Спорт • Бүгін, 19:53

«Елімай» мен «Елімай-М» футбол командалары марапатталды

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Абай облысының әкімі Берік Уәли «Елімай» мен «Елімай-М» футбол командаларымен кездесіп, бапкерлік құрам мен футболшыларды марапаттады, деп жазады Egemen.kz.

«Елімай» мен «Елімай-М» футбол командалары марапатталды

 

«Елімай-М» биылғы маусымда екінші лиганың Солтүстік-шығыс конференциясында табысты өнер көрсетіп, 37 ұпаймен үздік үштікке енген. Осыған орай, аймақ басшысы команда ойыншылары мен жаттықтырушыларын жеңістерімен құттықтап, алдағы ойындарына табыс тіледі.

«Бар болғаны екі маусым қатарынан екінші лигада ойнап, үздік үштікке ену – қажырлы еңбектің, нағыз табандылық пен шынайы командалық рухтың нәтижесі. «Елімай-М» – төменгі лигада Абай облысының намысын қорғап жүрген мақтанышымыз! Команданың толығымен жергілікті жастардан жасақталуы және бапкерлер құрамының өз өңіріміздің мамандарынан құралуы бұл Семей футбол мектебінің әлеуетінің зор екенін көрсетеді. «Қазақ футболының отаны – Семей» деген атқа лайықты екенімізді дәлелдеп отыр. Сіздердің әрқайсыңызды ертеңгі үлкен футболдың үміті, негізгі құрамның сенімді ойыншысы, болашақ жеңістердің бастауы деп есептеймін. Жергілікті жастардың осылай өсіп, кәсіби деңгейге көтерілуі – біздің өңірдегі жүйелі жұмыстың, спортты қолдаудың, бапкерлер еңбегінің нәтижесі», деді облыс әкімі.

Кездесу барысында аймақ басшысы жанкүйерлер қозғалысының ардагері Саясат Сәрсембинов, «Елімай» ФК АҚ директорлар кеңесінің мүшелері Асқар Ұранхаев, Серік Байғалиев пен Айрат Базеновті және бапкерлік құрам мен футболшыларды марапаттады.

«Жанкүйерлер атынан жергілікті әкімдікке үлкен алғысымды білдіремін. Бүгінгі күні біздің жас футболшыларымыз жоғары деңгейге жетіп, өздерінің шеберлігін көрсетіп отыр. «Елімай» клубының жетістігі арқылы Семей қаласы тағы да қазақ футболының алтын бесігі, отаны екенін дәлелдеп отыр», деді жанкүйерлер қозғалысының ардагері Саясат Сәрсембинов.

Аймақ басшысы «Спартак» стадионына барып, «Елімай» футбол командасының ойыншыларымен, бапкерлік құраммен кездесті.

«Семей – қазақ футболының отаны. Дәл осы жерде 1913 жылы Қазақстандағы алғашқы футбол матчы өткен еді. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов команда құрамында ойнады. «Елімай» футбол клубы тарихи дәстүрді лайықты жалғастырып келеді. Алда маңызды екі ойын тұр. Жанкүйерлер тек жеңіс күтеді. Біз сіздерді ел чемпионатында ғана емес, алдағы уақытта Еурокубок ареналарында Қазақстанның намысын қорғайтын командалардың қатарынан көргіміз келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында футбол клубтарының коммерциялануы жайлы атап өткен болатын. Біздің «Елімай» футбол клубы Президентіміздің бастамасын қолдап, қазір жаңа жүйеге өтудің негізін қалап жатыр. Яғни, нағыз халықтық командаға айналуды таңдап, сол бағытта жұмыс істеуде. Алдағы уақытта клуб акциялары биржаға шығарылады. Бұл Қазақстан үшін заманауи, новаторлық, жаңа жол деп айтуға болады. Жанкүйерлер мен инвесторлар клуб тарихының бір бөлігіне айналып, өздерінің үлесін қосып, дамуына әсер етуге мүмкіндік алатынына күмәніміз жоқ. Сол арқылы біз клубты басқарудың нағыз жаңашыл үлгісін еліміз бойынша бірінші бастағалы отырмыз», деді облыс әкімі.

2022 жылы қайта құрылған «Елімай» қысқа уақыт ішінде ел футболының басты клубтарының біріне айналды. 2023 жылғы маусымда команда Бірінші лигада чемпион атанып, 2024 жылы Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралды. Бүгінде семейлік клуб ел чемпионатының 24 турынан кейін 42 ұпай жинап, турнирлік кестеде 5-інші орында келеді. Алда маусымның соңғы екі турында елімайлықтар «Тұран» және «Атырау» командаларымен кездеседі.

Абай облысы