
Стадионның ашылуына Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров арнайы келді.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев мыңдаған жанкүйерді жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.
«Жаңа стадионымыздың ашылуы футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен тұспа-тұс келді. Жанкүйерлер асыға күтетін спорт мерекесі отандық футбол тарихында алғаш рет Қызылорда қаласында өтіп жатқаны сырбойылықтар үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш! Қаламызда жаңа нысанның салынуына ерекше қолдау білдірген Мемлекет басшысына, Үкіметке барша Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Финалдық ойынды өткізуге бастамашы болып, ұйымдастырған Қазақстан футбол федерациясына зор ризашылығымызды жеткіземіз!», деді облыс басшысы.
Ауданы 20 мың шаршы метр болатын «Қайсар Арена» УЕФА-ның 4-санатына сәйкестендірілген. Халықаралық талаптарға сай салынған стадионда футбол алаңы ғана емес, олимпиадалық стандарттарға сәйкес келетін бокс, күрес, фитнес, спорттық гимнастика және ауыр атлетика залдары бар.
Ашылу салтанатынан кейін басталған финалдық ойынның бас төрешісі швейцариялық Свен Вольфенсбергер болды. Бірінші таймнан-ақ «Тобылдың» тегеуріні айқын сезілді. Есепті Асхат Тағыбергеннің айып соққысынан кейін Николай Сигневич ашты. Бағанаға тиіп кері қайтқан допты допты қақпаға дәл бағыттан Ислам Чесноков екінші гол авторы атанды.
Екінші таймда «Ордабасы» белсенді шабуылға шыққанымен есеп өзгермеді. Осымен үшінші мәрте кубок иесі атанып отырған «Тобыл» келесі маусымда Конференциялар лигасына қатысу құқығына ие болды.