Сұхбат • Бүгін, 08:35

«Қайрат» жаққан жұлдыз

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шерхан Қалмырза – UEFA Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде ойнаған ең жас қақпашылардың бірі. Ересектер сапына жаңа қосылған дарын әлемге әйгілі «Реал Мадрид» клубына қарсы ойында шеберлік танытты. Халықтық командаға айналған «Қайраттың» 18 жастағы қақпашысының бізге беймәлім қырын анасы Сәуле РАБАЕВАДАН сұрап білдік.

«Қайрат» жаққан жұлдыз

Сурет: fckairat

– Шерхан тумысынан спортқа жақын болған секілді.

– Болар бала болмысынан белгілі. Бір жасқа толмай тәй-тәй басып, екі жасқа жақындағанда ролик сатып әпергенімде «сүрініп, денесін жарақаттап ала ма» деп те қауіп еттім. Жоқ, аяғына киіп, бойын үйреткен соң сүрінбей жүйткитін болды. Роликті еркін меңгерген бала мұздың үстінде конькиді де оңай игеріп алады екен. Шерхан 4 жасынан бас­тап мұзда конькимен сырғана­ған­да кәнігі спортшылар секілді еді. Сырт көз оны арнайы үйірмеге баратын бала деп те ойлауы мүмкін. Жас кезінен спорттың қай түріне қызығушылығы оянса, өздігінен ізденіп, меңгеріп алуға бейім бол­ды. 5 жасқа дейін велосипед, само­катты да зыр қақтырып, өзге­лерден көрген түрлі трюктерді де айна қатесіз қайталайтын.

– Футболдан бұрын джиу-джитсу спортымен арнайы шұ­­ғылданыпты. Сайыстарға да қатысқан болар?

– 5 жастан асқан соң өзінің қалауымен джиу-джитсу үйірме­сіне жаздырдым. Көп өтпей бап­кері баланың физикалық қуаты қатарластарынан жоғары екенін байқап, жарысқа апаратынын айтты. Сөйтіп, өзінен 2-3 жас үл­кендердің арасында додаға салады. Сондағы ойы өзінің бұрыннан баптап жүрген тағы бір шәкірті Шерханмен бір салмақта сынға түсетіндіктен, жолдары түйіспеуін көксеген екен. Түптеп келгенде сол шәкіртінің чемпион атануына көп күш салады. Дене бітімінің ірілігін желеу етіп, жасының кіші­лігіне қарамастан, Шерханды өзге топқа бөліп жібереді. Іріктеу сынындағы қарсыластарын жы­ғып, финалдық тартыста жеңілді. Өзінен үлкен баладан аса алма­ғанына намыстанғаны сондай, үйге жылап келді. «Анашым, чем­пион атансам деп барып едім, жеңіске жетуге барымды салдым», деп өзін-өзі жегідей жеді. Егер қатарлас құрдастарымен белдес­тірсе, чемпион атанары сөзсіз еді. Бұл қысастық ана ретінде ме­нің де жаныма батты. Қазірден мұндай қысым жасалса, баланың меселі қайтып, психологиялық соққы алары сөзсіз. Содан кейін көп өтпей-ақ Шерхан бұл спортты доғарды. Әлгі бапкер бірнеше жыл хабарласып, кешірім де сұрағанымен, келісім бермедік. «Шерханнан келешекте джиу-джитсудан әлемге әйгілі спортшы шығатынына сенемін» деп дүркін-дүркін шақырды.

– Одан кейін футболға ойыс­ты ғой? Қақпашының анасына да осы спорт түрі таң емес сияқты.

– Отбасымызда үш қызбыз, әкем Еділхан Рабаев – футболдан бапкер, қазір де балаларды футболға баулиды. Жеке клубы да бар. Өзімнің де бала күнімде футболға қызығушылығым өзге­ше еді. Әкем бұл қадамымды қол­дады, тіпті Ташкентке де жібе­руді ұйғарды. Алайда анам қарсы болып, жеңіл атлетикамен шұғыл­дандым. Шерхан жетіге толғанда әкем: «Қызым, сенің футболшы болсам деген арманыңды осы жиеніміз жалғайтын секілді. «Астана» клубы 2007 жылы туған жеткіншектерден іріктеу жүр­гізбек, апарайық» деді. Бірден келістім де, үшеуміз бардық, Шер­­хан «Астана» клубының сына­ғынан сүрінбей өтті.

Өзі бала күнінен тыңғылықты, қағілез болды. 7 жасынан-ақ ересек сезініп, жауапкершілік арқалағанын түсіне білді. Клубқа қабылданған соң Қосшыдан Астанадағы жаттығу кешеніне дейін қалай жетудің бағытын өзім үш рет жаныма ілестіріп көрсеттім. Кейін өзі адаспай тауып барып-келіп жүрді. Қа­ланың сыр­тынан орталыққа жеткенше бірнеше қоғамдық көлікке ауысып отырады.

Әкемнің тағылымын алып, допты қалай тоқтатып, түзу тебу­дің техникасын меңгергені орасан септігін тигізді. Ол бір­ден қақпашы болған жоқ. Алды­мен орталық қорғаушы болып бекі­тілді. Қатарластары­нан бойшаң­дығын ескерді ме, бап­керлер қорғаныста ойнауды тапсыр­ды. Жаттығу барысында командасы жеңіліп жатса, намыстанып қақпаға өзі барып ауысып тұра қоятын. Бапкерлер оның қайтпас мінезі мен шапшаң қимылын жіті бақылап, қақпашылар­дың қатарына қосты. Сөйтіп, 14 жас­қа дейін біліктілігін шыңдады. ­Қан­дай сайысқа қатысса да «үздік қақпашы» деген марапатты ­ал­май қайтқан кезі сирек.

– «Қайраттың» футбол академиясына қалай жолы түсті?

– Футбол скауттары оны 12 жасынан шақырды. Бірақ жас­өспірім баланың ойында өзінің командасын сатып кеткендей болам ба деген уайымы тұрды да, келісім бермеді. Екі жылдан кейін тағы да шақырту түсті. Таң­ертең жаттығуына барып, түстен кейін мектепте сабағына қатысып, кешкісін үйде інісіне қарайласып, маған едәуір қолғанат болды. Бірақ Шерханның футболмен кәсіби шұғылданып, өзін дамыт­қанын қалап, «Қайрат» фут­бол клубының академиясына ауыс­қаны дұрыс деп шештім. Мұн­дағы бапкерлері Жанат Заки­ров пен Сапар Тобылбайұлы да Шерханның барғанын құп көріп, батасын берді. Футбол акаде­мия­сында мүмкіндік жоғары екенін, өзін-өзі жетілдіруге, кемел­деніп дамуына барлық жағдай жасалғанын айтып, шәкіртінің сенімін нығайта түсті. Бірақ «Ас­тана» футбол клубының басшы­лығы алғашында жібергісі келме­ді, тіпті келісімшарт та ұсынды. «Кесімді сөзін Шерхан өзі айтсын» дедім. Жеткіншек кезінен жауапкершілікті арқалап есейген ол ойлана келе, академияға ауысу-ға шешім қабылдады. Жаратқан жолын оңғарып, табандылығы мен еңбекқорлығының арқасын­да қабілетін, талантын паш етті. «Қайраттың» жастар командасында ойнады, Freedom QJ League тартыстарында өзінің шеберлігімен жанкүйерлерін қуантты.

– Көпшілік оның шеберлігіне УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі беташар матчта тәнті болып, есім-сойы­на тереңдей қаныға түсті. Лис­сабонда өткен «Спортинг» пен «Қайрат» тартыста ел сені­мін ақтады. Анасы ретінде жү­ре­гіңізге түскен күш жеңіл бол­ма­ған шығар?

– Әрине, жүрегімізді қозғап жіберген матч болды. 18 жастағы ұлымның мен сол мезетте тек клубтың ғана емес, мұқым елдің абыройын арқалап шыққа­нын сезіндім. Біз Чемпиондар лига­сының жалпы кезеңінде алаң­ға негізгі құрамда шығады деп ой­лаған жоқ едік. «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбе­ков ел чемпионатындағы ойында ауыр жарақат алды. Темірлан Шер­ханды жақын тартып, тіпті ағасындай қамқорлық танытып жүреді. Оған мен де, балам­ның аға-досы деп, әрдайым ана­лық кеңесімді айтып отыра­мын. «Ақтөбеге» қарсы ойында жарақаттанғаны жаныма қатты батты. Бапкерлер Темір­ланның орнына Шерханға сенім артты. «Қайрат» футбол клубы 70 жылдық тарихында УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне тұңғыш шықса, ерен еңбек сіңірген ойыншы осы Темір­лан деп білемін. «Спортинг», «Реал Мадридке» қарсы матч­тарда өзі шықса деп ойлап едім. «Қайраттың» негізгі қақпашысы Александр Заруцкийдің де ең­бегі зор. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі матчтарда ол да шеберлігімен дараланды.

Лиссабондағы матчты мен күнделікті қарбалас шаруадан кеш босағандықтан үйге жете алмай жол-жөнекей спорт бар­ларының бірінен тамашала­дым. Құрбымды шақырып алып бірге көрдік. Маңайымызда отырғандар да ерекше қолдау танытып, алматылық клубтың ойыншыларына болысып, дем беріп отырды. Матчтың бірінші таймында Юльманның тепкен пенальтиін қайтарғанда орнымнан қалай атып тұрғанымды өзім де сезбей қалдым. Өзгелер бәрі маған қарап аң-таң болып отыр. «Қайраттың» нағыз жанкүйері екен» деп ойлаған шығар. Матч аяқталған соң құрбым «Бұл кісі қақпашы Шерханның анасы» дегенде бәрі жамырай келіп құттық­тап, фотоға түсіп мәре-сәре болды.

– Одан кейін Алматыда әйгілі «Реал Мадридке» қарсы матчта да жастығына қарамай қайсарлық танытты.

– Бүкіл халыққа футбол мере­кесін сыйлаған матчты «Ор­талық стадионнан» барып тамашаладық. 90 минут бойы ерекше толқып, қобалжыдым. Ойынның алдында Шерханнан «Дайынсың ба?» деп сұрадым. «Әрине әзірмін, анашым», деді дау­сы жарқын шы­ғып. Алма­тылық клубтың ірі есеппен ұтыл­ғаны бізге де жеңіл соққан жоқ. Дегенмен де әлем­ге әйгілі клубтың елімізге келіп ойын көрсетуі біздегі спорт саласына оң әсер етеді деп ойлаймын. Талай баланың футболға деген тала­бын одан бетер ұштай түсті, көптеген ата-ананың баласын футболға беруге ықыласы артты. «Қайрат» ұжымына осын­дай футбол мерекесін сыйлаға­ны үшін алғысымызды айта­мыз. Бұл дода баламыздың да жұл­ды­зын жақты. Шерханды іздеп, сұх­батқа шақырушылар өте көп. Медиа саласында түрлі ақпа­рат, ақиқатынан гөрі шындық­қа жанаспайтын пікірлер де жазылып жатыр. Бірақ біз ондай пікірлерге назар аудармай­мыз. Менің мақсатым – перзент­те­рім­нің мықты азамат, тұл­ға болып қалыптасуына күш салу. Шерханға да, інісі Әбубәкірге де барлығы адал еңбек пен ізде­ніс­тің арқасында бұйыраты­нын үнемі айтып отырамын. Ана­лық арманым – Шерхан­ның әлем­нің таңдаулы клубтарын­да шың­далып, еліміздің абыройын асқақ­татқан сәтін көру. Бұған жету жо­лында әлі де орасан еңбек ету керегін де түсінемін.

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»