
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биылғы тоғыз айда 5 213 адам жұмыс күшіне зәру облыстарға қоныс аударды. Оның ішінде 1 725 қандасымыз алыс-жақын елдерден көшіп келді. Жыл соңына дейін тағы 9 653 адамды көшіру жоспарланып отыр. Жыл басынан бері қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан барлық қолдау шарасы көрсетілді. Қаңтар айынан бері Павлодар облысына – 1 886, СҚО – 1 516, Қостанай облысына – 575, ШҚО – 490, Абай облысына – 305, Ақмола облысына – 257, Атырау облысына – 103, Ұлытау облысына – 43, Қарағанды облысына 38 адам қоныс аударды. Қоныстану аймақтарына сырттан көшіп келген қандастарымыздың көпшілігі негізінен Өзбекстаннан – 612 адам, Қытайдан – 563, Моңғолиядан – 377, Ресейден – 84, Түрікменстаннан – 49 адам, басқа елдерден 49 адам атамекенге ат басын бұрды. Жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударғандар арасынан еңбекке жарамды 2 307 адамның 1 041-і жұмысқа орналасса, 38 адам жеке кәсіпкерлікті өрістетіп отыр.
Қоныс аударушылар негізінен денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, өнеркәсіп сынды салаларға жұмысқа қабылданды. Былтыр еңбек күші тапшы өңірлерге 8 950 адам немесе 2 544 отбасы қоныс аударды. Қоныс аударушылардың отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жалпы сомасы 7 млрд теңгеге 1 641 экономикалық ұтқырлық сертификаты берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Үкіметке ішкі және сыртқы көші-қонға бақылау жасап, есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізуді тапсырды. «Ішкі және сыртқы көші-қон үдерісінің бақылаусыз қалуы жұрттың бәрі тұрғысы келетін ірі қалаларымыздың инфрақұрылымына орасан салмақ түсіріп отыр. Астана – соның айқын мысалы. Кейінгі үш жылдың өзінде елорда тұрғындарының саны 250 мыңнан астам адамға, соның ішінде былтыр 100 мың адамға көбейді. Биылғы өсім онсыз да жоғары саналатын осы көрсеткіштен асып түсуі мүмкін. Елордада халық саны ресми түрде 1,5 миллион адам болғанымен, оның инфрақұрылымы іс жүзінде күн сайын 1,9 миллион адамға қызмет көрсетеді. Басқаша айтсақ, Астана 400 мыңнан астам адамға, яғни халық саны бойынша орташа қала саналатын тағы бір шаһардың тұрғындарына пара-пар жұртқа ешқандай жоба-жоспарсыз қызмет етіп жатыр», деген Президент елорданы ауызсумен, алты ай қыста жылумен қамтамасыз ету жүйелерінің жұмысына да қауіп төніп тұрғанына тоқталды.
Ішкі көші-қон саясатында жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуды да оңтайлы жүзеге асыру бүгін де өзекті. Республикалық маңызы бар мегаполистерден бөлек, облыс орталықтарында, шалғай ауылдарда да тұрмысын түзеймін деген жанға мүмкіндік мол. Әсіресе жұмыс күші тапшы өңірлерде білікті кадрдың қадірі жоғары. Мысалы, былтыр Маңғыстау облысынан Қостанай қаласына көшіп келген Қанат Құрмешов бір емес, екі мамандық иесі. «Ақпараттық жүйелер», «Дене шынықтыру және спорт» мамандықтары бойынша жоғары білімі бар маман бірден Владимир Матвиенко атындағы Олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне WKF каратэден жаттықтырушы болып жұмысқа орналасқан.
«Көшіп келген соң, 2024 жылғы мамырда қаладағы мансап орталығына жүгініп, қажетті кеңес алып, квотаға енуге қажетті құжаттар тізімімен таныстым. Аймақтық квотаға енгеннен кейін біз көшуге байланысты материалдық көмек, сондай-ақ тұрғын үй жалдау мен коммуналдық қызметтерге кететін шығындарды өтеуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау алдық», дейді Қ.Құрмешовтің жұбайы Ләззат Оразмағамбет.
«Мұнай өнеркәсібі» мамандығымен колледжде білім алған Ләззат «Бастау бизнес» жобасы арқылы өз кәсібін дамытуға арналған грантты иеленіп, фитнес-клуб ашқан. Қанат та биыл кәсіпкерлік курсын оқып, кондитерлік цех ашу мақсатында 1 572 800 теңге көлемінде грант алған.
«Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен демеудің арқасында отбасымыз жаңа ортаға тез бейімделіп, ісімізді бастауға мүмкіндік алдық. Осы маңызды қадамда бізге қолдау көрсеткен барлық жандарға шын жүректен алғыс айтамыз», дейді Қ.Құрмешов.
Мемлекет жұмыс күші тапшы облыстарға көшіп келуге ынталы азаматтарға әрдайым қамқорлық танытады. Ерікті қоныс аудару аясында көштің басын жұмыс күші тапшы облыстарға бұрғандарға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады: отағасы, отбасының әрбір мүшесі 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия алады. Отбасы мүшелерінің саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде бір жыл бойы үй жалдауға, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге де субсидия қарастырылған. Қысқамерзімді кәсіптік оқытуға жолдама, жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу, экономикалық ұтқырлық сертификаттары беріледі. Өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген, кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір азамат 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев 2023–2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасының аясында елден кетушілерге қарағанда қоныс аударып келушілердің оң сальдосы сақталып тұрғанын айтады. «2023 жылы қоныс аударушылардан былтыр көшіп келген азаматтардың саны 17,2 мыңға артты. Былтыр 30 мың адам көшіп келсе, елімізден 12,8 мың адам кетті», деді А.Ертаев.
Этностық көші-қонды реттеу шеңберінде тарихи отанына қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері іске қосылды. Қандастарды қоныстандыруда аймақтар сараланып, көшіп келушілерге интерактивті карта әзірленді. Жергілікті атқарушы органдар былтыр Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Абай облыстарында, биыл Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында бейімдеу, интеграциялау орталықтарын құрды. Шет елдерден көшіп келуші қандастар мен қоныс аударушыларды толық сүйемелдеу «FSM Social» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Вице-министр А.Ертаев биылдан бастап қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу, ерікті қоныс аударушыларға қолдау шараларын көрсету жөніндегі мемлекеттік қызметтер электрондық форматта көрсетілетінін жеткізді. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады. Мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру қоныс аударушылар мен еңбек мобильділігі орталықтары арасындағы шарттық міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуге жол ашады.
Ерікті қоныс аударушылардың отбасы мүшелерінің мәліметтері тұрақты тіркеу арқылы «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Бұл қоныс аударушылардың, қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің тіркеу орнындағы өзгерістерін уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Бүгінде көші-қон үдерістерін реттеу жүйесін цифрландыру ісі – басым бағыттардың бірі. «Migration.enbek.kz порталы арқылы елімізге келетін шетелдік азаматтардың бірыңғай есебін, сондай-ақ көші-қон ағындарының мониторингі мен бақылауын қамтамасыз ету жеңілдейді. Жұмыс кезең-кезеңмен жүргізіледі. Былтыр 15 қызмет енгізілсе, биыл жыл соңына дейін 3 қызметті іске қосу жоспарланып отыр. Мұның барлығы «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін көшіп-қонушылардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру мақсатында қолға алынды.
Көші-қон саясаты оңтайлы жүргізіліп, жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныстанушыларды орналастыруда қиындық туындамауға тиіс. Сонда ғана атажұртына керуен тартқан алыстағы ағайын да, өз азаматтарымыз да көшуге, қоныс аударуға барынша ықылас танытады.