
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналып, маусым айында өткізілген іс-шараға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 51 команда қатысқан еді.
Олардың ішінен Ақтөбе қаласындағы №10 мектептің «Жас бүркіт» клубы жүйрік шығып, үшінші орынға ие болды. Оқушылар шапшаңдығы мен тапқырлығы, спорттық сайыстарға дайындығы жағынан ерекшеленіп, озып шықса да, каникул күндеріне байланысты марапаттау рәсімі кешіктірілді. Қыркүйекте оқушылар түгел жиналған кезде, «Жас бүркіт» клубының тәрбиеленушілеріне Ішкі істер министрінің орынбасары, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, сондай-ақ «Батыс» өңірлік қолбасшылығы атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Марапаттарды Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Бақыт Алазов тапсырды. Ол құттықтау сөзінде жастардың табандылығы мен бірлігі олардың отансүйгіштік болмысын айқындайтынын атап өтті.
Ақтөбе облысы