
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Индустрияландырудың жаңа кезеңі
2022–2025 жылдардағы жаңа кәсіпорындар экономикалық даму мен өнеркәсіптік серпінге кең тыныс берді. Кейінгі үш жылда ел экономикасында жаңа өндірістер мен кәсіпорындардың құрылуы бұрынғыдан да жүйелі сипат алды. Осы жылдар аралығында елде 4 мыңнан аса жаңа өндірістік кәсіпорын ашылып, жалпы инвестиция көлемі 8 трлн теңгеден асты. Бұл – Үкіметтің өңдеуші өнеркәсіп пен жоғары технологиялық бағыттарды дамытуға басымдық бергенінің айғағы.
Ресми мәліметтерге қарағанда, жаңа кәсіпорындардың үштен бірі экспортқа бағытталған. Ал, жалпы алғанда, жаңа өндірістер есебінен 150 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды.
Инновация ұғымы – тек ғылыми жаңалық емес, өндіріс тиімділігін арттырудың, өнім сапасын жақсартудың әрі жаңа нарықтарға шығудың нақты тетігі. Елімізде кейінгі жылдары инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесі 10%-ға жуықтапты. Бұл көрсеткіш дамыған елдермен салыстырғанда төмен, әйтсе де өсім бағыты байқалады. Мәселен, «Инновациялық технологиялар паркі», «Astana Hub» IT-орталығы мен өңірлік технопарктер инновациялық экожүйені қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. Осындай алаңдар арқылы отандық стартаптар мен цифрлық шешімдер халықаралық нарыққа жол тауып жатыр. Сарапшылар инновацияны дамыту үшін ең алдымен ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтіп, жас зерттеушілерді қолдау мен зияткерлік меншік құқығын қорғау жүйесін жетілдіру қажет екенін айтады.
Инвестициясыз инновация дамымайды. Ал шетелдік және отандық капитал тарту – кез келген экономикалық стратегияның өзегі. Еліміз кейінгі жылдары инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында бірқатар институционалдық реформаны жүзеге асырды.
Былтыр ел экономикасына тартылған жалпы тікелей шетелдік инвестиция көлемі 27 млрд долларға жетті. Бұл – Орталық Азия бойынша ең жоғары көрсеткіш. Инвестициялардың негізгі бөлігі тау-кен, энергетика және көлік-логистика салаларына бағытталғанымен, кейінгі жылдары өңдеуші өнеркәсіп пен IT секторына да қызығушылық артып келеді. Үкіметтің жаңа индустриялық-инновациялық даму саясаты «жасыл технологиялар», баламалы энергия көздері, биотехнология, машина жасау мен ақпараттық технология салаларындағы жобаларды қолдауға басымдық беріп отыр.
Инновация мен инвестиция бір-бірінен ажырамайды. Егер ел инновациялық өнім шығара алмаса, инвестиция тарту да қиын. Ал шетелдік капитал тек тұрақты әрі технологиялық жағынан дамуға қабілетті нарыққа келеді. Әлемдік экономикалық картада өз орнын сақтау үшін еліміз инновацияға бағдарланған даму моделін толық қалыптастыруы шарт. Бұл орайда инновация мен инвестиция – экономиканы әртараптандыру мен жаңа сапалық деңгейге шығарудың басты тетігі. Елдің ұзақмерзімді даму стратегиясы осы екі бағыттың өзара байланысына негізделуге тиіс.
Іргелі жобалар – ірі экономика көрсеткіші
Мұнай-химия және газ өңдеу саласында қолға алынған игі істер бар. Мәселен, Атыраудағы полипропилен зауыты индустрияландырудың көшбасшысы саналады. Үш жыл бұрын іске қосылған бұл жобаға 2,6 млрд доллар инвестиция құйылып, жылына 500 мың тонна өнім шығару көзделген. Сонымен қатар Батыс Қазақстандағы газды терең өңдеу кешені (Қарашығанақ жобасы) 2023 жылы пайдалануға беріліп, өңірлік экономиканың жаңа драйверіне айналды. Машина жасау мен металл өңдеуде Қостанайдағы «KаmAZ» автокомпоненттер зауыты мен Қарағандыдағы «YDD Corporation» болат зауыты – машина жасау мен металлургиядағы ірі серпілістер. Бұл жобалар елді аймақтық индустриялық хабқа айналдыруға негіз болып отыр.
Жаңартылатын энергия саласы да алға басып келеді. 2022–2025 жылдар аралығында елде 28 жаңа ЖЭК нысаны (күн, жел, су электр стансалары) іске қосылып, жалпы қуаты 900 мегаваттқа жетті. Жетісудағы Қапшағай күн электр стансасы мен Жамбылдағы «Tokmak Energy» жел паркі өңірлердің «жасыл экономикаға» көшу қарқынын күшейтті. Агроөнеркәсіп пен өңдеу секторындағы серпін де ел экономикасын нығайтуға үлкен үлес қосып отыр. Түркістан облысында құрылған «AgroPark Turkistan» индустриялық аймағы – ауыл шаруашылығын өңдеудің жаңа үлгісі. 2022–2024 жылдары мұнда 40-тан астам жаңа кәсіпорын ашылып, өңірдің экспорттық әлеуетін айтарлықтай арттырды. Солтүстік Қазақстандағы «BioOperations» кешені елімізде астық пен етті терең өңдеудің жаңа кезеңін бастады.
Сирек металдар мен жоғары технологиялар бойынша да алға басу бар. Шығыс Қазақстан мен Ақтөбеде іске қосылған сирек металл өндірісі бағытындағы жобалар – Қазақстанның болашақ «жасыл технологиялар» нарығындағы орнын нығайта түсті. «Ulba Metallurgical Plant» кәсіпорнында титан мен бериллий өндірісі кеңейтіліп, «KazLithium» компаниясы Маңғыстауда литий өндірудің қанатқақты жобасын қолға алды.
Кейінгі үш жылдағы индустрияландыру саясаты нақты нәтиже беріп отыр. Егер 2015–2020 жылдары жобалардың басым бөлігі ірі қалаларға шоғырланса, қазір өңірлік теңгерім байқалады. Бұл индустриялық саясаттың жетілгенін көрсетеді. Сондай-ақ шетелдік инвесторлар еліміздегі жаңа зауыттарға белсенді қатысып отыр. 2023–2024 жылдары ғана 200-ден астам бірлескен жоба жүзеге асырылды. Бұл – еліміздің инвестициялық тартымдылығының артуының дәлелі.
Қазіргі жаһандану дәуірінде экономикалық бәсекенің басты өлшемі – табиғи ресурстар көлемі емес, инновациялық даму деңгейі мен инвестициялық тартымдылық.
Инновациялық-инвестициялық саясаттың табысы ең алдымен адам капиталының сапасына байланысты. Қазір елімізде инженерлік, ІТ мен ғылыми бағыттағы мамандарға сұраныс артып отыр. Үкімет бұл бағытта «Цифрлық Қазақстан», «Білімді ұлт», «Индустрия 4.0» бағдарламаларын жүзеге асырып, білім мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуді көздейді. Биылға дейінгі стратегиялық мақсат – ғылым мен инновацияға жұмсалатын шығынды ІЖӨ-нің кемінде 1%-ына дейін арттыру. Бұл қадам елдің жаһандық инновациялық рейтингтегі орнын 80-орыннан 60-орынға дейін көтеруге мүмкіндік береді деп күтіледі.