
Үшінші мыңжылдықтың басында Атырау МӨЗ экологиялық таза мотор отыны мен мұнай-химия өнімдерін шығаратын заманауи жоғары технологиялық кешенге айналды. Инвестициялық жобаларды іске асыруда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-ның жүйелі жұмыс атқаруының және еншілес кәсіпорындарын, оның ішінде Атырау МӨЗ-ді тиімді басқаруының арқасында Үкіметтің тапсырмалары табысты орындалды.
Әйгілі зауыттың мерейтойына орай біз оның бас директоры Қуаныш Бишімовпен кәсіпорынның өткені мен болашағы, жетістіктері мен жаңа жобалары туралы сұхбаттасқан едік.
– Қуаныш Ердәулетұлы, зауыттың 80 жылдығы құтты болсын! Бұл мерейтой сіз үшін несімен қымбат?
– Рахмет! 80 жылдық – бір кәсіпорынның тарихы ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақтың ерен еңбегі. Кәсіпорынның осы уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктері – бүгінгі жұмыскерлер мен ардагерлердің еңбегінің нәтижесі. Зауыт еңбеккерлері – біздің басты құндылығымыз. Сондықтан да басты міндетіміз – қауіпсіз еңбек жағдайын жасау. Атырау МӨЗ басшылығының бірінші кезектегі міндеті – әрбір жұмыскердің жұмыстан соң үйіне аман-есен оралуы.
– Атырау МӨЗ-дің тарихы қалай басталғанын айта кетсеңіз.
– Зауыт Екінші дүниежүзілік соғыс қайнап жатқан кезде салынған. 1943 жылғы 14 сәуірде КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстанның Гурьев қаласында мұнай өңдеу зауытын салу туралы құпия қаулы қабылдаған. Сөйтіп, 1945 жылы 8 қыркүйекте алғашқы отандық бензин шығарылған. Осы күн зауытымыздың туған күні болып саналады.
1960–1980 жылдары зауытта ауқымды техникалық қайта құру жүргізіліп, оның қуаты жылына
4,9 млн тоннаға дейін арттырылған. Атырау МӨЗ елді авиациялық керосиннен бастап, ауыл шаруашылығына арналған отынға дейін мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіп, бұрынғы одақтың стратегиялық объектісіне айналған.
2001 жылдан бастап зауытты толығымен өзгерткен үш сатылы жаңғырту жүзеге асырылды. Бірінші кезең (2003–2006 жылдар) жапондық Marubeni және JGC Corporation компанияларының қатысуымен өтті. Төрт жаңа қондырғы пайдалануға берілді: күкірт пен қоспалардың құрамын төмендететін бензин мен дизель отынын гидротазарту қондырғысы, мұнайды терең өңдеу үшін сутегін шығару және тазарту қондырғысы, оны өндірістік үдерістен экологиялық тұрғыдан қауіпсіз шығаруға мүмкіндік беретін күкірт алу қондырғысы, ағын суларды биологиялық тазарту стансасы. Нәтижесінде, бензиннің сапасы – Еуро-2, ал дизель Еуро-4 деңгейіне жетті.
Екінші кезеңде (2010–2016 жылдар) бензол мен параксилол өндіретін қондырғылар салынды. Бұл өнім ассортиментін кеңейтуге, отын сапасын Еуро-3 және Еуро-4-ке дейін жақсартуға мүмкіндік берді. Жоғары октанды бензин өндірісі жылына 260 мың тоннадан 600 мың тоннаға дейін артты. Зауыт мұнай-химия кластері болуға алғашқы қадамын жасады.
Үшінші кезеңде (2011–2018 жылдар) терең өңдеу кешені, 12 жаңа қондырғы пайдалануға берілді. Зауыт Еуропалық экологиялық нормаларға сәйкес келетін Еуро-5 стандартына жататын өнімдер шығара бастады. Атырау МӨЗ Орталық Азиядағы ең ірі экологиялық өндірістердің қатарына кірді. 2017 жылы кәсіпорын «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша ІІІ орынға ие болып, «Парыз – 2017» сыйлығының иегері атанды.
– Өндірістік көрсеткіштер бойынша 2024 жыл зауыт үшін рекордтық жыл болды ғой?
– Иә, былтыр тарихи белеске жеттік, 5 млн 547 мың тонна мұнай өңдедік. Бұл – ең жоғары нәтижеміз.
– Биылғы негізгі өндірістік көрсеткіштеріңіз қандай?
– 2025 жылдың 8 айында
3,9 млн тонна шикізат қайта өңделді, 3,5 млн тоннадан астам өнім өндірілді. Оның ішінде 1,2 млн тоннадан астам автобензин, 1,4 млн
астам дизель отыны, 126,5 мың тонна авиаотын, 162,4 мың тонна сұйытылған газ өндірілді. Әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерінің барлық түрі бойынша Энергетика министрлігі бекіткен жоспарды асыра орындадық. Осы кезеңде өңдеу тереңдігінің көрсеткіштерін 88,6%-ға дейін, ал ашық түсті мұнай өнімдерін өндіру көлемін 77,5%-ға дейін жақсарта алғанымызды атап өткім келеді.
– Зауыттың еліміздің экономикасына қосқан үлесі қандай?
– 2024 жылы біз 154,5 млрд теңгеден астам салық төледік, оның 134 млрд теңгесі Атырау облысының бюджетіне аударылды. Атырау МӨЗ – еліміздегі ең ірі салық төлеушілердің бірі. Ішкі нарықта біз отынның шамамен 30–35%-ын қамтамасыз етіп отырмыз. Еліміздегі бензин мен дизельдің әрбір үшінші литрі дәл осы жерде – Атырауда өндіріледі.
– Экология – Атырау қаласы үшін ең өзекті мәселе екендігі мәлім. Осы бағытта қандай шараларды қолдандыңыздар?
– Экологиялық жауапкершілік – стратегиямыздың басты тармағының бірі. Біз үшін заңнама нормаларын сақтау ғана емес, сонымен қатар заманауи технологиялар мен үздік халықаралық тәжірибелерді енгізу де маңызды. Біз зауыттың қала шегінде орналасқанын және атыраулықтардың тұрмысының жайлылығы мен денсаулығы жұмысымызға тікелей байланысты екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан біз үшін экологиялық жобалар – ең алдымен, адамдарға қамқорлық жасау. 2019 жылдан бастап біз Tazalyq ауқымды жобасын жүзеге асырып келеміз. Оның аясында зауыттың механикалық тазарту құрылыстары (МТҚ) және нормативтік тазартылған ағындарға арналған ашық канал толығымен қайта жаңартылды, булану өрістерінің зауыттық бөлігінің алғашқы екі секторын рекультивациялау жүргізілді. МТҚ-ны қайта құру нәтижесінде ағын сулардың сапасы айтарлықтай жақсарды. Бүгінде кешен сағатына 1000 текше метр суды тазартады, ал тазартылған ағын судың көрсеткіштері тиісті нормаларға толық сәйкес келеді. Мысалы, судағы мұнай өнімдерінің рұқсат етілген мөлшері 1,8 мг/дм3 болса, іс жүзінде 1 мг/дм3-тен аспайды. Бұл біздің биологиялық тазарту құрылыстарымыздың (БТҚ) жұмысының жоғары (98%) тиімділігін көрсетеді.
2024 жылы еліміздің экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес біз төрт көз бойынша шығарындыларды мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесін (МАЖ) орнаттық. Аспаптар шығатын газдардағы зиянды заттардың концентрациясын нақты уақыт режімінде айқындайды және әр 20 минут сайын алынған деректерді бақылаушы органдарға жібереді. Бұл көрсеткіштерді қадағалап қана қоймай, технологиялық қондырғылардың жұмыс режімін тез арада түзетуге мүмкіндік беріп отыр.
Біз резервуарлардан булануды азайтуға баса көңіл бөліп отырмыз. Зауытта 75 резервуар жұмыс істейді және олардың 60-ы көмірсутектің булануын болдырмайтын арнайы понтондармен, қалқымалы құрылымдармен жабдықталған. 2026 жылдың соңына дейін тағы 11 резервуарды, ал қалған резервуарларды келесі кезеңде жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Бұл шығарындыларды азайтуға және өнімнің сапасын сақтауға мүмкіндік береді.
Зауыт Атырау қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту жұмыстарын одан әрі жалғастыратын болады. Біз үшін ережелерді сақтау ғана емес, ашық диалог жүргізу де маңызды: Атырау МӨЗ-дің жанында қоғамдық экологиялық кеңес жұмыс істейді, сондай-ақ зауыт пен тұрғындар арасында медиатор қызметін атқаратын экологиялық омбудсмен де бар. Біз үнемі қоғамдық тыңдау, Ашық есік күндерін өткізіп, жұмыс нәтижелерін жұртшылықпен ашық бөлісіп жүрміз. Ашықтық пен тұрғындармен қарым-қатынас жасау арқылы ғана сенім мен нақты нәтижелерге қол жеткізуге болатынына сенімдімін.
– Кадр мәселесі: ардагерлер және жаңа мамандар. Осы мәселе сіздерде қалай шешіліп жатыр?
– Атырау МӨЗ – осы заманғы өндіріс қана емес, мұнай саласының болашақ мамандары үшін нағыз мектеп. Біз заманауи технологияларды сенімді түрде игере алатын жас та, жоғары білікті кадрларды даярлауға ерекше назар аударып отырмыз.
2016 жылдан бастап жергілікті жоғары оқу орындарымен бірлесіп, дуалды оқыту бағдарламасын іске асырып келеміз. Студенттер оқу уақытының 40%-ын сабақта,
60%-ын өндірісте өткізеді. Әрқайсысына таңдаған мамандығы бойынша практикалық дағдыларды үйрететін тәлімгер бекітіледі. Студенттер ай сайын ең төменгі айлық жалақы мөлшерінде өтемақы алады. Атырау МӨЗ-де дуалды оқытудың өзіндік стандарты әзірленді. Соның арқасында студенттер барлық технологиялық үдерістен – бастауыш операциядан бастап қайталама операцияға дейінгі үдерістен өтеді. Осыған дейін 39 студент оқудан өтті, 26-сы зауытымызда жұмысқа орналасты, тағы 3-еуі резервте тұр. 2025 жылғы қабылдау аясында 10 студент таңдап алынып, олар қазір бағдарлама бойынша оқуларын жалғастыру үстінде.
2003 жылдан бастап жұмыскерлеріміздің балаларына арналған «Жас маман» білім беру жобасы іске асырылып жатыр. Оның аясында біз Атырау мектептерінің түлектерін Қазақстанның, Қытайдың және ТМД елдерінің жетекші жоғары оқу орындарында Атырау МӨЗ үшін қажетті техникалық мамандықтар бойынша оқытуды қаржыландырып отырмыз. Үлгерімі жақсы студенттерге стипендия төлейміз. Осы бағдарлама бойынша 52 жас адам оқудан өтті, олардың 40-ын жұмысқа алдық, 5 студент оқуын жалғастырып жүр.
2023–2024 жылдары APEC Training Center-мен бірлесіп, технологиялық қондырғылардың операторларын, сорғы мен компрессор машинистерін, бақылау-өлшеу және автоматика аспаптарын дайындауға бағытталған «Атырау МӨЗ тағылымдамашысы» жобасын іске асырдық. Осы оқытудан 80 адам өтті, олардың 53-і зауытта жұмысқа орналастырылды, 27-сі – резервте.
Жаңа мамандарды даярлаудан басқа, біз компьютерлік-жаттығу кешендері арқылы жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің біліктілігін үнемі арттырып отырамыз. Осы мақсатта корпоративтік семинарлар мен оқыту тренингтері өткізіледі, шетелде тағылымдамалар ұйымдастырылады. Мұның бәрі қауіпсіздік пен өндіріс тиімділігінің жоғары стандарттарын сақтауға көмегін тигізеді. Білікті кадрлар – зауыттың тұрақты жұмысының негізі және одан әрі сенімді дамуымыздың кепілі.
– Зауыт қала маңында орналасқан. Оны кеңейту кезінде экологияға жүктеме күшейе түспей ме?
– Барлық жоба зауыт аумағында қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң тәртіппен іске асырылады. Жоғарыда айтқанымдай, қаламен көршілес болу ерекше жауапкершілік жүктейтінін терең түсінеміз. Сондықтан әрбір жаңа шешім экологиялық сараптамадан өткізіледі. Таяудағы бастамалардың қатарында Жайық өзенінен су алуды 25%-ға қысқарту (жылына 7,2 млн текше метрден жылына 5,4 млн текше метрге дейін), ағын суды ағызу көлемін 33%-ға азайту (жылына 5,8 млн текше метрден 3,8 млн текше метрге дейін), биологиялық тазарту қондырғысын жаңғырту, 3-ші және 4-ші булану алқаптары секторларын рекультивациялау және көмірсутекті ұстау жүйелерін орнату бар. Барлық жоба жоғары экологиялық стандарттарға сәйкес іске асырылатын болады. Кейінгі 5 жылда біз шығарындыларды 22%-ға, яғни 20 123 тоннадан
15 642 тоннаға дейін қысқарта алдық.
– Жұмыскерлерге қатысты әлеуметтік саясаттарыңыз қандай?
– Біз үшін негізгі басымдықтар тұрақты жұмыспен қамту, ұдайы ішкі оқыту, халықаралық бағдарламаларға қатысу, техникалық ағылшын дағдыларын дамыту және өндірістегі практикалық дайындық болып саналады. Жұмыскерлеріміз неғұрлым жақсы дамыса, өндіріс те соғұрлым сенімді жұмыс істейтініне сенімдімін.
Әлбетте, біз бірінші санаттағы объектіге жатамыз. Сондықтан өрт, газ және өнеркәсіптік қауіпсіздікке қойылатын талаптар өте жоғары. Біз «нөл жарақат» қағидатын қатаң ұстанып отырмыз.
– Тиімділікті арттыру бойынша қандай жоба іске асырылып жатыр?
– Біз зауыт жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін бірқатар жобаны жоспарладық. Алдымызға қойған негізгі міндеттеріміз – ашық түсті мұнай өнімдерін шығаруды ұлғайту, жұмыс істеп тұрған қондырғылардағы «осал тұстарды» болдырмау және жеңіл мұнайды өңдеуге дайындық. Осындай жобалардың бірі – қолданыстағы автоматтандырылған тактілік құю қондырғысында (АТҚҚ) толық құюға арналған жаңа сорғы стансасын салу. Ол газдану қаупін жояды, атмосфераға көмірсутек буларының шығарылуын болдырмайды және қоршаған ортаға жүктемені азайтады. Жаңғырту есебінен біз мұнай өнімдерін АТҚҚ арқылы жөнелтуді тәулігіне 12,4 мың тоннаға ұлғайтамыз және көмірсутектің шығуын жылына
6 мың тоннаға дейін қысқартамыз.
Баяу кокстеу қондырғысында (БКҚ) кокс камераларының блогін салу да – маңызды жоба. Ол физикалық тұрғыдан тозған жабдықты ауыстыруды қамтып, БКҚ-ның тұрақты да сенімді жұмысын қамтамасыз етеді. Жобаны іске асыру қондырғының өнімділігін жылына 1,2 млн тоннаға арттыруға және ластаушы заттардың шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тікелей құйылатын нафта мен керосин-газ фракциясын (КГФ) ағызу үшін инфрақұрылым салынып жатыр. Осы құрылыс аяқталғаннан кейін зауытта бензин мен дизельді гидротазарту қондырғыларында жылына 300 мың тонна нафта мен 300 мың тоннадай КГФ-ны қосымша өңдеу мүмкіндігі болады. Біз сондай-ақ автобензин мен мұнай-химия өнімдерін жылына 280 мың тоннаға дейін, дизель және авиаотын өндіруді жылына 280 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.
Тағы бір бағыт – ЭЛОУ-АТ-2, ЭЛОУ-АВТ-3 және БКҚ қондырғыларында шығатын газдарды сығымдау блогін салу. Бұл бұрын пеште жағылған газ есебінен жылына 35 мың тоннаға дейін сұйытылған көмірсутек газын (СКГ) қосымша өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге каталитикалық крекинг қондырғысында шығатын және сұйытылған газды тазарту арқылы атмосфераға шығарындылар азаяды.
«Аралық жөндеудің кеңейтілген кезеңі» жобасын ерекше атап өткім келеді. Зауыт күрделі жөндеудің үш жылдық цикліне көшуге дайындалып жатыр. Онда технологиялық қондырғыларға қызмет көрсету зауытты толық тоқтатпай жүргізіледі, ал күрделі жөндеу үш жылда бір рет атқарылады. Бұл тәсіл өндірістің сенімділігін арттырады және ашық түсті мұнай өнімдерін – бензинді, дизельді, авиаотынды, сұйытылған көміртек газын және мұнай-химия өнімдерін шығарудың қосымша өсімін береді.
– Зауыттың болашаққа арналған басты құндылықтары қандай?
– Үш құндылық өзгеріссіз қалады: тұрақтылық, экология, инновация. Біздің жолымыз – технология мен адами капиталдың үйлесімділігі, табиғат үшін жауапкершілік және жаңа атаулығы ашықтық.
Зауытымыздың барлық жұмыскері мен ардагерлерімізді Атырау МӨЗ-дің мерейтойымен құттықтаймын! Біздің зауыт – Қазақстандағы мұнай өңдеу саласының тұңғышы. Бұл – ортақ мақтанышымыз. Атырау МӨЗ еліміздің мұнай-газ индустриясының алдыңғы қатарында қала беретініне сенімдімін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Egemen Qazaqstan»