
«Біз екеуміз» әні ХХІ ғасырдың басында талай жүректің шоғын үрлегені талас тудырмайды. Сөзі мен сазы үйлесім тапқан ән ғарыштық жылдамдықпен жұрттың жадына сіңе берді. Радионы қоса қалсаңыз, дәл осы туынды шырқалып жататын. Көптің сұранысына ие болған шығарманы жұрт та қосыла орындағанда шынайы туындының халық жүрегінен мықтап орын алғанын аңғару қиын емес еді.
«Қалықтап ақ қанат ақ қар,
Сыр тыңдап мүлгиді бақтар.
Кең далам құшағын жайып,
Есімде қауышқан шақтар.
Мөлдіреп жұлдыздай көзің,
Жүректі тербетті сезім.
Біз екеуміз, біз екеуміз,
Қауыз жарған гүл екенбіз», деп басталатын ән шумақтары барлық жерде шырқалатын. Дәл осы шығарма белгілі әнші Досымжан Таңатаровтың өнердегі төлқұжатына айналып кеткені ақиқат.
Әдемі тармақтармен әдіптелген ән қазіргі уақытта ретроға айналып кеткені рас. Әйтсе де, махаббат мелодиясына телінген шығарма терең мазмұнымен әлі күнге дейін жұрт көңілінде де, көкейінде де жаңғырып тұратыны талас тудырмаса керек.
«Ол кезде Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарып жүрген кезім еді. Бірде күнделікті күйбең тіршіліктен үйге қатты шаршап келдім. Мұндайда қасиетті қара домбыраны қолға алып, рухани кеңістікке сапар шегетінім бар. Осылайша, шер тарқататынмын. Сол жылдары жеңгең қатты сырқаттанып қалды. Осы ән сол кезде жарық көрді», дейді «Біз екеуміз» әнінің авторы, композитор Дүйсенәлі Бықыбаев өткен шақ туралы толғанып.
Мыңдаған тыңдарманның сүйікті шығармасына айналған «Біз екеуміз» әнінің сөзін жергілікті ақын, «Құлан таңы» газетінде 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен Кәріпжан Нүсіп жазғанын көп адам біле бермейді. Өңір руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген азамат көбіне балалар тақырыбына қалам тербейтін. Сондықтан оған мұндай лирикалық әнге сөз жазу оңай соқпаған секілді.
«Журналист болсам деп армандаған талай ауыл жастарының қанатын қатайтқан Кәріпжан ағамен жақсы араластым. Ағамның үйіне барып, Шамшар жеңгемнің қолынан шәй ішіп, Кәрекеңмен емен-жарқын әңгімелесуші едім. Бір күні ол кісіге жаңадан жазған әнім туралы сыр шерттім. «Осы әнге сөз жазу керек болып тұр, аға», дедім Кәрекеңе қолқа салып. Ол кісі ұзақ ойланып барып: «Мен негізі балалар ақынымын ғой. Қалай болады екен?» деді. Мен де айтқанымнан қайтпадым. «Келініңіз сырқаттанып жүр. Өзіңіз жеңгеме қалай ғашық болдыңыз? Сол кезді еске түсірсеңіз жазасыз ғой», дедім. Арада аз уақыт өткенде ағам хабарласты.
«Дүйсен-ау, үйге келмей кеттің ғой. Ат басын бұрсаңшы» деді. Құстай ұшып жеттім. Лирикалық әнге сөз жазуға икемім жоқ деген ағам 18 шумақ жазып тастапты. Барлық шумағы көңілге қонады. Алайда әнге 4 шумақ жеткілікті. Сол 18 шумақтың ішінен таңдап тұрып 4 шумақты алдым», дейді Д.Бықыбаев.
Автордың айтуынша, күндердің күнінде тамаша әнді өзі орындап отырғанын көрген Досымжан Таңатаровтың «Біз екеумізге» аңсары ауыпты. Осылайша, ғажап шығарма жаңадан таныла бастаған әншінің қоржынын толықтырған.
Жүрек қылын қозғайтын ғажап шығарма алғаш рет теледидардан шырқалғанда сөзін жазған марқұм Кәріпжан Нүсіп балаша қуанып композитор інісіне хабарласыпты.
«Бір күні Кәріпжан ағам хабарласты. «Дүйсен, теледидарды тез қосшы», дейді аптығып. Қосып қалсам, Нұрлан Өнербаевтың ұйытқы болуымен «Қазақ радиосы» ұйымдастырған «Ән таңдайық» бағдарламасы көрсетіліп жатыр екен. Бұл өзі байқау сияқты бағдарлама еді. Сол байқауда «Біз екеуміз» ай сайын бірінші орыннан түспей, «Жыл әні» атанды. Бұл әнді 1999 жылы жазғанымызбен, шығарма 2003 жылы кеңінен тарады», дейді ол.
Дүйсенәлі Бықыбаев пен Кәріпжан Нүсіп жазған шығарма өміршең туынды. Жарыққа шыға салысымен хитке айналған «Біз екеуміз» әні әлі күнге дейін жұрт жадынан өшкен емес. «Жүрекке кіріп бойды алған» шығарма деп осындай әндерді айтса керек.