Ән • Кеше

Әке аманаты

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Баланың кіршіксіз, риясыз күлкісінен асқан қуаныш та, бақыт та жоқ шығар. Құлындай құлдыраңдап шапқылап жүрген бейкүнә періштенің жүзіндегі жылылық әке біткенді қанаттандыратыны, шабыттандыратыны анық. Көзінің ағы мен қарасындай болған ұлына кім де болса тек жақсылық тілейтініне ешкімнің таласы жоқ. Балаға арналған әдемі әндер аз емес. Солардың ішінде Ғазизхан Шекербектің орындауында «Ұлыма ақыл» әні кімді де болсын ойландырмай, толғандырмай қоймайды.

Әке аманаты

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Әннің сөзі мен сазы үйлесім тапса, тыңдарманның көңілін тоқыта­тыны, жан тебірентетіні белгілі. Сол тұрғыдан алғанда Ғазизхан Шекербек пен ақын Ершат Қайболдин арасындағы шығармашылық тандем сәтті шыққан деуге толық негіз бар. Екі автордың бірлесіп жазған әндері сапа тұрғысынан алғанда, өнерсүйер қауымның ойындағысын дәл табатынына ешкім таласа қоймас. Қара өлеңнің қайнар бұлағынан шөлін қандырған Ершат ақынның қай әнге жазған сөзі болсын, тыңдарман жүрегіне дөп тиетіні бар. Сүйегіне сөз қонған жас ақын сонысымен дараланып тұрады.

«Сен сүрініп кеткенде тік тұрамын,

Шыр-пыр болып шырқырап шықты жаным.

Дос таңдамай бәрімен сыйласа бер,

Бірақ жаудың таңдап ал мықтырағын», деп келетін төрт жол кез келген әкенің көмейінде кептеліп тұрған сөз екеніне ешкімнің шүбә келтіре алмасы анық. Ақиқатында барлық әке баласының сүрінбеуін, жығылмауын, жолынан адаспауын тілейді емес пе? Әке көңіліндегі сол бір алғаусыз тілек ән тілінде, қара өлең қалыбында жүректерге дәл жетіп тұр десек, артық айтпаспыз. Бұл енді Ершат ақынның шеберлігі екені даусыз. Оны жұрт жүрегіне әдемі әуенімен жеткізген Ғазизхан Шекербектің де еңбегі ерен.

«Бөрі етектен алғанда жау жағадан,

Талайлар арын сатып саудалаған.

Қапыда табысыңды жоғалтсаң да,

Намысыңды жоғалтып алма, балам», деп келетін шумақ та көкейімізде жүрген, алайда тілдің ұшына келмеген ойымызды айқын жеткізіп тұрғаны тағы  рас.

Расында жүрегінде намыс оты лаулаған әрбір әке баласының да бойында қазақ батырларына тән өр рухтың оты ұшқындап тұрғанын қалайтыны ақиқат. Намысын саудаға салмайтын қазақ баласының жүзі қай кезде де жарқын болатыны да даусыз. Адалдық пен ар жолынан айнымаған адамның жүрегін жаралау оңай көрінсе де, көңіліне ешкім қаяу түсіре алмайды. Өйткені оның бойында байырғы бабалардан қалған тектіліктің, кісіліктің сарқыты бар.

«Жолдан іздеп жолықтыр азығыңды,

Сен көрсетші әкеңнен озып үлгі.

Жарты әлемнің тізгінін ұстасаң да,

Туған жерге қағарсың қазығыңды», деп басталатын ән шумақтары да сананы дүр сілкіндіретіні анық.

Расында, адамзат үшін, әсіресе әке үшін ұлының өзі қол жеткізе алмаған зау биікті бағындырғанын көргеннен асқан бақыт жоқ шығар. Ал ақынның «жарты әлемнің тізгінін ұстасаң да, туған жерге қағарсың қазығыңды» деуінің артында әке аманаты жатқанына ешкімнің таласы жоқ.

«Жаным балам, тас лақтырма тағдырға,

Жарқырап жүр, көңілімді қалдырма.

Төр сенікі, төмендеуге хақың жоқ,

Ел тұрғанда артыңда, мен тұрғанда алдыңда», деген өлең тармақтары да тыңдарман санасын сан саққа жүгіртетіні, толғандыратыны, ойландыратыны сөзсіз. Өйткені бұл шумақтағы кез келген тармақ әрбір әке жүрегіндегі тұнық ойды дәлме-дәл жеткізіп тұр. Әннің мәтіні сонысымен құнды десек те болатын секілді.

Ән мәтінінен мән кеткен қазіргі уақытта ерінбегіннің бәрі әнші болып жүргені жан ауыр­тады. Осындайда сөз тани білетін, қасиетті қара өлеңге бас иетін Ғазизхан Шекербек секілді талғампаз әншілердің бары көңіл тоғайтады. Өйткені мұндай әншілер әннің табиғатын да, қара өлеңнің табиғатын да бұзбайды.