Сұхбат • Бүгін, 08:38

Тарих ғылымы елдіктің еңсесін көтереді

20 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Биыл – елдігімізді ұлтқа, әлемге танытуда орны бар Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының іргесі қаланғанына 80 жыл. Талай бел-белестен өткен бұл ҒЗИ бүгінде Тәуелсіздік мұратын зерделеген кешенді зерттеулер жүргізіп келеді. Осы орайда Мемлекет басшысы идеясымен әзірленіп жатқан академиялық көптомдықтың мәні де, салмағы да айрықша. Біз қазіргі тарихи зерттеулердің бағыт-бағдары мен институттың тағдыр-талайы жөнінде бас директор, ҰҒА академигі Зиябек Қабылдиновпен сұхбаттасқан едік.

Тарих ғылымы елдіктің еңсесін көтереді

– Зиябек Ермұханұлы, ел үшін, ұрпақ үшін тарих ғылымының маңызы неде?

– Тарих – ұлттың санасы, тәуелсіз мемлекетіміздің тұғыры. Кезінде Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан: «Тарих – түзу жөнді үйретуші. Тарих тіршілікте жолбасшы дейтініміз осы» деп жазған еді. Тарихымыз түгенделіп, өз халқымызға, әлемге дұрыс жеткізілсе, Қазақ елінің абыройы ешқашан аласармайды.

Президент Қ.К.Тоқаев Ұлттық құрыл­тайда тарихты – бірегейлігіміздің маңызды факторы деп атап көрсетті.

Тарих ғылымы өткеннің қасиетті де қасіретті кезеңінен сабақ алуға, ата-баба аманатына адал болуға, ел мен жер тұтастығын сақтауға, мемлекетшіл деңгейге көтерілуге шақырады. Тарих – елдік пен мәдениет өлшемі.

Өздеріңізге мәлім, бүгінде жаңа академиялық көптомдықтың сәтті шы­ғуына Мемлекеттік кеңесші Е.Т.Қарин бастаған білікті редакциялық алқа, көшбасшы ғалымдар атсалысып жатыр.

– Қазақ халқы көне заманнан күні бүгінге дейін тарихын қалай сақтап келді?

– Соңғы 6 мың жылда Еуразия даласында көшпелі өркениет өрістесе де, мал мен егін шаруашылығымен бірге қала мәдениеті, сауда қатынасы жақсы дамы­ды. Екі мың жылдан аса тарихы бар, өркениет белгілері айқын бірқатар қала­ларымыз бар. Археологиялық зерттеулер осы шаһарлардың сыртқы өркениет ықпа­лынан тыс, осы аймақты мекендеген ежелгі халқымыздың жеке табысы екенін көрсетіп отыр. Түрік қағанаты дәуірінде тасқа таңбаланған тарихымыздың құпиясы ашылып, зерттеудің жаңа арналарын көрсетіп отыр.

1

Дегенмен көнетүрік ескерткіштері мен қазақ шежіресін әлемдік еңбектермен, археологиялық қазба мәлiметтерiмен салыстыра зерттеу – уақыт талабы. Орта ғасырлардағы тарихымыз қытай, араб, парсы жазбаларында сақталып, хатталып қалған. Осы орайда институтымыз шығыс тілдерін меңгерген тарихшыларды тартып, тәржіме мұра арқылы зерттеулерді толықтыра бастады.

XIII-XVI ғасырлардағы тарихымыз Плано Карпиниден Джон Кестльге дейінгі еуропалық саяхатшы, әскерилер мұрасын қайта парықтаумен түгенделмек. Палластан Фалькке дейін XIX ғасыр оқиғаларын көз алдымызға әкеледі. Бұл – толыға беретін деректер.

– Отандық кәсіби тарихшыларға дейінгі бастамашыл тұлғаларымыз ше?

– Дұрыс айтасыз. Сол кездегі уақыт пен жағдайға сай ұлт зиялылары тарихты түгендеді. Мұхамед Хайдар Дула­тиден Қадырғали Жалайриге дейін­гі, Шоқан мен Абайдан бастап Шәкә­рім мен Мәшһүр-Жүсіпке дейінгі біртуар­лар еңбегі ұмытылмайды. Ә.Бөкейхан, М.Тынышбайұлы, Т.Рысқұлов, С.Асфен­дияров, Н.Төреқұлов, Қ.Кемеңгерұлы, Х.Досмұхамедұлы кәсіби тарихшы болмаса да, ұлт тарихын қалыптастырды. Алаш арыстарының мұрасы кешенді зерттеле берсе, көп дүние табылады деп сенемін.

– Енді Тарих институтының өз шежіресіне келейік. Қалың оқырман білсе деген деректерге тоқтала кетсеңіз.

– Тарих институты КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы төралқасының 1945 жылы 14 тамыздағы қаулысы негізінде құрылды. 80 жылдық тарихымыздың жөні осы. Оның арғы бастауында 1933 жылғы кеңестік Ғылым академиясына қарасты Қазақ ұлт мәдениеті ғылыми-зерттеу институты, 1936 жылғы КСРО Ғылым академиясы Қазақстан филиалының тарих секторы, 1941 жылғы біріккен Тіл, әдебиет және тарих институты тұр.

Ғылым академиясы мен Тарих инсти­тутының құрылуында Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов еңбегі мен тұңғыш ҒА президенті Қаныш Сәтбаев бастамасы айқын. Әйгілі Е.Бекмаханов сынды батыл тарихшылардың дәстүрі де ұмытылмайды.

– Ордаларыңыздың елге танытқан ғалымдар туралы не айтасыз? Жазықсыз қудаланған тұлғалар да аз емес қой.

– Бізде тарих, археология, этнография салалары қатар дамыды. Қасаң идеология уысында ұстаған кез аз болмады. Бастапқы іргелі зерттеулерден уақыт табы байқалса да ешқашан құнын жоймайды. Ел тарихы зерттеулерін жүйелеген ғалымдар қатарында академиктер М.Әуезов, Ә.Мар­ғұлан, А.Нүсіпбеков, С.Покровский, Р.Сүлейменов, С.Юшков, Е.Бекмаханов, Г.Дахшлейгер, Б.Сүлейменов, Н.Апполова, Т.Елеуов, В.Шахматов т.б. тұр.

2

Институттың аты мен затын таныт­қан­дар: Н.Сәбитов, П.Галузо, Е.Ділмұха­медов, В.Шах­матов, Б.Сүлейменов, Г.Дахшлейгер, Д. Кішібеков, В.Востров, Х.Арғынбаев, М.Асылбеков, М.Мұқанов, Ю.Зуев, Е.Масанов, В.Ба­син, Ф.Маликов, А.Сабырханов, Э.Гера­симова, М.Тұрсынова, Н.Мингулов, В.Юдин, К.Пищулина, К.Нұрпейісов, Т.Сұл­танов, А.Елагин, С.Ибрагимов, Х.Айда­рова, М.Сушанло, Г.Супруненко, Т. Бей­сембиев, А.Малявкин, В.Моисеев, В.Шухов­цов, В.Настич, М.Қадырбаев, З.Қи­ная­т­ұлы, И.Ерофеева, Н.Масанов, В.Галиев, Е.Уәли­ханов, Т.Балақаев, П.Белан, Т.Елеуов, С.Нұрмұхамедов, Ю.Романов, Б.Сужиков, Ә.Төлеубаев, С.Рүстемов, Н.Пан т.б.

Ұжым тарихында тар жол, тайғақ кешу аз емес. «Қазақ КСР тарихы» екі том­дығын дайындау барысында кәсі­би тарихшыларға «космополитизм, ұлтшылдық» айдары тағылып, қудаланды. Ермұхан  Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» (Алматы, 1947) кітабы саяси сыннан көз ашпады. Ақыры Ерекең 1952 жылы 25 жылға сотталды. Бек Сүлейменов сияқты ғалымдарда да бас бостандығынан айырылды. Нақақ қудалауға ұшыраған тарихшылар қата­рында бүгінгі академик Оразақ Смағұлов та бол­ды. Оның антропологиялық зерт­теу­лері кітапхана мен дүкендерден алынып өртелді.

– 1943 жылы алғашқы академиялық тарихымыз жазылды. Бұған атсалысқан Мәскеу, Ленинград ғалымдары туралы айта кетсеңіз.

– «Әр нәрсенің қайыры бар» дейді халық. Фашизмге қарсы соғыс басталғанда әйгілі тарихшы А.Панкратова бір топ әріптесімен Қазақстанға эвакуацияланып, осы еңбектің жазылуына мұрындық болды. Академиялық тарих даярлауға М.Әуезов, Ә.Марғұлан, директордың орынбасары Е.Бекмаханов тікелей қатысып, хас батыр Б. Момышұлы пікір білдіргені ақиқат.

Кейін бұл еңбек сынға ұшырап, идео­логиялық теперішке түсті. Соғыс аяқталып, тарихи парадигма өзгергенде Абылай, Кенесары «реакцияшыл» тұлғаға айналды. Ауыр жағдайды айтудың өзі ауыр: тарлан тарих кімнің әділ, кімнің әділетсіз екенін көрсетіп берді.

– Жұртшылық «Академиялық тарих талай мәрте шықты. Солар неге тиянақты жазылмады?» деп сұрап жатады.

– Бізде «Айтқанға ғана оңай» деген ойлы сөз бар. Алай-дүлей, біржақты саяси жүйе кезінде қорқыныш пен үрей көп қиындыққа алып келді. Бірақ тарихшылар барынша кәсіби адалдығын сақтап қалды. 1970–1980 жылдары әзірленген 5 томдық «Қазақ ССР тарихын» институтымызды 26 жылдай басқарған академик, майдангер Ақай Нүсіпбеков үйлестірген ғылыми топ он шақты жылдың ішінде жазып шықты. Еңбек өз кезеңіне сай жақсы даярланды. Мемлекеттік сыйлыққа да ие болды. Мұны қалай тиянақты жазылмаған дей аламыз?

Тәуелсіздік жылдары жазылған 5 том­дық «Қазақстан тарихы» да қоғамның сұранысын біршама қанағаттандырды. Бұрынғы саяси қателіктер салқыны түзетілді. Оның жазылуына 15 жылдай уақыт кетті. Бұл бес томдық академик М.Қозыбаев директорлығы тұсында басталып, С.Мәжитов әріптесіміздің басшылығы кезінде аяқталды. Бұл көптомдықты даярлауға К.Байпақов, О.Смағұлов, Б.Көмеков, М.Әбусейітова, Ж.Қасымбаев, С.Қасқабасов, М.Қойгелдиев т.б. отыздан аса белгілі ғалым белсене қатысты. Бұдан шығатын қорытынды: академиялық тарихтың әр кезеңде қайта жазылуы – табиғи үдеріс әрі ғылым табысы.

– Жұрт күткен жаңа академиялық көптомдықтың ерекшелігі неде?

– Осыған дейінгі бес томдық тарих шыққалы 15 жыл өтіпті. Содан бері қаншама құндылықтарымыз түгенделіп, көптеген деректер, мұралар елге жеткізілді («Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынын­да», «Архив-2025» бағдарламасы аясында). Отандық тарихқа жаңаша көзқарас, тың әдіснама қалыптасты. Біз аға буынның зерттеуін біржақты сынай алмаймыз. Бәрі – өз кезеңі үшін маңызды еңбек. Бірақ заман талабына сай академиялық басылымды қайтадан жазу – елдіктің борышы. Біріншіден, өзгеріс не үшін керек? 5 томдықты ашып қарасаңыз, бүгінде маңызын жоғалтқан феодализм, капитализм сияқты «формациялық ұғымдар» толып жүр. Екіншіден, Тәуелсіздік жылдарында ел тарихын жаңаша зерделейтін жаңа ұрпақ қалыптасты. Олар бәріне тың тал­ғаммен қарайды және әлемдік тари­хи таныммен параллель жүргізеді. Үшін­шіден, ғалымдарымыздың бүгін­гі дү­ниежүзі тарихшыларымен байланы­сы, кәсіби жетілуі ұлт тарихына шы­найы қарауды міндеттейді. Жал­пы, бұл ака­демиялық көптомдық еліміз­дің әділеттік ұстанамын, саланың жаңашыл­дығын көрсетеді деп сенемін.

Тағы бір ерекшелік: бұрын академия­лық тарихты саланың кәсіби, аға буын 30-дан аса өкілі жазса, осы жолы 7 том­дыққа 300-ге жуық ғалым тартылды. Сондай-ақ бұ­ған Қазақстан тарихын зерттеп жүр­ген Уямо Томохико (Жапония), Кен­жеахмет Нұрлан (АҚШ), Питер Гол­ден (АҚШ), Тұрсын Сұлтанов (Ресей), мар­құм Вадим Трепавлов (Ресей), Юлай Шами­лоғлы (АҚШ), Александр Николов (Болгария), Ілияс Камалоғлу (Түркия), Пьянчола Никколо (Италия), Паула Майклс (Аустралия), Браун Кейт (АҚШ) т.б. әлем тарихшылары атсалысты. Дәл қазір бірнеше деңгейлі сараптамадан өткен осы басылым өңдеу, жетілдіру үдерісінде. Ғылыми-анықтамалық аппараты, иллюстрациясы күшейтіліп жатыр.

– Зиябек мырза, институттың 80 жыл­дығы десе, бірінші не еске түседі? Осы межеге қандай жетістікпен келдіңіздер?

 – Сексен жылдық – үлкен белес. Әрине, ә дегенде ғылыми дәстүр еске түседі. Институтты әр кездері мықты тұлғалар басқарды. С.Юшков, С.Покровский, И.Горохводатский, А.Нүсіпбеков, Б.Тө­леп­баев, Р.Сүлейменов, М.Қозыбаев, М.Қойгелдиев, К.Бұрханов, С.Мәжитов, Х.Әбжанов – әр есімнің орны да, жөні де бар. Әрбірі өз дәрежесінде мекемені нығайтуға үлес қосты. Мысалы, 26 жыл директор болған академик, майдангер Ақай Нүсіпбеков – аңыз тұлға.

3

Қ.Алдажұманов сынды білікті аға буын өкілі бір жылға жақын директор міндетін атқарды. Қазақстанның тарихын түгендеуге қатысты барлық комиссияға біздің институттың ғалымдары енеді. Бұл да – мақтаныш. Кешегі Саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мем­лекеттік комиссия жұмысы – соған дәлел.

Рас, кейбір объективті және субъективті себептерге байланысты институт қиын уақытты бастан да кешірді. Ғылыми жоба­ларға конкурс үш жылда бір рет жарияланып, мамандар тұрақтылығы әлсіреген кез де болды. Шүкір, қазір бәрі реттелді.

2017 жылы 23 маусымда конкурспен институт директоры қызметіне келгенімде екі ғылыми гранттық жоба ғана бар екен де, оның біреуі аяқталуға жақындапты.

Береке-бірліктің күшімен аз жылда 100-ге жуық қызметкері бар тату-тәтті ұжым қалыптастырдық. Институттың 3 фи­лиалы (Астана, Қызылжар, Көкшетау) және 16 өңірде өкілдігі ашылды.

Ұжым ғалымдарының еңбегіне келсек, 200-ден аса монография, құжаттар жинағын шығарып, кітапханалар мен ғылыми мекемелерге тарту еттік. Соның ішінде Ш.Уәлихановтың таңдамалы еңбегін ағылшын тілінде жарияладық. Жобаны Тарих институты, Ұлыбританиядағы Қазақ­стан елшілігі, Кембридж универси­теті бірлесіп орындадық. 3 томдық «Қазақ­стан­ның тарихи энциклопедиясын» халыққа ұсындық. Майдангер-академик А.Нүсіпбековтің 5 томдық еңбегін басып шығардық. Кеңестік Қазақстан басшылары Жұмабай Шаяхметов пен Дінмұхамед Қонаевқа қатысты құжаттар жинағы мен ұжымдық монография жария еттік.

Біз – Ғылым комитетінің ғылыми жобалар мен мақсатты бағдарламаларын тұрақ­ты жеңіп алушымыз. Соның арқа­сында қаржыландыру еселеп өсіп, зерт­теу­лер мен басылымдар саны артып отыр. Қазір институттың Орталық Азия ай­мағындағы, алыс және жақын шетелдердегі танымалдығы артты.

Ғылым мен білім ықпалдастығына орай 2014 жылдан Абай атындағы ҚазҰПУ мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тарихтан PhD даярлап келеміз.

Мемлекеттік кеңесші Е.Қариннің қолдауымен әйгілі шығыстанушы К.Ха­фи­зованың «Цин империясы және Қазақ хандығы» атты құжаттар жина­ғын, 52 томдық «Саяси қуғын-сүргін құр­бандарын толық ақтау жөніндегі Мем­л­екеттік комиссия материалдары (ХХ ға­сырдың 20–50 жылдары)» атты жинақ­ты шығардық. Сондай-ақ «ХХ ғасыр­дың 20–50 жылдарындағы Орта Азия рес­публикаларының аумағындағы қазақтар арасындағы саяси қуғын-сүргін» атты жобаны жүзеге асырып, Алаш қозғалысына арналған 11 том жинақ жарияладық.

Тағы бір жаңалығымыз: шетел архив­терінен шамамен көлемі 110 том «Қазақ хандығының тарихына қатысты архивтік материалдарды» жинақтап, word форматына көшіріп жатырмыз. Профессор Жанымхан Ошан бастаған ғылыми топ Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абы­лай, Уәли хандардың хаттарын ескі жа­зудан бүгінгі қаріпке түсіруге кіріс­ті. Көрші елдерде сақталған қазақ ханда­рының эпистолярлық мұрасы едәуір бұрма­ланыпты. Осыны қалпына келтіру міндеті тұр. Этнология патриархы Халел Арғынбаевтың үш томдық мұрасын халыққа ұсынбақпыз.

– Ғылымның қара жұмысын атқару үшін мықты мамандар қажет. Ақаң айтқандай, «Ұлт жұмысы – үлкен жұ­мыс... Үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек».

 – Тарих ғылымының қара шаңырағы осы салада маман даярлауға және елдік жобалар орындауға ғалымдарды үйлестіруге мүдделі.

Ең бастысы, қиындықтан беті қайтпай­тын жүзден астам қызметкеріміз бар. Бұл – зор әлеует. Сондай-ақ парсы, қытай, ескі түрік, мәнжүр, жапон, поляк, ағылшын тілдерін білетін Ж.Жеңіс, Ж.Ошан, О.Қуан­бай, Е.Сауырқан, Б.Еженхан, М.Қадылбек, К.Нұртай, Б.Жүнісова т.б. мамандар шақырылды.

Ұжымдағы Б.Көмеков, О.Смағұлов, Қ.Алдажұманов, Ш.Тілеубаев, Ж.Жеңіс, Е.Торайғыров, С.Әжіғали, М.Әб­ді­ров, Н.Әлімбай, Ж.Әбілқожин, А.Тоқ­табай, Д.Әлімғазы, О.Мұхатова, А.Құдай­бергенова, А.Қапаева, С.Асано­ва, А.Уалтаева, А.Абдулина, Ә.Ша­шаев, Г.Орынбаева, З.Садуақасова, С.Борба­сов, Д.Қасымова, М.Қалыбекова, А.Қайып­баева, К.Черепанов, Ғ.Шотанова т.б. елге және әлемге белгілі жетекші ғалымдардың маңында мықты ғылыми мектебі тұр. Жас тарихшылардың беталысы да қуантады.

– Дана Аристотель «Кім ғылымнан алға озып, адамшылықтан артқа кетсе, оның алға жылжуының өзі – артқа жылжу» деген екен. Қазақстанда Қ.Сәтбаев заманынан ғылымның, ғылымда шәкірт тәрбиелеудің дәстүрі болды. Осы істе қандай зәруліктер бар?

– Иә, «Қазақстан ғылымы көштен қалды» деп ешкім айта алмайды. Үлкен зәрулік – ғылым саласын ұйымдастыруда. Мәселен, ғылымнан шашы ағарған академикке жауапты қызметте отырған тәжірибесі аз магистрант не кеңес бере алады? Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұлан, кешегі Шапық Шөкин мен Салық Зиманов үшін шәкірт тәрбиелеу анық та танық елдік іс болатын. Әлбетте, адамшылық осының астарында.

Стратегиялық маңызға ие үлкен ұжым­быз. Ғылыммен айналысқан соң бүгінгі магистрант, PhD сыртқы ұйымдардың көмегінсіз өзімізде даярлану қажет деп санаймыз. Сонау 1946 жылы академик Қ.Сәтбаевтың табандылығы арқасында Мәскеу рұқсатымен Тарих институты ашылғаннан бар Диссертациялық кеңес 2010 жылы жабылды. Барлық салалық ғылыми институттарда солай болды. Осын­дай шешім шығарған адам ғылым келе­шегін ойлады дейсіз бе? Ғылым негізі­нен ғылыми-зерттеу институттарында жасалатынын ескерсек және қажетті ғылыми маман даярлаудың өзектілігін ойласақ, Диссертациялық кеңес дәл осы ҒЗИ-дың өзінде болуға тиіс.

Ғылым саласы үйлеспесе, көп нәр­се бүлінеді. Бұрын диссертация тақырып­тарын жүйелеп отыратын Үйлестіру (координация) кеңесі жұмыс істеген. Бұл жүйе институтта 15 жылдай бұрын жабылып қалған. Қазір әр университет «бас басына би болып» елге де, ғылымға да қажет емес, өзектілігі жоқ, маңызы әлсіз диссертация тақырыбын бекітіп жіберетіні ойлантады.

Институт қарқынды дамып, қызмет­керлер саны өсті. Алайда институтымызға «Ғылым ордасы» ғимаратынан бөлінген бөлмелер саны сол күйінде қалды. ХХІ ғасырда Тарих институты аядай бір-екі қабатта емес, жеке заманауи ғимаратта отыру керек деп есептеймін.

Ғалымдар жыл он екі ай ғылыми жобаларды орындау үшін сабылып мате­риал жинайды, жер-жерді аралап, ғылыми экспедицияларға шығады. Біздіңше, ғылыми жобаларды орындау қаржысына тек жазу, басу т.б. офистік техниканы ғана емес, жүріп-тұру техникасын да (көлік) енгізген дұрыс. Мұндай жағдай әлем тәжірибесінде бар.

Әрине, кейінгі жылдары институты­мызға салалық министрлік пен ғылым комитеті тарапынан, Президент әкімшілігі тарапынан мүмкіндігінше қолдау көрсе­тіліп келеді. Ал мына мәселелер кешікпей оң шешімін табады деп үміттенеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан –

Дихан Қамзабекұлы