
Тобықты жерінде өткен мерейтойға Парламент депутаттары, зиялы қауым, мәдениет және қоғам қайраткерлері, жастар жиналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жеделхатын жолдап, онда Бекет атаның халқына жасаған еңбегін, ағартушылық жолын және адамзатқа ортақ құндылықтарды насихаттаудағы рөлін ерекше атап өтті. Президенттің құттықтауын аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай оқып берді.
«Бекет Мырзағұлұлы – еліне тұтқа, жұртына пана болған тұғырлы тұлғаларымыздың бірі. Ол бүкіл ғұмырын халқының дүниетанымын байытуға арнап, ағартушылықпен айналысты. Саналы ұрпақ тәрбиелеуге айрықша мән беріп, мейірімділік, жанашырлық, татулық, бірлік, әділдік сияқты барша адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеді. Бекет ата күллі қазаққа және бауырлас елдерге ғұлама ойшыл, аты аңызға айналған әулие ретінде танылды. Бүгінде Маңғыстау өңіріндегі жерасты мешіттері құлшылық орны, білім ордасы әрі ерекше сәулет өнерінің туындысы ретінде танымал. Менің тапсырмаммен, Оғыландыдағы жерасты мешітін және осы аймақтағы басқа да тарихи нысандарды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосу үшін нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жұртын ізгілікке үндеген абыздың болмысын биіктете түсетін мәдени-рухани құндылықтар ұлтымыздың баға жетпес байлығы саналады. Оны сақтап, ұрпаққа мирас ету – парыз. Баршаңызға амандық, бақ-береке тілеймін», делінген жеделхатта.
Мерейтой аясында Шопан ата мен Бекет ата мешіттеріне зиярат етіліп, ұлттық спорт сайыстары, тай жарысы, аламан бәйге, қазақ күресі және басқа да жарыстар ұйымдастырылды. Жүзден астам киіз үй тігіліп, ас берілді.
Сонымен бірге «Ойталқы» алаңында елдік пен бірлікке қатысты пікірталас өткізіліп, «Маңғыстау машайықтың басқан жері» атты концерт пен «Әулиелер әуезі» өнер кеші көрерменге ұсынылды.
Айта кетейік, барлық шаралар демеушілердің қаражаты есебінен өтті.