
Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Әрі оқиды,әрі еңбек етеді
Осы құрыш білек мамандарды даярлайтын колледждер көбіне университеттердің тасасында қалып қояды. Ал шын мәнінде, өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету салаларында нағыз шебер маманға деген сұраныс ешқашан азайған емес. Жалақысы да кейбір жоғары білімді қызметкерлерден кем түспейді. Қоғамда жұмысшы мамандығына деген көзқарас өзгерсе дейміз. Сонда ғана жастардың да осы салаға қызығушылығы арта түспек.
Қазір елімізде 772 колледж жұмыс істейді, онда 550 мың студент оқиды. Биылғы оқу жылынан бастап 9-сыныптардың түлектері сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алады. Бұл ретте мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға бағытталған.
Саладағы тағы бір маңызды жаңалық – дуалды оқыту жүйесінің кеңінен енгізіліп жатқаны. Осы арқылы студент теорияны меңгеріп қана қоймай, кәсіпорында нақты тәжірибеден өтеді. Оқу үдерісі екі ортада, яғни колледж бен өндірісте қатар жүреді. Мұның бірнеше артықшылығы бар. Атап айтсақ, теория мен тәжірибе қатар меңгеріледі.
Студент алған білімін бірден іс жүзінде қолданып, кәсіби дағдысын шыңдайды. Одан бөлек, студенттің жұмысқа бейімделуі жеңіл болмақ. Өйткені білім алушы оқу барысында-ақ еңбек тәртібі мен өндіріс мәдениетіне үйренеді. Содан соң түлектің еңбек өтілі болады. Колледж бітірген кезде қолында тәжірибесі бар маман ретінде жұмысқа орналасады. Бұл жүйе жұмыс берушіге де тиімді. Өйткені кәсіпорын өзіне қажетті маманды алдын ала даярлап, болашақ кадр қорын жасақтайды. Көптеген мекеме тәжірибеден өтушілерге еңбекақы немесе шәкіртақы төлеп отырады. Осылайша, дуалды оқыту – «оқи жүріп, жұмыс істеудің» тиімді жолы. Ол түлектің еңбек нарығына дайын болуын ғана емес, жұмыс берушінің де сенімін арттырады.
«Қазір колледждердің 72%-на дуалды оқыту енгізілді. Дуалды оқытуға
18 мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары 130 мыңнан астам колледж студенттеріне тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді», деді Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Ғарифоллаұлы.
Иә, қолынан іс келетін адамға еңбек нарығында әрдайым орын бар. Технология дамығанымен, адам қолының шеберлігі мен кәсібилігіне сұраныс ешқашан төмендеген емес. Жас мамандар жоғары жалақы төлейтін, тұрақты жұмысы бар кәсіпті меңгеруге ұмтылады.
Астана қаласындағы Жоғары көлік және коммуникация колледжінің директоры Бірлік Еркінұлының айтуынша, жастарды еңбекке ерте араластыру олардың кәсіби тұрғыда тез жетілуіне және нарықта өз орнын табуына зор мүмкіндік береді.
«18 жасқа толған студенттер үшінші курстан бастап өндірістік тәжірибеге шығып, айына 300 мың теңгеге дейін табыс таба алады. Бұл колледждегі мамандықтарға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Тіпті кейбір компаниялар үздік студенттерді іріктеп, бірден жұмысқа қабылдаса, кей жағдайда бүкіл топты толықтай жұмысқа алады. Мәселен, 2023 жылы түлектердің 80%-ы, өткен жылы 83,5%-ы, ал биыл 84%-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Жалпы, колледжге жыл сайын шамамен 550 студент қабылданады.
2023 жылы – 554, былтыр – 559, ал осы жылы 575 студент қабылданды. Оқу үдерісінің ерекшелігі – бірінші курста студенттер негізінен мектеп бағдарламасындағы пәндерді меңгеріп, екінші семестрден бастап кәсіби бағыттағы сабақтарға көшеді. Бұл кезеңде олар мамандықтың қыр-сырымен танысып, қай салада жұмыс істей алатынын анықтайды», дейді ол.
Колледж басшысының айтуынша, жоғары курсқа өткен соң, 18 жасқа толған студенттердің көбі нақты өндірістік тәжірибеге шығады. Мәселен, колледж студенттері Астана жол дистанциясында тәжірибеден өтіп, кейін тұрақты жұмысқа орналасып жатқан көрінеді. Тәжірибе кезеңінде алғашқы айда 150 мың теңге, келесі айда 300 мың теңгеге дейін еңбекақы алады. Осылайша, стипендиясымен қоса есептегенде студенттің айлық табысы 350 мың теңгеге жетеді. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Себебі олар оқу орнында жүріп-ақ тұрақты табысқа қол жеткізіп, өз мамандығы бойынша еңбек жолын ерте бастайды.
Жастарды қанаттандыратын бағдарлама
Астанадағы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің түлегі
Еркебұлан Серікбайұлының айтуынша, колледжде алған білім мен тәжірибе түлектерге бірден еңбекке араласып, тұрақты табыс табуға жол ашады.
«Бала кезімнен наубайшылыққа қызығып, осы салада өзімді жетілдіріп келемін. Қазір студенттерге нан өнімдерін әзірлеуді үйретемін. Колледжде алған білімімнің арқасында Швейцария, Польша, Италия, Түркия сияқты елдерде өткен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Әлемнің жеті мемлекетін шарладым. Қазір шәкірттерімді халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындап жатырмын. Бұл мамандық ешқашан сұранысын жоғалтпайды. Мәселен, біздің түлектер оқуын аяқтаған соң бірден жұмысқа орналасып, 500 мың теңгеден жоғары жалақы алады. Ал жаңа технологияларды меңгергендер бұдан да көп табыс таба алады. Ең бастысы – колледж тек білім беріп қана қоймай, өндірісте тәжірибеден өтуге мүмкіндік жасайды. Сондықтан бүгін колледжге келген жас – ертең тұрақты жұмысы бар, кәсіби маманға айналады», дейді ол.
Тіпті елімізде колледж студенттерін қолдайтын жақсы бағдарламалар да баршылық. Бұған Астана қаласындағы Жоғары көлік және коммуникация колледжіне барған сапарымызда анық көз жеткіздік. Білім алушылармен сұхбаттасу барысында Бүркіт Ерасыл есімді студент колледждегі мүмкіндіктер туралы айта келіп, «Басқалар 41 000 теңге стипендия алса, біз ай сайын
80 000 теңге шәкіртақы аламыз. «Жарқын болашақ» бағдарламасы төртжылдық оқуымызды толық қамтамасыз етеді. Өзім Маңғыстаудан келдім. Жатақхана да тегін. Жол шығынын да жіберуші тарап көтереді», деген еді.
Аталған бағдарламаның жетекшісі Назерке Дабылдың айтуынша, колледж 9-сыныпты аяқтаған оқушыларға сапалы білім алып, таңдаған мамандығы бойынша жақсы тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.
«Колледж – жастар үшін нағыз әлеуметтік баспалдақ. Студенттер қысқа уақытта мамандық алып шығып, өз болашағына сенімді қадам баса алады. Бірінші курстан бастап-ақ тәжірибеге араласып, түрлі жұмыс орындарында өздерін сынап көреді, жауапкершілікке үйренеді. Колледждің артықшылығы сол, балаларға түрлі бағытта дамуға мүмкіндік береді, яғни біреулер бірден еңбек нарығына шығады, енді бірі жоғары оқу орнында білімін жалғастырады. Бұл жастар үшін де, еңбек нарығы үшін де тиімді деп ойлаймын. Қазір «Жарқын болашақ» бағдарламасы аясында мыңға жуық бала еліміздің үздік колледждерінде білім алып жатыр. Былтыр және биыл екі жүзден аса түлек оқуын тәмамдады. Олардың жартысы жұмысқа орналасса, қалғаны жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып жүр. Кейде университет бітірген жастар ұзақ уақыт жұмыс таба алмай жүреді. Ал біздің балалар кураторлардың көмегімен жұмысқа орналасып, кәсіби дамуға мүмкіндік алады. Бағдарламаға қатысушылар арасында техникалық және IT-мамандықтарға сұраныс ерекше. Биыл «Жарқын болашақ» бойынша оқуға түскен талапкерлердің 80%-ы техникалық мамандықтарда білім алмақ», дейді Назерке Дабыл.
Бүгінде бағдарлама бойынша еліміздегі 60-тан аса колледжбен екіжақты меморандум қабылданған. Назерке Дабылдың айтуынша, оқу орындары жұмыс берушілермен жақсы байланыс орнатқан, студенттерді бірінші курстан бастап тәжірибеге жіберіп, оқу озаттарына мықты кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға көмектеседі.