Жоба Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Әскери-патриоттық қызмет басқармасы бастамасы негізінде «Balapan» телеарнасымен бірлесіп жүзеге асырылған.
«Шекарашы балақай» – Қазақстандағы әскери тақырыптағы дебюттік анимациялық жоба. Мультхикая жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, мемлекеттік шекараны қорғаудың маңызын түсіндіру және әскери қызметке деген құрметті арттыруды көздейді.
Іс-шара барысында ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары, генерал-майор Төлеужан Жүнісов жобаның маңыздылығына тоқталып, әскери-патриоттық тәрбиенің жас ұрпақ үшін ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Шекара қызметі жүйесінде 380 әскери-патриоттық клуб қарқынды жұмыс істейді. Онда 5 700-ден астам тәрбиеленуші білім алып жатыр.
«Шекарашы балақай» сияқты жобаның дүниеге келуі біз үшін үлкен қуаныш. Бұл – тек мультхикая ғана емес, балаларға түсінікті тілде Отанға қызмет ету, шекара күзетшілерінің еңбегін құрметтеу және ел алдындағы жауапкершілікті сезіну құндылықтарын жеткізетін заманауи құрал. Шекара қызметі үшін әскери-патриоттық тәрбие әрқашан ерекше назарда, және біз бұл бағыттың жаңа, қолжетімді әрі әсерлі форматта дамып жатқанына қуаныштымыз», деді Шекара қызметі директорының орынбасары.
Іс-шара барысында қонақтар мультхикаяны тамашалап, жобаның бастамашылары және оны жүзеге асырған шығармашылық топ өкілдерімен кездесті.
Аталған іс-шараға әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, оқушылар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен республикалық БАҚ өкілдері қатысты. Қатысушылар мұндай жобалардың жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіндегі маңызы зор екенін атап өтті.