Тағзым • Бүгін, 07:55

Қаламгер рухына құрмет

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордадағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Мәдениет қайраткері марқұм Жақсылық Рахматулланың туғанына 80 жыл толуына орай ғылыми-танымдық конференция өтті. Ұзақ жыл баспасөз саласында қызмет еткен қаламгердің «Алыстай берген аяулым», «Өмір самалы», «Болашаққа сенім», «Ғұмырдария», «Жібек жолындағы жұлдыздар», «Сағым жылдар», «Кие», «Хикаяттар», «Дала толғауы» «Меңсұлу», «Қызғалдақ қалың шыққан жыл» шығармалары – оқырманнан өз бағасын алған туындылар.

Қаламгер рухына құрмет

Еңбек жолын аудандық басылымнан бастаған Жақсылық Шайманұлы облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы болған тұста дәстүрлі баспасөзді заман талабына бейімдеп, жаңа бағытқа жол ашты. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының өңірдегі филиа­лын басқарып, қаламы қуатты талай жанға қолдау танытты.

Конференцияда «Сыр бойы» газе­тінің бас редакторы, Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов қаламгер рухына құрмет көрсету мақсатында ұйым­дастырылып жатқан іс-шаралар жайлы айтып өтті. Ал облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров баяндамасын Жақсылық Шайманұлының өз дәуірінің шежіресін шынайы жазған­дығынан бастады. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қар­шыға Есімсейітова жазушы шығар­машылығына тоқталды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Аягөз Әбдіразақова өңір журналистикасында қолтаңбасы қалған көрнекті қаламгердің шығарма­шылығына толымды талдау жасады.

Қаламдас інісі Дүйсенбек Аяшұлы облыстық газетті басқарған жылдары Жақсылық Рахматулланың газет жанынан нарық сұранысына сай бір­неше қосымша шығарып, өзін-өзі қаржы­ландыру әдісін сәтті бастағанын айтты.

Конференцияда қаламгердің қатарластары да естеліктер айтып, «Сыр бойы» газеті редакциясының ұйымдас­тыруымен Жақсылық Рахматулланың 80 жылдығына орай жас журналистер арасында өткізілген «Қызылорда – құн­дылықтар қаласы» атты шығарма­шылық байқау жеңімпаздары марапатталды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА