
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қыркүйектегі есепте республикалық бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 142 894 теңгеге жетті. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 95 326 теңге, базалық зейнетақы – 47 568 теңге.
2025 жылғы 1 қаңтардан базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға артты, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға жоғары.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады. Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-ынан 70%-ға дейін ұлғайтылды. Бұл 32 360 теңгені құрап, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгеге жетті.