Форум • Бүгін, 08:45

Қазақ-қырғыз бауырластығы – бабалар аманаты

20 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Алатаудың арғы-бергі бетін тең жайлаған қазақ-қырғыз бауырластығы – сан ғасырға жалғасқан достық пен жанашырлықтың жарқын үлгісі. Бейбіт өмірдің қызығын бірге кешкен екі жұрт ел басына күн туған қиын шақта да бір-біріне тірек бола білді. Ал бүгінде тәуелсіз мемлекеттер ретінде байланыстарын жаңа белеске көтеріп, өзара ынтымақ пен бірлікке бастайтын іс-шараларда бас қосып келеді. Соның бірі – көп жылдан бері өтіп келе жатқан Қазақ-қырғыз зиялыларының форумдары.

Қазақ-қырғыз бауырластығы – бабалар аманаты

Тарих тоғыстырған тағдырлар

Таяуда Бішкекте ұйымдас­ты­рыл­ған кезекті ІХ форумға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған еліміздің делегациясы да қатысып қайтты. Туыстас халық­тардың терең тарихи жəне мəдени байланыс­тары мəселелері талқыланған алқалы жиында екі елдің мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жазушылар сөз алып, ойларын ортаға салды. Олардың қатарында көрнек­ті ғалым, дипломат Əділ Ахмет, Қазақстан Жазу­шылар одағының төрағасы Мереке Құл­кенов, Қазақ­­­станның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, дра­­матург, ақын, белгілі манасшы Баян­ғали Əлім­­жанов, «Қазақ газеттері» серік­тес­тігінің бас дирек­­торы, академик Дихан Қамзабекұлы, басқа да белгілі зиялы қауым өкілдері бар.

Жиында сөз алған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев форумның игі дәстүрге және тұрақты алаңға айналғаны қос тарап­тың туыс пейілі мен зор күш-жігерінің ар­қа­сы екенін, мұның бәрі, түптеп келгенде, қазақ пен қырғыздың рухани-мәдени бай­ла­ныс­тарын нығайтуға өлшеусіз үлес қоса­ты­нын айтты.

«Қазақ пен қырғыз – ежелден туыс, тағды­ры бір арнаға тоғысқан бауырлас ха­лықтар. Қырғыз поэзиясының көр­нек­ті өкілі Молда Қылыштың «Қырғыз, қазақ – алаштан» деген сөзі бар. Сол айт­қандай екі халыққа ортақ дүние көп. Бізді тамыр­лас­тық, тарих, тіл, дін, дәстүр жақын­дас­тырып, ажырамастай жалғап тұр. Осы бауыр­ластықты ең жоғары дең­гей­де сақтап келеміз. Екі елдің прези­дент­тері – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың өзара сенімге, тең әріп­тестікке құрылған қарым-қатынасы осы сөзі­мізге айқын дәлел», деді Сенат төрағасы.

Жуырда Қазақстан Президенті Қырғыз еліне ресми сапармен келіп: «Біз барлық деңгейде өзара құрметке негізделген сая­си диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз табысты жұмыс істеп келеді», деп ерекше деңгейдегі байланыстарымызға басымдық бергенін еске салған М.Әшімбаев сапар аясында Садыр Нұрғожаұлына Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» ордені табысталғанын тілге тиек етті.

мир

«Кейінгі жылдары қазақ-қырғыздың экономикалық қана емес, тарихи, мәдени байланыстары да нығая түскенін көріп жүрсіздер. Осыдан үш жыл бұрын Бішкекте ұлы Абайдың ескерткіші ашылды. Ал өткен жылы Астананың төрінде «Айкөл Манас» ескерткіші бой көтерді. Сондай-ақ былтыр елордамызда белгілі манасшы Баянғали Әлімжанов ағамыздың «Алаш пен Манас» деп аталатын ерекше жыршылық кеші өтті. Бұл бастама – әйгілі дастанды дәріптеудің айрықша үлгісі. Сонымен қатар биыл Бішкекте қос елдің президенттері «Достықтың алтын көпірі» монументін салтанатты түрде ашты. Оның авторы талантты мүсінші қарындасымыз Тамила Маматова екенін білеміз. Ескерт­кіш ұлы қаламгерлер Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналып, екі ха­лық­тың арасындағы мызғымас достық­тың жарқын үлгісі болғаны сөзсіз. Осы рухани байланыстарды бекемдеу жолында бүгінгі форумның да орны айрықша екенін баса айтқанымыз жөн», деген Сенат төрағасы бұл іс-шараның 23 қыркүйек – Қырғыз Республикасының мемлекеттік тілі күнімен тұспа-тұс өтіп жатқанын жақсылыққа балап, құттықтау сөзін арнады.

Сондай-ақ қос елдің әдебиет пен өнер майталмандарын дәріптеуге мән беріп, көзі тірі классиктердің кәсіби дәрістерін ұйым­дастыру қажеттігі туралы ойын орта­ға салды. Оның айтуынша, олардың «ше­бер­ханасы» – жас буын үшін үлкен тәжірибе әрі үлгі-өнеге. Бұл ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру үшін қажет.

«Мәдени мұралардың, интеллектуалды қазыналардың цифрлық кеңістікке толық көлемде өтуіне мән берген жөн. Сол үшін еңбектердің электронды нұсқасын әзірлеу, аудиокітаптарды көбейту, виртуалды музейлер ұйымдастыру және тағы басқа бас­тамаларды іске асырған абзал. Мұндай технологиялық шешімдер мәдениет пен әдебиеттегі шекарасыз байланыстарымызды одан әрі нығайта түсетіні анық. Біз өз тарапымыздан аталған бағыттарда қолдау көрсетуге да­йынбыз», деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар ол Орталық Азия зия­лы­ларының байланысын күшейту елдеріміздің ұлттық мүдделеріне сәйкес келе­тінін атап өтті. Осы мақсатта Орталық Азия интеллигенциясының форумын өткізу­ді ұсынды. Мәселен, биыл тұңғыш рет қазақ-өзбек зиялыларының жиыны ұйым­дас­тырылғанын еске салды.

«Қазақ-қырғыз бауырластығы – баба­лар­дың аманаты, біздің бүгініміздің берік қорғаны, болашағымыздың сенімді кепілі. Қандай сын-қатер болса да, бірлігімізге табан тіресек, біз еңсермейтін қиындық жоқ. Осы жолда зиялы қауымның интеллектуалды әлеуетіне ерекше арқа сүйей­міз. Сіздер рухани елшілер ретінде ор­тақ мұрамызды молайтып, ұлттық бол­мысымызды байытуға және екі елдің ынты­мақтастығын одан әрі нығайтуға өз үлестеріңізді қоса бересіздер деп сенеміз. Қазақ-қырғыз достығы мәңгі жасасын!» деген М.Әшімбаев екі халықтың достығын нығайтуға ерекше үлес қосып жүрген бір­қатар азаматты Парламент Сенатының Құрмет грамотасымен марапаттады.

фото

Форумды Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі, халық жазушысы Арслан Койчиев жүргізіп отырды. Манас елі тарапынан Жогарку Кенеш төрағасы Нұрланбек Тургунбек уулу, академик Абдығаны Эркебаев, Жазушылар одағының төрағасы Қаныбек Иманалиев сөз сөйлеп, форумның маңызын, рухани-мәдени бауырластықты ерекше атап өтті.

Қырғыздың бас жазушысы сенатор, академик Дархан Қыдырәліге осы елдің Жазушылар одағы билетін құрметпен тапсырды.

Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нұрланбек Тургунбек уулу өз сөзінде қазақ-қырғыз жұрттары байырғы заманнан құстың екі қанатындай бірге өсіп-өніп, аралас-құраластықта өмір сүріп келе жатқанын атап өтті.

«Ал бүгінгі біздің талқылап отырған тақырыбымыз – мәдени дипломатия. Бұл ұғым қазіргі жаһандану дәуірінде еларалық байланысты шыңдаудың басты тетігі. Сондықтан мәдени дипломатия өзара бауырластықты бекемдеу жолында даңғыл жол салып, екі халық зиялы қауым өкілдерінің ІХ форумы басында жолығып отырмыз», деді ол.

Н.Тургунбек уулу Қырғызстан мен Қазақстан бір-бірімен тығыз қарым-қатынас, достық дәнекерлік орнатпай, алысқа бара алмайтынын атап өтті. Қазақ ақыны Мұхтар Шахановтың «Бұл дүниеде қазаққа қырғыздан, қырғызға қазақтан жақын ел жоқ. Екеуі ботаның екі көзіндей» деген сөзін мысалға келтірген Жогорку Кенеш төрағасы қазақ пен қырғыздың дүниетанымы мен өмірге көзқарасы, мәдениеті мен әдебиеті ұқсас болғандықтан, бір-бірін әрдайым қолдап, бірінің жетістігіне екіншісі мақтанып жүретінін жеткізді.

 

Алатау асқан алтын көпір

Қазақ пен қырғыздың мәдени салада­ғы қарым-қатынасы тұңғиық тарихи кезең­дер­ден бастау алады. Оған кешегі өткен Сүйінбай мен Арыстанбектің, Жамбыл мен Тоқтағұлдың, Кенен мен Османқұлдың, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов сынды ғұламалардың ара­ларындағы байланыс­тар жақсы дәлел. Осы­лай деген қоғам қайрат­кері Әділ Ахмет бүгін­гі таңда екі ел прези­дент­тері, қала берді парламенттері мен зиялы қауым өкілдері арасындағы қарым-қатынас Алатаудың арғы-бергі беті­не алтын көпір болып отырғанын жеткізді.

«Бұл орайда қазақ-қырғыз зиялыла­ры­ның осыған дейін өткен сегіз форумының мәнді де жүйелі болғанын ерекше ата­ған жөн. Олар Бішкек пен Астанада, Ош пен Талдықорған секілді облыс орталық­та­рын­да ұйымдастырылып, екі елдің зиялы тұл­ға­лары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жүр. Мұндай қарым-қатынас ғалымдар арасында да жалғасын тауып келеді. Мәселен, кейінгі 35 жыл бойы мен зерттеп жүрген америкалық үндістердің алтайлық тегі қырғыз ғалымдарына да қоз­ғау салып, өткен жылы академик Қадыралы Қоңқабаев бастаған төрт қырғыз ғалы­мы амери­калық навахо үндістері мен қырғыз халқының салт-дәстүрі мен наным-сенімі өте ұқсас екенін дәлелдейтін туындыны қырғыз тілінде жарыққа шығарды. Қазір әлгі туындыны АҚШ-тың Чикаго қаласында тұра­тын қырғыз ғалымдары ағылшын тіліне ауда­рып жариялауға күш салып жатыр. Біз зерттеп жүрген тақырыпқа Түркия ға­лым­дарының қызы­ғу­шылығы да орасан», деді ол.

Сондай-ақ Ә.Ахмет Қырғызстан үкі­меті 2018 жылды «Шыңғыс Айтматов жылы» деп жа­риялаған кезде атақты жазу­­шы­ның 90 жыл­дығы Қазақстанда да кең кө­лемде ата­лып өткенін тілге тиек етті.

 

Әдеби байланыстың әлеуеті зор

Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің айтуынша, қазақ пен қырғыз арасында мәдени дипломатия мен әдеби байланыстар қай заманда да жоғары деңгейде өрбіген. Әсіресе ауыз әдебиетінде, эпос, жыр, айтыс және жазба әдебиет кезеңдерінде де бұл байланыс үзілген емес.

«Ғасырлар бойы екі халықтың қалам­гер­лері бір-біріне ықпал етіп, ортақ идея­ларды жырлап, өзара рухани байланыстарды нығайтып отырды. Қазақ пен қырғыз халықтарының ауыз әдебиеті мазмұны мен түрі жағынан өте ұқсас. Екі халықтың фольклорында батырлық эпос ерекше орын алады. Қазақтың «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын» жырлары мен қырғыздың «Манас» эпосы мазмұндық жағынан бір-бірімен үндес. Айталық, «Манас» эпосын қазақ жыршылары да жатқа айтып келген, ал қырғыз жыршылары қазақ эпостарын білген. Бұл –  ортақ рухани кеңістіктің дәлелі», деді ол.

Сондай-ақ Шоқан Уәлихановтың 1856 жылы Құлжаға сапарынан кейін «Манас» жыры жайында алғаш пікір айтып, мұраны ғылыми айналымға алғаш түсіргенін еске салды.

«Кезінде Мұхтар Әуезов «Манас» жырының қырғыз хал­қының ғана емес, күл­лі түркітілдес халықтардың ортақ қазы­­насы екенін, онда халықтың тағдыры мен тарихы тұтастай көрініс тапқанын айта келіп: «Қырғыздың Манасы – әлем­дік эпостардың шыңы. Ол – қырғыз халқының асқан рухани жетістігі», деген еді. ХІХ ғасырдағы қырғыз Қатаған мен қазақ Сүйінбай арасындағы айтыс – екі елдің әдеби байланысын айшықтайтын жарқын үлгінің бірі. Бүгінде кітап аудармалары, бірлескен конференциялар, фестивальдер – бәрі де халықтарымыздың досты­ғын одан әрі тереңдетіп жатыр», деді ол.

Сондай-ақ М.Құлкенов өз сөзінде «Түркі әлемінің әдебиеті» атты тарихи-мәдени, рухани байланыстарды нығайту жобасын жүзеге асыру жоспарланып отырғанын, оның басты мақсаты – түркі елдері әдебиетінің ең үздік шығармаларын қазақ тіліне аударып, шығару екенін тілге тиек етті.

«Қазіргі күні үш мемлекет – Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстандағы Жазушылар одақтарымен тиісті меморандумдарға қол қойылып, алдын ала дайындық жұмыстары атқарылды. Әр елден 52 автор, барлығы 156 қалам­гер қамтылып отыр. Басқа да түркі елде­рінің шығармашылық одақтарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. 2025 жылы осы жоба аясында қырғыз әдебиетінен Сұлтан Раевтың «Топан» романы, Арслан Қойшиевтің «Тұқұмқұрт» романы, әзербайжан әдебиетінен Анар Рзаевтің «Қонақүй бөлмесі» повесі, өзбек әдебиеті­нен Хайриддин Сұлтанның «Бақыт жағалауы» кітаптары жарық көрмек. Ал 2026 жылы жоба аясында Ашым Жакыпбековтің «Тиңири Манасы», Мелис Абакировтің «Барымтасы», Самсак Станалиевтің «Чагылгандын көз жашы (Найзағайдың көз жасы)» кітабы, Бекен Назаралиевтің «Баткен тұтқыны», Бейшебай Усубалиевтің «Повесть, әңгіме­ле­рі», Топчугүл Шайдуллаева мен Абдиламит Матисаковтің «Әңгімелер жи­на­­ғы» басылуға дайындалып жатыр», деді ол.

Сонымен қатар М.Құлкенов кеңес заманындағы жаппай ашаршылық жылдары екі миллиондай қазақ қырылып, біразы көрші елдерге босып, пана тап­қанын, соның ішінде Алатау асып, Қырғыз­стан­ға келген қазақтарға қырғыз үкіме­тінің басшысы Жүсіп Әбдірахманов қолұшын созғанын еске алды. Сол тұста астық дайындау жоспарын орындап, шо­лақ белсенділік танытпай, азық-түлікті орта­лыққа жібермей, өз елінде алып қалғанын, осылайша, Қырғызстанда ашаршылық зұлматын азайтып, 200 қазақ отбасын нәубеттен аман алып қалған Жүсіп Әбдірахмановтың ерлігін қазақ халқы ұмытпайтынын баса айтты.

«Айтулы қазақ ақыны Ығылман Шөреков «Ел қамын жеген ерлердің, сөз білген жанда хақы бар» деген екен. Осы ретте Астана мен Алматы қала­ла­рында елінің қамын жеген ер Жүсіп Әбдірахмановқа ескерткіш орнату керек деп санаймын. Бұл екі халықтың өткен та­рихы үшін де, мәңгілік достығы үшін де маңызы зор ескерткіш болар еді», деп ойын түйіндеді.

Форум барысында сөз алған белгілі манасшы Баянғали Әлімжанов өзінің бұл жиынға айрықша сүйінші жаңалықпен келіп отырғанын айтты.

«1995 жылы мен Манастың мың жыл­дығына арналған тойға қатысқанымда көп­теген үлкен манасшы-жыршыларды көрдім. Олар маған осы жырды қазақша сөйлетуге қолқа салды. Бұл ұсыныс көптен бері ойымда жүрген еді. Содан жақында «Манастың» жиырма бес тақырыбын қазақша жырлап шықтым. Он мың жолдан аса өлең болды. Енді, Алла жазса, кітап қылып шығарып, Манас күнінде алып келіп, өздеріңізге табыс­тау ойымда бар», деген ол өзі аударған жырдың бірер шумағын айтып, «Манас» түпнұсқасынан жомықшыларша үзінді оқығанда, бүкіл аудитория арқаланып, рухтанып кетті.

Сөйтіп, қазақ ақыны жергілікті халықтың қошеметіне бөленді.

 

Ынтымаққа үйірген үш бастау

«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы қазақ-қырғыз зиялыларының қазіргі форумы бір кездегі Шыңғыс Айтматовтың «Ыстықкөл форумының» рухани жалғасы іспеттес екеніне тоқтала келе, туыс екі халықтың жәдитшілдік жаңғыруы, Алаш кезеңін­дегі бірлігі туралы сөз қозғады.

«Біріншісі – Уфадағы «Медресе Ғалия» бастауы. Сойы асыл, түркі дүниесіне ортақ тұлға Зия Камали негізін қалаған оқу орнында башқұрт, татар, қазақ, қырғыз, қарақалпақ, құмық, т.б. балалары оқып, кейін ұлт-ұлысының білім-ғылымын, баспасөзі мен жаңа әдебиетін қалыптастырды. Міне, осы құтты шаһарда екі азамат – қыр­ғыз Ишанғали Арабайұлы мен қазақ Хафиз Сәрсекеұлы ой біріктіріп, 1911 жылы тұңғыш рет жәдиттік бағыттағы «Қазақ-қырғыз әліппесін» жазды. Әлбетте, А.Байтұрсынұлының 1912 жылы Орынборда шыққан білікті, салмақты «Оқу құра­лының (Қазақша әліппе)» жөні бөлек, бірақ өздерін сол Ақаңның шәкірті санаған қос азаматтың бастамашылдығы, өжеттігі тарихқа енуі қажет. Сондай-ақ осы дата қос елдің филология, лингвистика саласының бір­лік күні ретінде айқындалса дейміз», деді академик.

Д.Қамзабекұлының айтуынша, екінші бастау – 1916 жыл­дағы үркіншілік тағы­лы­мы. Бұл – туыс­қан екі ұлт үшін де ең ауыр ­шақ.

«1916–1917 жылдары сан мың халық туған жерінен амалсыз Қытай ауды. Бабаларша айтсақ, «бір жағы – жар, екінші жағы – құз» еді. Әсіресе қырғыз ұлты үдере көшті. Сол көштің ішінде болашақ қырғыз классигі, ол кезде жас бозбала Қасым Тыныстанұлы да жүрді. Қаралы да жаралы күндерде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастап, Петербордың жауапты орындарына, Мемлекеттік Думаға дейін дабыл қақты. «Қырғыз халқына көмек» деп елден жылу жинады. Бұған куә – тарихи «Қазақ» газетіндегі материалдар. Алаш газеті дерегінше, үркіншілікке ұшыраған қырғыз халқының саны 164 мың екен. Міне, осының басым бөлігін қайтаруға қазақ зиялылары ерекше атсалысты. Мұндай дерек Алаш газеттерінде тұнып тұр. Біздіңше, осы үркіншіліктегі бірлікке белгі орнату – бүгінгі ұрпақтың асыл парызы. Тіпті екі елдің суреткерлері роман жазып, көркем фильм түсірсе де құба-құп», деп ойын түйін­деді.

Академик айтқан үшінші бастау – Алаш мұраты. Бұл – бізді біріктіретін рәмізді кезең.

«Өз басым «Қазақ», «Ақжол», «Тілші» газеттерінен Ишанғали Арабайұлы мен Қасым Тыныстанұлына қатысты кемінде 30-ға тарта мақала, дерек оқыдым. Мысалы, әйгілі қазақ ақыны Ғұмар Қараштың «Өрнек», «Тұрмыш» атты кітаптарын таратуға Ишанғали белсене атсалысқан. Қырғыз Қасымның «Алашқа» атты өлеңі кейінгі барлық жинағына енді.

1922 жылы Ташкентте Алаш зиялылары құрған «Талап» мәдени ұйымының басқарма құрамында да Қасым жүрді. Осы қалада жоғары деңгейде өткен Ақаңның 50 жылдық мерейтойында қырғыз зиялылары тік тұрып қызмет еткен. Сондай-ақ қырғыз классигі Қасым Тыныстанұлының алғашқы өлеңдері қазақтың тарихи «Ақ жол» газетінің (Ташкент) ізашары «Жаңа өріс» газетінде жарияланғаны да – зерттеуге лайықты тақырып», деді Д.Қамзабекұлы.

Форум қорытындысында екі елдің Парламент спикерлері М.Әшімбаев пен Н.Тургунбек уулу маңызды саяси, экономикалық, мәдени басқосулар сәтімен жалғасатынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар

Семей-Астана тасжолы тазаланды

«Таза Қазақстан» • Кеше

Жылумен қамту - жауапты міндет

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Алматыда дәмхана өртенді

Төтенше жағдай • Кеше