
Фото: istockphoto.com
Жаңа зауыт швейцариялық технологиямен дайындалған түрлі сүт өнімдерін шығарып, отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ете отырып, Ресей мен Беларусьтен әкелінетін импорттық тауарларға лайықты бәсеке ұсынады. Жобаның іске қосылуы – елдің солтүстігінде заманауи агроөнеркәсіптік кешен қалыптастырудың соңғы кезеңі. Бұл қадам Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған өңдеу саласын дамыту міндеттерімен толық үндеседі.
Зауытқа Еуропаның жетекші компанияларынан заманауи өндірістік желілер әкелініп, орнатылып, іске қосылды. Олар өнім сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары стандарттарын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, Қазақстанда бұрын болмаған қуатты өндірістік кешен құрылды. Кәсіпорын жыл соңына дейін тәулігіне 350 тоннаға дейін сүт өңдей алады.
Қазір зауыттың өндірістік қуаты жылына 51 мың тонна терең өңделген дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Соның қатарында: 7 мың тонна ірімшік, 12 мың тонна сары май, 12 мың тонна қоюлатылған сүт, 20 мың тонна сарысу концентраты мен қышқыл сүт өнімдері өндіріледі. Кәсіпорында күрделі жаңа өнім түрлері – қатты және жұмсақ ірімшіктерді шығару жолға қойылып жатыр. Ал алдағы жоспарларда – денсаулыққа пайдалы және спорттық тағамдар, сүзбе, әртүрлі қышқыл сүт өнімдері мен басқа да өнімдердің желілерін іске қосу бар.
«Сапасы жоғары сүт өнімдерін шығаратын зауыт ашу – бұл қазақстандық нарықты дерлік жаулап алған беларусь компанияларына жауабымыз. Олармен тек өндірісті ұлғайту арқылы ғана емес, өнімнің өзіндік құнын төмендету, дәм сапасын арттыру мен ассортиментті кеңейту арқылы да бәсекелесеміз. Мұндай ауқымды жобаны іске асыру – бүкіл саланы дамытуға әрі ел нарығындағы отандық өндірушілердің үлесін арттыруға жасалған үлкен қадам», дейді «Eurasian Milk» ЖШС бас директоры Андрей Гриценко.
Бүгінде отандық дүкен сөрелерін негізінен импорттық тауарлар жаулап алған. Ал жергілікті өндіріс шетелдік өнімдермен тең емес бәсекеде төтеп бере алмай, біртіндеп қысқарып, тіпті жоғалып кетіп жатыр. Eurasian Milk маманының айтуынша, импортқа қарсы тұрып, сәтті жұмыс істеу үшін өндірушілерге орасан инвестиция салып, күрделі заманауи технологияларды іске қосып, оларды толық ретке келтіру қажет. Сонымен қатар кадрларды нөлден бастап даярлау, еуропалық жетекші тәжірибені жергілікті мамандарға үйрету, фермерлермен байланыс орнатып, оларды оқыту керек. Яғни бұл – үлкен тәуекелді талап ететін ауқымды жұмыс. Қазіргі жағдайда мұндай тәуекелге барып, осындай көлемді міндеттерді мойнына алуға көп компания дайын емес. Ал Eurasian Milk болса, бұл мәселелерді шешу үшін қазірдің өзінде белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Сүт өнеркәсібіндегі соңғы жылдардағы ең ірі жобалардың біріне салынған бұл инвестиция инвесторлардың елдегі ішкі өндірісті дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатқа сенім білдіретінін көрсетеді. Сондай-ақ Президент қойған – ұлттық азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін азайту міндеті мемлекет пен бизнес күш біріктірген кезде жүзеге асатынына деген сенімді дәлелдейді.
Eurasian Foods Corporation холдингі (Eurasian Milk осы холдингтің құрамына кіреді) өнім сапасы жоғары болып, алғашқы кезеңде мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, Қазақстандағы өндірістің болашағы зор деп есептейді. Компанияның заманауи өндіріс құруға қажетті тәжірибесі де, технологиясы да бар. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыруға 70 миллион доллар инвестиция салынған. Компания қызметкерлерді күрделі жабдықпен жұмыс істеуге оқытып, олардың біліктілігін арттырады, кәсіби өсуіне жағдай жасайды. Өндіріс ұлғайған сайын жаңа жұмыс орындары ашылады. Зауыттың толық штаттық құрамы – 415 адам.
Соңғы жылдары экономикалық байланыстардың өзгеруі салдарынан еуропалық жабдық айтарлықтай қымбаттады, ал оны дайындау мерзімі едәуір ұзарды. Бұл жобаның бастапқы кезеңін одан әрі күрделендірді. Соған қарамастан, қазіргі таңда 6000 шаршы метр өндірістік корпус толық салынды, қосалқы өндіріс үшін инженерлік және технологиялық жабдықтар дайындалды, кадрлық құрам жасақталды. Сарапшылардың дерегінше, Қазақстанда сары май өндірісіндегі отандық үлес бүгінде 33%-дан аспайды, ал 67% өнім – импорт. Ірімшік сегментінде жағдай одан да қиын. Нарықтағы отандық өнімнің үлесі 10%-дан төмен. Қоюлатылған сүт категориясында импорттың үлесі дерлік 100%.
Петропавлдағы кәсіпорынның іске қосылуы осы өнім түрлері мен басқа да бағыттарда импортты алмастыруға нақты серпін беріп, елге терең өңделген, жоғары сапалы отандық сүт өнімдерін ұсынуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, кәсіпорын экспорттық әлеуетін де дамытуды көздеп отыр. Қазірдің өзінде өнімдер Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Моңғолияға экспортталуда.
«Жаңартылған жаңа кәсіпорынның ашылуы – әлемдегі геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстанның азық-түлік саласы өсіп келе жатқанын көрсетеді. Еуропалық стандарттағы сүт өнімдерін шығаратын өңдеу кешенінің пайда болуы – көп жыл бойы көзделген отандық өндірістің деңгейі. Eurasian Milk зауытының іске қосылуы Қазақстан мен шетел нарықтарында позициямзды айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», деді Андрей Гриценко.
Eurasian Milk өңірде фермерліктің дамуына да негіз болады. Қазақстанда сүт өңдеу саласының өсуіне өндірістік өңдеуге жарамды сапалы сүттің тапшылығы кедергі екені жасырын емес. Ал ірі зауытсыз сүт өндірісін дамыту мүмкін емес, өйткені фермерлерде өнімін тұрақты әрі ақылы түрде өткізу кепілдігі болуы қажет.
Eurasian Milk өкілдерінің пікірінше, қазақстандық фермерлердің әлеуеті әлі толық пайдаланылмаған. Елдегі азық-түлік нарығын қазір көрші мемлекеттердің ірі тамақ өндірістері бақылап отыр. Оларда ауқымды өндіріс, мықты шикізат базасы әрі көпжылдық тәжірибе бар. Ал отандық өндірушілерге импортпен тең дәрежеде бәсекелесіп, тіпті жеңіп шығу міндеті тұр. Басты буын – заманауи өндіріс – қазірдің өзінде құрылды және әрі қарай дамытылады. Ендігі ең маңызды міндет – отандық өнімді нарыққа тұрақты шығару. Бұл оңай емес, өйткені сауда желілерінің сөрелерін импорт өнімдері берік иеленіп алған. Сондықтан бұл мәселені шешуде мемлекет те, бизнес те бірге әрекет етуі керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында атап өткендей, «Үкімет еуразиялық сауданы дамытуда әділ жағдайларды талап ете білуі керек, ал депутаттар отандық өндірушілерді заңнамалық бастамалар арқылы қорғауы тиіс».
Сондай-ақ өндіріс пен фермерлер арасындағы үйлесімді әрі бірлескен жұмыс та аса маңызды. Өз тарапынан Eurasian Milk бұл бағытта белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Көптеген жеткізушіні тарту арқылы әрі Солтүстік Қазақстан облысында сүт өндірісі бойынша кластер құруды қолға алуда. Қазірдің өзінде компания фермерлерге тікелей қаржылай қолдау көрсетіп, мал азығын өсіру, табынды басқару сияқты бағыттарда заманауи технологияларды енгізу бойынша бірге жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар фермерлер үшін еуропалық мамандар – ветеринарлар, агрономдар және азықтандыру технологтары қатысатын тегін офлайн консультациялар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Олар отандық мал шаруашылығына тиімді азықтандыру рациондарын жасап, жануарлардың өнімділігін арттыруға көмектеседі.
«Сүт өңдеу саласын дамытудың ең күрделі бөлігі – дәл осы өңдеу кезеңі. Өйткені ол үлкен инвестицияны, заманауи технологияларды және жоғары білікті мамандарды талап етеді. Оған қоса өзін-өзі өтеу мерзімі ұзақ, дәмді әрі сапалы өнімнің тұрақты өндірісін жолға қою, бүкіл өндіріс бойынша білікті кадрлар даярлау, ең бастысы – сауда белгісін қалыптастырып, отандық сөрелерден импортты ығыстыру қажет. Солтүстік Қазақстан қуатты жаңа кәсіпорынның ашылуымен осы күрделі әрі ұзақ жолдың алғашқы кезеңі еңсерілді. Енді дәл сондай маңызды серпіліс сүтті мал шаруашылығы саласында да болуы керек», деді Андрей Гриценко.