21 Наурыз, 2015

Әйелдер үлесі артады

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалық етуімен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті. Басқосуда Елбасының «Нұрлы Жол – бо­ла­шаққа бастар жол» атты Жолдауын іске асыру аясында еліміз экономикасының индустриялық-инновациялық дамуына әйелдердің қатысуын арттыру мәселелері қаралды. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде алдымызға бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Атап айтқанда, бес институттық реформаны алға тарта отырып, экономикалық бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды және мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы, кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды, экономикалық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз етуді, сонымен қатар, индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсімге қол жеткізуді, болашағы біртұтас ұлт пен транспарентті және есеп беруші мемлекет құру туралы айтқан болатын.   Осының аясында бүгінгі жиында біршама мәселелер тарқатылады, деді Мемлекеттік хатшы. Сонымен қатар, Г.Әбдіқалықова әйелдердің ел экономикасындағы санын арттырудың маңызына тоқталып, халықаралық валюта қоры сарапшыларының пікірінше, «Еңбек нарығына әйелдер барынша көп шыққан сайын, әлемдік ІЖӨ мейлінше өсетін болады. Бірқатар елдерде нәзік жандылар экономиканың өсуін 30%-ға жеделдетуге қабілетті», екендігін атап көрсетті. Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму министрліктерінің басшылары өздерінің сөйлеген сөздерінде индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығында 770 жоба іске қосылғанын атап өтті. Бұл жобаларға 63 мың адам тартылса, оның 18 мыңы, яғни 29%-ы әйелдер. Отырыста сондай-ақ, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының гендерлік аспектілері, Астана, Алматы қалалары мен облыстар аумақтарын дамыту бағдарламалары, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің өңір халқының репродуктивті денсаулығын сақтау бойынша қолданып жатқан шаралары қаралды. Ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова халықтың қалыпты өсуін және өмір сапасын арттыру үшін репродуктивті денсаулықты сақтау мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».