ЖОЛДАУ • Бүгін, 09:05

Цифрлық өркениетке қадам

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңірі өмірдің бар­лық маңызды саласына цифрлық шешімдерді жеделдетіп енгізу­ге бағыт алды. Алдағы жылдары оң өзгерістерді жергілікті тұрғындар сезіне бастайды деп күтіліп отыр.

Цифрлық өркениетке қадам

Суретті түсірген – Валерий Бугаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Қазақстан үш жылдың ішінде цифрлық елге айналуы керек» деп нақты мақсат қойғаны белгілі. Бұл бағыттағы алғашқы және нақты қадамдардың бірі – өмірдің барлық саласын цифрландыру. Ертіс бо­йында бұл міндетке негізделген іс-қимыл жоспарлары түзіліп, іске аса бастады.

Облыс орталығында Президент Жолдауын жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиын өтті. Іс-шараға қоғам өкілдері, басқарма басшылары, қалалар мен аудан әкімдері қатысты.

Өңір басшысы Асайын Байханов Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері аймақтың негізгі салаларына тікелей қатысты екенін, сондықтан әрбір құрылым мен басшыдан жеке жауапкершілікті талап ететінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Жолдауының барлық бағыты өңіріміздің негізгі салаларын қамтиды. Сондықтан қойыл­ған міндеттерді жеке жауапкершілік ретінде қабылдауымыз керек. Павлодар облысының әрбір тұрғыны оң өзгерістерді сезінуге тиіс. Ол үшін бізге жаңа бастамаларды сапалы әрі тиімді іске асыру бойын­ша үйлесімді, нақты және нәтижелі жұмыс қажет, – деді өңір басшысы.

Жолдаудың басты бағыты – цифр­ландыруды кең көлемде дамыту, жасанды интеллекті технологияларын енгізу. Павлодар облысы осы үдерістің драйверлерінің бірі болуға ниетті.

«Smart Region» стратегиясы аясында «Smart City Pavlodar» және «Қауіпсіз қала» жобалары іске асырылып жатыр. ЖИ және спутниктік мониторинг пайдаланыла отырып, жер ресурстарының цифрлық картасы, сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Павлодар қаласының инженерлік желілерінің «интерактивті жылу картасы» әзірлену үстінде. Екібастұзда деректерді өңдеу және майнинг саласында өңірге стратегиялық позицияны қамтамасыз ететін заманауи дата-орталық салынып жатыр.

Кадрларды даярлау үшін жаңа мүм­кіндіктер жасалып, стартаптарды қолдау үшін зертханалар мен мәжіліс-залдары бар «Pavlodar Hub» іске қосылды. Ақпараттық техноло­гиялар колледжінің базасында «Ұшқыш­сыз ұшу аппараттарының операторы» мамандығы ашылды, жоғары техно­логиялық жобаларға 100 мыңға дейін студенттерді тартатын «AI-Sana» бағдар­ламасы жұмыс істейді. Өңір Astana Hub және университеттермен бірлесіп IT-сек­тор мен цифрлық экономика үшін ма­мандар даярлайды.

– Жеделдетілген цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу – талшықты-оптикалық желі­лерді, мобильді байланысты, сондай-ақ «Starlink» және «OneWeb» сияқты төмен орбиталық жүйелерге негізделген спутниктік байланысты дамытуды көз­дейді. Ол өз кезегінде қомақты инвес­тициялар тартуды талап етеді. 2024 жылы «Starlink» технологиясы облысымыздың 33 мектебінде енгізілді, жылдың соңына дейін осы технологияға қалған 42 мектеп қосылады. Осылайша, ауыл мектептерін сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасы толық орындалады, – дейді өңірлік цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин.

Әлеуметтік саладағы жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылып отыр. Павлодарда биыл 1 200 орындық мектеп ашылды. Өзге де жаңа оқу орындарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл 2026 жылға қарай 4 мыңнан аса оқушы орнын құруға, үш ауысымды оқытуды жоюға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласы бойынша ауылдық жерлерде алты медициналық мекеме салу, Павлодар­д­ағы №1 қалалық аурухананы реконструк­­ция­лау, ЖИ-ді пайдалана отырып диаг­нос­тика жасау үшін «Forus Data» жүйе­сін енгізу көзделген. Туризм саласы бо­йынша Баянауылда визит-орталықтың және Сабындыкөлде байқау алаңының құрылысы басталады. Павлодар мен Екібастұзда заманауи спорт кешендері мен мұз сарайлары бой көтереді.

– Инфрақұрылым мен энергетикаға үлкен көңіл бөлініп отыр. Алдағы жылдары Ертіс арқылы өтетін жаңа көпір құрылысын аяқтау, ұзындығы 352 км болатын Ақсу-Дегелең-Жаңа Семей теміржол учаскесін жаңғырту, Павлодар әуежайын қайта жаңарту жоспарланған. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2029 жылға қарай инженерлік желілердің тозу деңгейін айтарлықтай төмендету көзделген. Атап айтқанда, жылумен жабдықтау желілерін – 64%-ға дейін, электрмен жабдықтау желіле­рін – 52,9%-ға дейін, сумен жабдықтау желілерін – 46,5%-ға дейін, су бұру желілерін – 68,1%-ға дейін. Өңір республикада алғашқы болып Қаржы министрлігімен облигациялық қарыз алуға қол қойды. Бөлінген 9,8 млрд теңге Павлодарда жылу магистралін салуға бағытталды, бұл 600-ден аса көпқа­батты тұрғын үйді үздіксіз жылумен қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов.

Павлодар облысы елдің индустриялық орталығы ретінде өзінің позициясын нығайта түсуде. Кейінгі үш жылда экономикаға 2 трлн теңгеден аса инвес­тиция тартылған, оның 88%-ы – жеке инвестициялар. Жалпы құны 7,4 трлн теңге болатын 102 жоба іске асырылуда, оның ішінде жаңа ферроқорытпа және металлургия зауыттарын қоса алғанда 76 жоба жалпыұлттық пулға енгізілді. 2027 жылы Павлодарда алкилат шы­ғаратын зауыт жұмысын бастайды, ол мұнай-химия шикізатын қайта өңдеуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Бүгінгі таңда «Павлодар» АЭА-ның инвестициялық портфелі 541 млрд теңгені құрайды. Өңдеу секторының өнім көлемі бойынша өңір республикадағы жетекші бестікке кіреді.

Аграрлық сектор да – басым ба­ғыт­тардың қатарында. Мал шаруа­шылығын дамытудың және пайдаланылмайтын жерлерді қайтарудың кешенді жоспары іске асырылуда. 2030 жылға қарай ірі қара малды 600 мың басқа дейін, ал ұсақ мал басын 750 мыңға дейін ұлғайту жос­парда бар. Бұл ішкі нарықты қамтуға және ет экспортын екі есеге арт­тыруға мүм­кіндік береді. Алдағы бес жылда агро­­өнер­кәсіптік кешенде 1 600-ге жуық жұ­мыс орнын құра отырып, 131 млрд тең­­ге­­ден аса сомаға 50 жоба іске асырылады.

Жиынды қорытындылай келе Асайын Байханов 20 қыркүйекке дейін Жолдауды іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарын бекітуді, қалалар мен аудан әкімдеріне аптаның соңына дейін жергілікті жерлерде талқылаулар өткізуді тапсырды.

– Біздің ортақ міндетіміз – Президент Жолдауының жүйелі іске асыры­луын қам­тамасыз ету. Әрбір қадам өңір­дің тұрақ­ты­лығын нығайтуға және адам­дар­дың өмір сүру сапасын арттыруға бағыт­та­лу­ға тиіс, – деп атап өтті облыс басшысы.

Осылайша, Павлодар облысы да­мудың негізгі бағдарларын анықтады: цифрлық өзгерістер, адами капиталды нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту, инвестициялық өсу және әлеуметтік тұрақтылық. Бұл міндеттерді іске асыру өңірдің жасанды интеллекті дәуіріне сенімді енуі үшін негіз болуға тиіс.

 

Павлодар облысы