
Сурет: azh.kz
Президент ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу экономиканы жаңғыртудың негізі екенін атап өтті. Осыған байланысты Цифрлық кодексті қабылдауды жеделдетіп, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру ұсынылды.
Үкіметке өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығынан бастап білім мен денсаулық сақтау саласына дейінгі барлық негізгі салада жасанды интеллектіні толық енгізуді қамтамасыз ету жүктелді. Бұл тиімділікті арттырып қана қоймай, сапалы жаңа жұмыс орындары мен экономикалық тауарларды құруға мүмкіндік береді.
Инвестициялық саясат, Ұлттық қордың рөлі және цифрлық активтердің экожүйесін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Жарияланған бағыт шикізатты терең өңдеуге және ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталған. Мен энергетикамен байланысты адам ретінде Президенттің осы саладағы бастамаларын ерекше бағалаймын.
Мемлекет басшысы еліміз қазірдің өзінде энергия көздерін ауқымды жаңғыртуды қолға алғанын атап өтті. Алдағы бес жылда 6,3 ГВт жасыл энергияны енгізу жоспарланып отыр. Бұл елдің жалпы энергетикалық балансындағы үлесін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Атом энергетикасын дамытуға да баса назар аударылады: екінші және үшінші атом электр стансасының құрылысын жоспарлауды бастау ұсынылады. Энергетикалық көшу – өз алдына мақсат емес, тұрақты даму құралы. Еліміз бұл бағытта энергетикалық жүйенің нақты мүмкіндіктері мен мемлекеттің ұзақмерзімді мүдделеріне сүйене отырып алға жылжиды.
Экологиялық мәселелер де назардан тыс қалмады. Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі мәселесіне де ерекше көңіл бөліну керек. Президент ШЫҰ аясында Су мәселелерін зерттеу орталығын құруды, сондай-ақ бүкіл өңірдің экологиялық қауіпсіздігі үшін аса маңызды Каспий теңізінің су ресурстарын сақтаудың мемлекетаралық бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Жолдауда әлеуметтік мәселелер, ғылым, білім, мәдениет және өнердің жасанды интеллект контексінде дамуы да көрініс тапты. Бұл адам капиталы болашақтың басты құндылығы мен тірегі екенін айқын аңғартады.
Жолдаудың маңызды бөлігі – парламенттік реформа туралы бастама. Президент алдағы уақытта елімізде жаңа реформа мен бір палаталы Парламент құрылатынын мәлімдеді.
«Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар қауымдастығында және қазіргі Парламентте егжей-тегжей талқылау нысанасына айналуға тиіс. Реформаның ерекше сипатын ескере отырып, талқылау кем дегенде бір жылға созылады, содан кейін 2027 жылы жалпыхалықтық референдум өткізіліп, содан кейін Конституцияға қажетті өзгерістер енгізілуі мүмкін деп ойлаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бір палаталы Парламент құру қажеттігі туралы жалпы шешім қабылданса, мұндай Парламент партиялық тізім бойынша сайланады. Әрине, Жолдауда айтылған барлық бастама жүйелі заңнамалық қолдауды қажет етеді. Бірақ ең бастысы, бағыт анықталды. Яғни әділдікке, тұрақтылыққа және технологияға бағытталған жол. Біз ел дамуының жаңа кезеңінің табалдырығында тұрмыз. Алда жұмыс көп. Еліміздің жасанды интеллект дәуіріне лайықты енуіне және аймақтың цифрлық көшбасшысы болуына мүмкіндік жеткілікті.
Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ,
Мәжіліс депутаты