеті жылда алғаш рет өткізіліп отыр — алдыңғысы 2018 жылдың наурызында Санкт-Петербург қаласында өткен болатын. Биылғы шара бүкіл Еуразия аймағындағы авиация саласы үшін маңызды оқиғаға айналып, аэронавигация саласындағы мамандар мен сарапшыларды бір кәсіби алаңда тоғыстырды.

Байқаудың қазылар алқасы әуе қозғалысын басқару саласында үлкен тәжірибесі бар, «Еуразия» үйлестіру кеңесіне мүше елдердің танылған кәсіби мамандары мен сарапшыларынан құралғанын ерекше атап өткен жөн.

Байқау төрт кезеңнен тұрады. Бірінші күні командалар алдын ала дайындалған үй тапсырмаларын — әуе қозғалысын ұйымдастыру саласындағы өзекті тақырыптарға арналған жобаларын ұсынды. Қатысушылар өз идеяларының мәнін ашып, таңдалған бағыттардың маңыздылығын түсіндіруге тырысты. Екінші кезеңде теориялық білім деңгейі мен ағылшын тілі білімі тексерілді. Үшінші кезеңде диспетчерлік тренажёрда практикалық тапсырмалар орындалды. Төртінші тур — тосынсый-байқауы, онда қатысушылардың стресске төзімділігі мен стандартты емес жағдайда жедел шешім қабылдау қабілеті бағаланады.

Ресей құрамасының мүшесі Александр Ломакиннің айтуынша, барлық командалар әуе қозғалысын ұйымдастыру жүйесіндегі өзекті мәселелерге арналған қызықты жобаларды ұсынды. Тақырыптар қатарында — ұшқышсыз әуе аппараттарын пайдалану, ауысым барысында қызметкерлердің шаршауын бақылау және саланың қазіргі заманғы сын-қатерлерін көрсететін басқа да бағыттар болды. Ол әр елдің мамандары қандай мәселелерге тап болып жатқандығын және олардың шешу жолдарын білу өте қызықты болғандығын атап өтті.

Қазақстан құрамасының өкілі Тимур Наврузов навигация саласының қарқынды дамып келе жатқандығын тілге тиек етті. Қатысушылардың презентациялары бүгінгі күні жасанды интеллектіні енгізу, ұшқышсыз ұшу аппараттарының дамуы, әуе кеңістігінің құрылымын жетілдіру және басқа да маңызды бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетті. Оның айтуынша, бұл — күн сайын жүріп отыратын үдеріс, ал мұндай байқауларға қатысу болашақ кәсіби қызметте пайдалы болатын дағдыларды дамытуға көмектеседі.

Байқау барысында командалық жұмыс, стресске төзімділік және шешім қабылдаудағы дәлдікке ерекше назар аударылады — бұл нақты жағдайларда диспетчер мамандығы үшін аса маңызды қасиеттер. Байқаудың негізгі мақсаттары — өңірдің ең мықты диспетчерлерін анықтау, қатысушылар арасындағы тәжірибе алмасу мен кәсіби даярлық деңгейін арттыру, ӘҚБ саласындағы заманауи технологиялар мен озық тәжірибелерді көрсету, сондай-ақ әуе қозғалысының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру мақсатында халықаралық ынтымақтастықты нығайту.

Өтіп жатқан байқау — бұл тек жарыс қана емес, сонымен қатар кадрлық әлеуетті дамыту мен қатысушы елдер арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам. Ол мамандарды даярлаудың жоғары стандарттарын көрсетіп, Қазақстанның Еуразия аймағындағы азаматтық авиация саласындағы жетекші ел ретіндегі беделінің артып келе жатқанын дәлелдейді.
Айта кету керек, Алматыдағы Азаматтық авиация академиясы байқаудың тең ұйымдастырушысы ғана емес, сонымен қатар өңірдегі авиация саласына мамандар, соның ішінде авиадиспетчерлерді дайындайтын жетекші оқу орындарының бірі болып табылады. Академияның оқу бағдарламалары халықаралық стандарттарға сай келіп, заманауи әуе қозғалысы жағдайында тиімді жұмыс істей алатын жоғары білікті кадрларды даярлауға бағытталған.

Байқау жеңімпаздары бүгін анықталады. Соңғы күні төрт кезеңнің қорытындылары шығарылып, білім деңгейі, кәсіби дағдылары мен сапаларын жоғары деңгейде көрсеткен ең үздік диспетчерлердің есімдері аталады.

Алматы