Заң • Бүгін, 15:00

Ақтауда XII Азаматтық форум өтті

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Ақтауда «Заң мен тәртіп – қоғамның тұтастығы: Құқықтық сауаттылықтағы ҮЕҰ-дың рөлі» тақырыбында XII Азаматтық форум ұйымдастырылды. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Жанаргүл Әлжанова, Қазақстанның Азаматтық альянсы президенті Бану Нұрғазиева, республикалық және өңірлік ҮЕҰ өкілдері, мәслихат депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтауда XII Азаматтық форум өтті

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Форумда азаматтық қоғамның құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы, қоғамдық тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі талқыланды.

Бағдарлама аясында шеберлік сабақтары, пікірталас алаңдары және әлеуметтік жобалардың көрмесі өткізілген. Кездесу барысында құқықтық сауаттылықты арттыру, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және қоғамдағы құқықтық мәдениетті дамыту мәселелері қаралды.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай азаматтық қоғам институттарының өңір дамуына қосқан үлесін атап өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын іске асырудың маңыздылығын айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейту қажеттігін атап өтті. Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдар қоғам өмірінің барлық маңызды саласын қамтып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру арқылы өзекті мәселелердің шешіміне ықпал етіп келеді. Ауыл мен қаланы теңестіру керек деген мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым айтып келеді. Соны орындау парыз. Қазір қарап отырсақ, Қазақстан әлемдік аренада үлкен беделі бар мемлекетке айналып келе жатыр. Біздің мақсатымыз – Мемлекет басшысының саясатын қолдап, оны іске асыру», деді Нұрдәулет Қилыбай.

Форум қорытындысында үздік жобалар мен белсенді азаматтар арнайы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, құқықтық білімді арттыру бойынша жаңа бастамаларды қолдау ұсыныстары әзірленді.