
Фото: Ақорда
«Қазір әлем жұртшылығының алдында жасанды интеллектінің болашағына қатысты түрлі таңдау тұр. Оның кейбірі шексіз мүмкіндіктерге жол ашады. Ал енді бірі үлкен сын-қатерлерге душар етуі мүмкін. Дегенмен бір нәрсе анық – келешегіміздің қандай болары біздің бірлесіп әрекет ете білуімізге байланысты. Жасанды интеллект – қазіргі заманның ақиқаты. Алдағы жылдары да адамзат дамуының негізгі бағдары жасанды интеллектіге тікелей байланысты болатыны анық. Сондықтан келесі жылдан бастап форумды AI Bridge деп атаған жөн деп санаймын. Бірақ форумның мақсат-міндеті өзгермейді. Осы бірегей алаң технология саласындағы алпауыттар мен түрлі стартаптар, бизнес пен ғылым, мемлекет пен азаматтар арасындағы дәнекер болып қала береді. Форумның жаңа бағдары халықаралық ынтымақтастыққа тың серпін беріп, жасанды интеллектіні халқымыздың игілігі жолында тиімді пайдалануға септігін тигізеді», деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс екенін атап өтті.
«Форумның жаңа бағдары халықаралық ынтымақтастыққа тың серпін беріп, жасанды интеллектіні халқымыздың игілігі жолында тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Жаһандық өркениеттің келбетін өзгертетін басты күш ретінде жасанды интеллект бүгінде адамзат өмірінің мәнін қайта саралауға мәжбүрлеп отыр. Бұл – баршамызға үлкен сынақ. Сондықтан біз инженерлер мен басқа да кәсіп иелерін, сондай-ақ осы технологияның мәні мен даму беталысын пайымдай алатын гуманитарлық сала мамандарының жаңа буынын тәрбиелеп шығаруымыз керек. Жасанды интеллектіде түрлі қоғамның болмыс-бітімі, дәстүрі, құқықтық нормалары мен адамгершілік қағидалары көрініс табуға тиіс. Сондықтан оны дамытуға философтар, әлеуметтанушылар және заңгерлердің атсалысатынына сенімдімін. Технология әлеуметтік теңсіздікті ушықтырмауы, азаматтардың мінез-құлқы мен таңдауына манипуляция жасамауы керек. Ол үшін тиімді шаралар қабылдауымыз қажет. Артықшылыққа ие топтар алгоритмдерді пайдаланып, әлдебір құндылықтар мен ойлау моделін қоғамға таңуы ықтимал. Оған жол беруге болмайды. Бұл әлемнің мәдени әралуандығына қиянат жасау болып саналады. Технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс. Әділ шешімі осы», деді Қ.Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде адамның шексіз әлеуеті және озық технологиялардың бірегей мүмкіндігі ұштасқанда ғана жарқын болашаққа даңғыл жол ашылатынын атап өтті.
«Біз мына маңызды мәселені де назарда ұстауымыз керек: жасанды интеллектінің бойында сана бар, бірақ сезім жоқ. Жасанды интеллект талдау және болжам жасауға қабілетті болғанымен, адам сияқты армандап, қиялдай алмайды. Кім біледі, бәлкім, он-жиырма жылдан кейін мұндай ахуалдың өзі түбегейлі өзгеруі мүмкін, бірақ қазіргі таңда Жасанды интеллектінің «жаны» (эмпатия) әзірше жоқ. Адамзат жасанды интеллектінің игілігін көруі керек. Заманауи технологиялар қаншалықты озық болса да, адамның ой-санасы одан да жүйрік болуы қажет, яғни адам бұл тұрғыдан машинаның артында қалмауы керек. Осы мәселе бойынша көптеген тұжырым пайда болуда, тіпті, қызу пікірталастар жүріп жатыр. Бұл істе философия, мәдениет және білім айрықша рөл атқарады. Басқа сөзбен айтқанда, адамның шексіз әлеуеті және озық технологиялардың бірегей мүмкіндігі ұштасқанда ғана жарқын болашаққа даңғыл жол ашылады. Сөз соңында, Форум жұмысына табыс тілеймін. Жиын барысында құнды ой-пікірлер, пайдалы ұсыныстар айтылады деп сенемін», деді Президент.
Форумда Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок, Telegram негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Павел Дуров, Sinovation Ventures және 01ai бас директоры Ли Кай Фу, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының бас директоры Мансур Ибрагим Әл Мансури, Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стребулаев сөз сөйледі.