
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
2020 жылы 24 қарашада Президент Жарлығымен құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қыруар жұмыс атқарды. Ең бастысы, тарихтың өзекті мәселелеріне қатысты жаңа ғылыми-тарихи, ғылыми-саяси, ғылыми-құқықтық тұжырымдарды дәйектеп негіздеді. Іргелі әрі жүйелі зерттеу тақырыптарының аясы кеңейді. Соның бірі – «Қазақстандағы Кіші қазан» трагедиясы.
1920–1930 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргінді кешенді зерделеу, құрбандардың негізгі санаттарын анықтау, іргелі зерттеу жүргізу енді ғылым аясында жалғасады. Үкімет 2024 жылы қазанда Мемлекеттік комиссияның тұжырымдарын іргелі зерттеуге жобалық-мақсатты қаржы бөлді (ИРН: BR24993057 «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының негізгі базалық санаттары мен кіші санаттарын іргелі зерттеу және оларды толық ақтау үдерістері»). Осы мақсатта 10-нан аса саяси науқанды жүйелі, пәнаралық, антропологиялық тұрғыдан қарастыратын жұмыс тобы құрылды, ғалым-мамандар шақырылып, әдіснама мен жұмыс бағыттары айқындалды.
Әккі большевик, республиканың 1-хатшысы Ф.Голощекин кеңес өкіметі басшылары пәтуасымен ұйымдастырған «Қазақстандағы Кіші қазан» төңкеріс науқаны барысын, тетіктерін, зардаптарын жүйелі зерттегенде ғана ашаршылық құрбандарының санын, жойылған ауыл, қырылған бала, өлім-жітім мөлшерін, халқымыздың басына түскен қасіретті ғылыми тұрғыдан сараптай аламыз. Әрбір өңір мен аудандағы «Кіші қазан» қасіретін дәйектейтін уақыт әлдеқашан жетті.
Шеттен келген басшы ел психологиясын, әлеуметтік-экономикалық жағдайын сырттай зерттеп, даярланатыны анық. Большевиктердің осы саладағы күрделі ұстанымын, көзқарасын, амалдарын жан-жақты қарастыру да – ғылым міндеті.
Ф. Голощекин келген бойда, 1925 жылы 1 желтоқсанда Қызылордада өткен V партконференцияда «Қазақстанда ешқандай совет өкіметі орнамағанын» мәлімдеп, «Октябрь дауылы қазақ ауылын жанап өтті. Себеп – ұлттық пролетариаттың болмауы, мәдени-экономикалық мешеулік» деп атап көрсетті. Бұл – Қазақстанға қарсы жабық соғыс жарияланғанының дәлелі.
Халық большевиктер билігін емес, Алашты, өзінің Алаш автономиясын мойындады. Алашорда үкіметі күшпен, заңсыз таратылса да, жұрттың көкірегінде ұлт зиялылары бастамасына деген сенім 30-жылдарға де дейін сөнбеді. Айлакер большевик келе сала Алаш қайраткерлеріне ауыз салды. Большевиктік-сталиндік билік Алаш ұрпағын, олармен мүдделестерді әрқашан бақылауда ұстады. Қуғын көргендердің ұлдары да әкелері туралы ашық айта алмады, жасыруға мәжбүр болды. Ал, шынында, олар өткендердің ерлігімен мақтануға құқылы еді.
Сонымен Ф.Голощекин: «Ауылды советтендіру – жұртшылықты қамтудың ұраны ғана емес, артта қалған ұлтты ұйымдастырудың ұраны», деп соқты. Ол, біріншіден, кедей мен орташаларды ұлттық қанаушылыққа қарсы күреске жұмылдыратынын; екіншіден, Алаш идеологиясына қарсы коммунистік идеологияны күшейтетінін мәлімдеді. Тап күресін желеу етіп, әлеуметтік топтарды бір-біріне қарсы қою саясатын жүргізді. «Қазақ ішінде тап атаулы жоқ» деп шырылдаған ұлт зиялылары пікірін ескермеді. Ф.Голощекиннің мақсаты – қазақ даласын толық бағындыру еді. Еркін, рухты, білімді, білікті зиялылар халқымен бір болғанда оларды бағындыру оңай болмайтынын түсінген әккі революционер орталықпен келісе отырып, «Кіші қазан» революциялық зорлық-зомбылық шарасын қарқынды жүргізді. Асқан айлакерлікпен, ел рухын жоятын жауыздықпен атқарды. Бір қарағанда, «қараңғы ауылды кеңестендіріп, реформа жасаған» сияқты көрінді. Алайда қазақ тарихын, ұлт жанын түсінген адам Ф.Голощекин басшылығы кезінде ұлттық болмысымыз тас-талқан болғанын айқын, анық аңғарады.
1925 жылы 1 желтоқсандағы БК(б)П өлкелік комитетінің жұмысы туралы V өлкелік партконференциядағы «За советизацию аула» атты баяндамасында ол қазақ қоғамын бағынышты етудің жолдарын теориялық-методологиялық тұрғыдан негіздеді. Большевиктік-сталиндік саясаттың «дұрыстығын» көрсету үшін қазақ ауылдары «артта қалған, қараңғы, надан» деген насихатқа кеңінен жол ашты. Ф.Голощекин 4 мәселені баса көрсетті: экономика, мәдени жұмыс, ұлттың өзін-өзі басқару формасы, жергіліктендіру. Осы төрт салаға жойқын шабуыл жасалды.
Жергілікті халықты оңайлықпен бағындыра алмайтынын білген соң, ұлттық нәзік, шетін, зәру тұстарды саясатқа тонын айналдырып үйлестірді. «Қазақ жерін жинаушы» рөліне еніп, «экономикалық тұрғыдан біріктірілмеген территория бізді жаншып барады», «ауылды советтендіру – артта қалған қазақ ұлтын ұйымдастырудың бірден-бір жолы», «өзін-өзі басқару туралы... форма жалғыз – советтік, осыған байланысты мәселе – жергіліктендіру мәселесі», т.б. деп күлбілте, бірақ көз бояйтын амалдармен халықты алдап бақты.
Бұдан кейін Ф.Голощекин «қазақты адам қылмақ советтендіруге қарсы топ» деп, Алаш зиялыларының көзін жоюды бірінші орынға қойды.
Жоғарыдағыдай «сараптаулар» 1991 жылға дейін жалғасып, арамыздан қазақша сөйлеуге намыстанатын, ана тілінде сөйлегендерді менсінбейтін адамдар қалыптаса бастады. Осы «бодандық синдромының» қалдығы арамызда әлі күнге дейін шаң беріп қалады.
Ана тілін еркін білу, тағдырын тарих аясында саралау – ұлттың жан дүниесін әріден ұғыну деген сөз. Алаш ерлері шығармалары арқылы халқын өрге сүйреді, тіпті осы күнге дейін ұлтқа жол сілтеп отыр.
Жүсіпбек Аймауытұлы 1917 жылы 30 наурызда «Алаш» газетіне жариялаған «Қазақ мінезіндегі өзгерістер» атты мақаласында: «Тән қуатты болса, жан қуатты, ажарлы болады. Нашар жаннан осал мінездер туады... Жауыздық, залымдық қара бұлттай қоршап, халықты астан-кестең қылып, өзді-өзімен атыстырып, көзді шел қаптайды», деп, намыс пен бірлікті, сақтық пен қауіпсіздікті айрықша аманаттады.
Жалпы, Ф.Голощекин және оның командасының жазғандарын зерделеп оқу үшін де көп дайындық керек. Зерттеуші, біріншіден, Алаш зиялылары еңбектерімен жақсы таныс болуға тиіс; екіншіден, қазақ халқының тарихын (ділін, тұрмыс-салтын, т.б.) жетік білуі шарт; үшіншіден, интеллектуалдық интуициясына салмақ түсіруі қажет. «Қазақстандағы Кіші қазан» қасіретін зерделеуге арнайы теория-методология тұрғысынан дайындық қажет» деуіміздің мәні де осында.
Мемлекеттік комиссия жетекшілері, көшбасшы ғалымдары осы қағидатты жақсы игерді. Сонымен қатар аталған білікті комиссия, әсіресе оның жұмысын қамтамасыз ететін Жобалық кеңсе «Кіші қазан» тақырыбын арнайы зерттегенде бірыңғай кәсіби тарихшыларды ғана емес, философ, заңгер, филолог, мәдениеттанушы, психолог, әлеуметтанушы, дінтанушы мамандарды ортақ іске тартудың қажеттігін жете түсінді. Бұл – заманауи озық әлемдік антропологиялық әдіснама.
Мемлекеттің басты құндылығы, негізгі капиталы – адам. Мұны аяқасты еткен қоғамды ешқашан ақтауға болмайды. Большевиктік-сталиндік билік бейкүнә сәбилерді де өмір сүру құқынан айырды... Отбасында бала-шаға бағып отырған ананы да азаптап, абақтыға жапты. Зиялылардың қария әке-шешесін де қорлауға, азаптауға, тіпті түрмеге қамауға пәрмен берді. Бұл – арнайы зерттелінетін көкейкесті мәселе. Адамзат құндылығы мен құқын таптаудың классикалық үлгісі Қазақстанда ХХ ғасырдың 20–30-жылдары жүзеге асқаны – атқан таңдай ақиқат.
«Кеңес өкіметі электр жарығын жеткізді, оқытты, көзімізді ашты» дейтіндер ұлт қайраткерлері, қазақ байлары, діни тұлғалар саяси билікке қол жеткізгенде, білім іздегендер постимпериялық аумақпен шектелмей, әлемдік университеттерде оқитын еді, жаңашыл өндірістер ашып, зауыттар салып, елдің жерасты, жерүсті байлығын халық игілігіне жаратар еді. Бұған ешқандай шәк жоқ. Тіпті көршілерімізде билікке большевиктер емес, шынайы реформаторлар келсе, тарих мүлдем басқаша қалыптасар еді. Әңгімеге өзек – Ф.Голощекин бастаған қанпезерлер патша отбасын атпайтыны, мың азаптың болмайтыны бесенеден белгілі...
Қаншама адам жазықсыз құрбан болды. Қаншама сәби жетім қалды, жастар қырылды, азапталды. Қазақ халқының рухани тірегі болған дәстүрлі діни мектеп жүйесі жойылды... Алаш зиялылары түгелге дерлік атылды. Тектілер ұрпағын тентіретті. Адамдар бір-бірімен амандаса алмайтын заман орнады. Халық жаппай үреймен өмір сүрді. Аштық жылдары миллиондар қырылып, өлгендер көмілмей де қалды. Бұндай сұмдық пен қорлықты көрген халық аз шығар. Әне бұл да – «Кіші қазанның» азабы мен мазағы.
Шүкір, халқымыз осы жалпыұлттық трагедияны бастан кешірсе де, кеңдігі мен даналығынан айырылмады. Аналарымыздың қайраты арқасында талай ұрпақ аман қалды. Себебі аталарын, әкелерін, ағаларын ұстап, жер аударып, сот-тергеусіз атып немесе ұзақ жылға соттағанда бүкіл әулеттің жауапкершілігі, яғни тірі қалу мүмкіндігі аналар мойнына артылды. Ұрпағын аман сақтау мақсатында олардың көрмеген қасіреті жоқ.
Өз топырағында жетімнің күйін кешкен қазақ жер аударылып келгендерге жеп отырған нанын бөліп берді. Айта берсек, қасіреттің ауқымы адам айтқысыз. Кеңес өкіметін жамандау мақсат емес. Зерттеушіге ақиқат пен шындық қымбат. Ақиқат пен шындық қана – дамудың, жарқын болашақтың кепілі.
Көп уақыт 30-жылдардағы бас көтерулер де халыққа сыңаржақ түсіндірілді. Басқа амалы болмағандықтан, аштан өлмес үшін қолына бар қаруын алып, әупіріммен көтеріліске шыққан ерлерді ақтау ақиқат тұрғысынан қажет. Аталарын іздеген адам көп... Ақталмаған адамдар да аз емес...
Революциялық зорлық-зомбылыққа толы «Кіші қазан» саясатының мақсатын, әдісін, қайғылы салдарын обьективті тұрғыдан зерттеу – заман талабы. Өйткені Ф.Голощекин мен оның сұрқия тобы Қазақстанды басқарған жылдары халқымыз қасіретке белшесінен батты. Тіпті мұны 1937–1938 жылдардағы жаппай террорға жасалған дайындық деп те айтуға болады. Қазақ халқын ойсыратып кеткен «Кіші қазанның» зардабы мен трагедиясын былайша түйіндеп айта аламыз:
1) Ұлттық дамудың өзегі, темірқазығы – Алаш зиялыларын түгелдей дерлік жойды. Олардың отбасы мүшелерін, туған-туыстарын, таныстарын да қуғын-сүргінге ұшыратты.
2) Қазақ халқының әлеуметтік тірегі – байларды түп-тұқиянымен құртып, жұртты сенімнен, қорғаннан айырды. Мысалы, қазақ байлары 20-жылдардағы ашаршылықта халықты барынша аман сақтап қалды, ал 30-жылдары байларды жойғаннан кейін халық жаппай аштан қырылды.
3) Халқымызға рухани жолбасшы рөліндегі қожа, ишан, молдаларды жойды. Дін – әлеуметтік құбылыс. Діни сауатты адамдар өз топырағында мектеп қалыптастырса ғана рухани қауіпсіздік жүйелі дамиды. Осыны әдейі құрту арқылы санада, дәстүрде ала-құлалықты өршітті.
4) Қазақтың қаймағы сынды ауылдарды аздырып-тоздырды. Ауыл – қазақ ұлтының күретамыры, рухани тазалықтың қайнар көзі. Ауылдарды қасақана сандармен таңбалап, екінші, үшінші ұрпақ ата-бабасының туған ауылын таба алмайтын дәрежеге жеткізді.
5) «Революцияға дейін күң болған, құл болған» деген желеумен әйелдерді кеңестік саясаттың қолшоқпарына айналдырды. Жергілікті архивтерде әйелдердің кеңестік жұмысқа баруға, кедейлердің байлардың орнына қызметке шығуға қарсылық білдірген арыздары жиі кездеседі.
6) «Кіші қазан» саясаты (саяси-экономикалық, әлеуметтік шаралары) халықты аштыққа ұрындырды. Жұрт «малша қырылғанша соғысып өлейік» деп көтеріліске шықты. Туған жерін амалсыз тастап, жаяу-жалпылап шекара асып, ауа көшті. Сырт жерлерде көрген қорлығы да аз емес. Кеңестік билік елдегі ашынған халықты да, шетке ағылған үркіншілік көшті де аяусыз қырып-жойды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсе басшысы, заңгер-ғалым Сабыр Қасымов 1937–1938 жылдары жаппай террор КСРО-ның барлық республикасында болғанын айта келіп, былай деп тұжырымдайды: «Ф.Голощекин және оның командасы басқарған жылдары тарихымызда бұрын-соңды болмаған ең қасіретті кезең, яғни «Қазақстандағы ең үлкен террор» – халқымызды ауқымды саяси қуғын-сүргінге, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық, гуманитарлық апатқа алып келген «Кіші қазан».
Мемлекеттік комиссия, Жобалық кеңсе талай елдік жұмыс атқарды. Мұны үшжылдық жұмысын қорытқан Мемлекеттік кеңесші Е.Қарин де атап көрсетті.
Біз Сабыр Ахметжанұлының «Кіші қазанға» байланысты дәйекті зерттеулерін, тұжырымдарын ғылыми орта, атқарушы билік, жауапты орындар ескерсе екен дейміз. Денсаулығы сыр берсе де, елдік іске барынша жауапты қарап, ресми мекемелер, депутаттар, ғылыми институттар атқаратын ауыр жүкті бір өзі мойымай көтеріп келеді. Біздіңше, нәтижесі айдан анық осы азаматтық бастамасын, зерттеу жұмысын жұрт болып қолдағанымыз, реті келсе, бұл елдік іске көмектескеніміз абзал.
Халқымыз, әсіресе қоғамдағы зиялы қауым мен атқарушы билік тарихымыздың трагедиялы кезеңі – «Кіші қазан» зардабын ұмытпауға тиіс. Біріншіден, ол демократиялық әрі әділ Қазақстанды құру жолында қай жағынан да қауіпсіздігіміз үшін, сақтану үшін керек. Екіншіден, тәуелсіздіктің құндылығын түсіну мен қастерлеу жолында мемлекетшілдік пен отаншылдықты лайықты орнықтыру үшін қажет. Тағылым ұғымының мәні де осында.
Тарихты жаңғыртуға байланысты ортақ істің барысында, өкінішке қарай, қайбір әріптестеріміздің кеңестік ұстаным мен сыңаржақ көзқарастан шықпағанын аңғардық...
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғаның мағлұматын сымға тартқандай сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді», деп жазса, әйгілі қайраткер Мұстафа Шоқай: «Ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді», деп ой түйгені мәлім.
Кеңестік тоталитарлық заманда аштан қырылған, саяси тұрғыдан азапталған, атылған, кінәсіз қудаланғандар ұрпағы тәуелсіз және әділетті Қазақстанның жеңісін, жемісін көруге мүдделі. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың игі бастамалары да осы елдік жұмыстарды баянды етуге бағытталған деп сеніммен айта аламыз.
Құралай СӘРСЕМБИНА,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты
Астана филиалының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты