
«Алпысыншы жылдары жас қаламгерлердің «Таңғы шық» жинағы жарық көрді. Мұндағы жаңалықтар көпшілікті елең еткізгені анық. Сол жинаққа Елен ағаның «Ән сыры» атты тырнақалды туындысы еніпті. Елен Әлімжан біраз жазушы секілді кеңестік идеологияның ұранға толы жетегіне ерген жоқ. Шығармаларының негізгі тіні – ізгілік, мейірбандық секілді ізгі қасиеттерге құрылды. Өзі де адамгершілік деген асыл қасиетін ешқашан жоғалтқан емес.
Материалдық байлықты алға қойған қоғамда жан тазалығы назардан тыс қалып жатады. Елен ағамыз ол санатта жоқ адам. Қаламгердің төлқұжатына айналып кеткен «Анажар» романында адам баласының кісілік қасиеті кеңінен көрініс табады. Мұндағы жас әйелдің тағдыры кімді де болсын бейжай қалдырмайды. Адам төзгісіз қиындыққа тап болған оны автор тұрмыстық-физикалық қиындықтан гөрі ар азабына салады. Осылайша, бізді тұңғиық ой жетегіне тартады. Автордың шеберлігі сонда, өз көрін өзі қазып болған әйелді өмірге қайта әкеледі. Сол арқылы оқырман ойын ойран етеді», деді жазушының рухани інісі Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Доқтырхан Тұрлыбек.
Адамзатқа ортақ трагедияны арқау еткен қаламгер туындысы туралы пікірлер расында да аз айтылған жоқ. Елен Әлімжан шығармашылығымен тереңірек танысқан қаламгер Ғұсман Жандыбаев «Анажар» – соңғы отыз жылымыздың көркем көрінісі» деп жазушы романы хақында өз ойын білдіріпті. Бұдан артық қандай баға беруге болады?
Іс-шара барысында көркем әдебиет пен драматургияны қатар алып жүрген қаламгердің қайраткерлік қырына тоқталғандар да болды. Естелік айтқан азаматтар Елен Әлімжанның Желтоқсан көтерілісі кезінде үнсіз қалмай, өңірлік телеарнада алғаш болып тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарына қолдау көрсетіп, телеарна экранына шынайы сюжеттер шығарған алғашқы басшы болғанын да атап өтті. Осындай өр мінезімен, ерлікке пара-пар қадамымен дараланған қаламгердің ұлт дегенде шығар жаны бөлек екені де тілге тиек етілді.
Елен Әлімжанның қамқорлығын көріп, тәлімін алғандар да аз емес. Басқосуда қаламгердің қолдауынан қанаттанған азаматтар да өз ойымен бөлісті. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Ерлан Жүніс ұстазы туралы жылы естелік айтса, жазушылар Көсемәлі Сәттібайұлы бастаған өзге де азаматтар өз ойларын ортаға салды. Журналистер одағының мүшесі, профессор Сағындық Ордабеков, ақын Шырын Мамасерікова да қаламгер шығармашылығы туралы тереңнен толғанды. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің проректоры Аслан Тұрлыбек университет ректоры Мұхтар Байжұмановтың құттықтауын жеткізіп, құрмет көрсетті. Сондай-ақ Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков драматург шығармашылығы туралы ой тербеп, кеш иесін мерейтойымен құттықтады.
Қаламгер шығармашылығына арналған мерейтойлық іс-шаралар әрмен қарай Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында жалғасты. Театр сахнасында Елен Әлімжанның «Абылай хан» драмасы сахналанды.
Театрға жиналған көпшілік драмалық туынды арқылы Абылай ханның ел басқару ісіндегі қайраткерлік болмысына тәнті болды. Қазақ әдебиетінің тарихында Абылай хан туралы көптеген шығарма жазылды. Ал Елен Әлімжанның «Абылай» драмасы алдыңғы деректерді қайталамауымен ерекшеленеді.
Қара өлеңге аңсары ауса да, өзі жазған жырлары туралы еш жерде айтпайтын жазушының бұл күні композиторлық қыры да ашылды. Сахна төрінде жергілікті әншілердің орындауында жазушы-драматургтің «Тағзым ұлы Абайға», «Сері аға», «Аққұмда туған баламын» секілді бірнеше әнінің тұсауы кесілді.
Іс-шара соңында сөз алған өңір басшысы Ербол Қарашөкеев қаламгерді мерей-тойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Сіз – жастық шағыңыздан бастап бар ғұмырыңызды туған еліңіздің игілігіне арнаған азаматсыз. Әдебиет пен мәдениетке қосқан өлшеусіз үлесіңіз, талай жас қаламгерді қанаттандырып, қазақ руханиятын байытқан еңбегіңіз халықтың жадында мәңгі сақталатыны анық.
Өмір жолыңыз – кейінгі ұрпаққа үлгі. Сіз қаламыңыздың қуатымен елдің бірлігін, халықтың салт-дәстүрін, асыл мұраттарын ардақтап, өшпес мұра қалдырдыңыз. Әдеби шығармаларыңызда халқымыздың болмысы мен тағдыры көрініс тауып, жас ұрпақтың рухани қазынасына айналды. Сіз – қазақ драматургиясы мен әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан, шығармашылық әлемі бай, көрнекті қаламгерсіз.
Сіздің қаламыңыздан туған туындылар ұлттық өнеріміздің көркемдік деңгейін көтеріп қана қоймай, талай оқырманның ой-санасын тәрбиелеп, жүрегіне сәуле құйды. Сіздің «Оралу», «Көріпкел», «Ақ періште – арманым!» атты повестер мен әңгімелер, «Тақталас», «Толық адам туралы», «Бауыржанның пырағы», «Таңғы шық», «Адамгершіліктің ақ жолы» пьесаларыңыз бен публицистикалық жинақтарыңыз кейінгі ұрпаққа рухани тәрбие мен адамгершілік құндылықтардың биік үлгісі ретінде қызмет етіп, ұлттық әдебиет қазынасын байыта түсті», деді Ербол Шырақпайұлы. Сондай-ақ кеште облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев қаламгерді мерейлі жасымен құттықтап, құрмет білдірді.
Кеш соңында жазушының «Жанұраным» пьесалар жинағы мен «Тарғыл сиыр» әңгімелер жинағының тұсауы кесілді.