Президент • Бүгін, 11:56

Жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін өте маңызды үш міндетті қатар орындау керек - Президент

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Digital Bridge 2025 халықаралық форумында сөйлеген сөзінде жасанды интеллектінің орасан зор әлеуетін Әділетті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанды құру үшін қолдануға болатынын айтты, хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін өте маңызды үш міндетті қатар орындау керек - Президент

Фото: Ақорда

«Бірақ жайбарақат отыруға болмайды, алдымызда ауқымды жұмыс бар. Жасанды интеллектінің орасан зор әлеуетін Әділетті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанды құру үшін қолдануға болады.

Алайда біз шындыққа тура қарауымыз керек: Жасанды интеллект және цифрландыру мәселенің бәрін бір сәтте шешіп тастамайды. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні тиімді пайдалану үшін өте маңызды үш міндетті қатар орындау керек.

Атап айтқанда, осы салаға ресурс тарту, жаңа білімді меңгеру және әдеп (этика) нормаларын сақтау. Бір сөзбен, әділ әрі тиімді шешім қабылдай отырып, жылдам және ашық әрекет ету керек», деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы цифрландыру және нейрожеліні кеңінен қолдану Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа философиясына айналуға тиіс екенін айтты.

«Әрбір жаңа мемлекеттік қызмет көрсету ең әуелі цифрлық форматта жасақталуға тиіс. Бұрын ұсынылған мәліметтерді қайта сұратудың керегі жоқ. Бұдан бөлек, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасына байланысты барлық нормативтік актілер бекітілгенге дейін міндетті түрде цифрлық сараптамадан өткізілуі қажет. Соның нәтижесінде азаматтар мен кәсіпкерлер бюрократиядан құтылып, олардың мемлекеттік институттарға деген сенімі нығая түседі.

Президент сөйлеген сөзінде айтылған шаралардың жаңашылдық екенін атап өтті.

«Жалпы, айтылған барлық шаралар біздің аймақта жаңашылдық саналады. Бұл еліміздің цифрлық саясатының ұзақ мерзімді әрі жүйелі бағытын көрсетеді. Ақылды технологиялар үлкен деректерді өңдеуге, әлеуметтік саладан бастап негізгі экономикалық көрсеткіштерге дейінгі көптеген саланы талдауға қабілетті. Яғни стратегиялық жоспарлаудың тиімділігін айтарлықтай жетілдіреді.

Сәйкесінше, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға және экономикалық өсімді арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар халық несие беруден бастап мемлекеттік қызмет көрсетуге дейінгі алгоритм жүйелерінің қалай жұмыс істейтінін білуі әрі түсінуі керек.

Жасанды интеллект технологиясын экономиканың барлық саласына жаппай енгізу үшін тиісті заңнаманы да соған сәйкес бейімдеу қажет. Бұл – еліміздің цифрлық және зияткерлік дербестігін қорғайтын нақты тетіктер болу керек деген сөз.

Түптеп келгенде, цифрландыру және нейрожеліні кеңінен қолдану Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа философиясына айналуға тиіс», деді Мемлекет басшысы.