
Акцияға мемлекеттік қызметшілер, студенттер, еріктілер, белсенді жастар, қала тұрғындары атсалысты. Іс-шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы келіп қатысып, қала тұрғындарымен әңгімелесіп, көппен бірге күрек ұстап, көшет отырғызды.
Экологиялық акцияға бүтін әулетімен шығып, өздерінің отбасылық ағашын егіп жатқан тұрғындар да бар. Солардың бірі – Қолдасбаевтар әулеті.
«Бүгінгі акцияға ұлымды, келінімді, немерелерімді әдейі ертіп келдім. Әкем өмір бойы бала оқытып, ұстаздық етті. Өзім Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің доцентімін, ардагер ұстазбын. Немерем Ерлан да ұстаздық жолын таңдады. Бүгінгі сенбі - бәріміз үшін қуанышты күн деп есептейміз. Өйткені бұл тазалық акциясы ең алдымен өзімізге керек, халқымыздың экологиялық мәдениетін қалыптастыратын ізгілікке бастайтын мәні терең, маңызы зор іс-шара деп білемін. Президентіміздің Жолдауында да осы тазалық мәселесі айтылды. Мемлекет басшысы Торғай өңірі Үкіметтің айрықша назарында болатынын айтты. Осының бәрі Арқалықтың, жалпы Торғай келешегінің жарқын екенін көрсетеді. Жалпы, халықтың жағдайы жақсарып, Арқалығымыз да жылдан-жылға жаңарып, гүлденіп, көркейіп келе жатыр», дейді қала тұрғыны Зина Қолдасбаева.
Ахмет Байтұрсынұлы саябағына қаланың белсенді жастары 200-ге жуық ағаш көшетін отырғызды.
«Кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы бүгінде біз үшін дәстүрлі іс-шараға айналды. Акция басталғалы қаламызды көркейтуге, өзіміз өмір сүріп жатқан ортаны, айналамызды таза ұстауға бағытталған сенбіліктер, бүгінгідей көктемгі, күзгі ағаш отырғызу жұмыстары жиі өтіп тұрады. Бүгін бүкіл қала аумағында өтіп жатқан ағаш отырғызу акциясына осындағы 4 колледж бен Арқалық педагогика университетінің студенттері шықты. Мәселен, өзіміз тұрған Ахмет Байтұрсынұлы саябағында политехникалық колледж студенттері қарағай, қайың көшеттерін отырғызып жатыр. Жалпы, Арқалық жастары Президент бастамасын қашан да қолдайды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартудан бастап, жасыл аймақтарды қалпына келтіруге және инфрақұрылымды жаңғыртуға дейінгі кең ауқымды міндеттерді қамтиды. Біздің Торғай өңіріне де ерекше назар аударылып жатыр. Алдағы уақытта мұнда көптеген экологиялық бастамалар ірі инфрақұрылымдық жобалармен қатар жүзеге аспақ. Оның ішінде Торғайды дамытуда айрықша стратегиялық маңызға ие «Орталық – Батыс» автожолының құрылысы да бар», дейді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Данияр Қожахметов.