ЖОЛДАУ • Бүгін, 07:58

Торғай – мемлекеттің айрықша назарында

90 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Торғай өңіріне ерекше тоқ­талып, Үкіметке бұл өңірге айрықша назар аудару керектігін тапсырды. Бұған дейін де Бурабайда өткен төртінші Ұлттық құрылтайда президент ел дамуы үшін стратегиялық маңызы бар жаңа бастамаларды жария еткені баршамызға белгілі.

Торғай – мемлекеттің айрықша назарында

Сурет: baq.kz

Солардың қатарында орталық және батыс өңірлер арасын 560 шақырымға қысқартып, Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағытымен автокөлік жобасын салу бар. Осыған орай биыл мамыр айында Премьер-министр Арқалыққа жасаған жұмыс сапарында «Орталық – Батыс» күре жолының құрылысын бір ай мерзімде бастау жөнінде нақты тапсырма беріп, маусым айында Арқалық пен Торғайда автодәліз құрылысы басталды.

Алайда осы үш айдың ішінде аталған жобаға қатысты бірқатар түсініксіз жағдай орын алып, алаңдаушылық тудырды. Яғни автожол құрылысы іс жүзінде тоқтап қалды, мемлекеттік органдар Президенттің нақты тапсырмасын бұрмалап, баламалы бағыттарды қарастыра бастаған. Мәселен, Ұлытау облысының аумағында Президенттің атап өткен бағытынан өзге бағытты зерделеу мақсатында қоғамдық тыңдау өткізуі халықтың наразылығын тудырды. Президент Жолдауындағы Торғайға айрықша назар аудару керек дегені осы мәселе төңірегіндегі барлық сұраққа нүктесін қойды деп ойлаймын. Орталық – Батыс дәлізі «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағыты бойынша салынатынына сенімдімін. Оны өткен аптада Мәжілісте өткен алқалы жиыннан кейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев растады. Торғайдың дамуы тұтас елдің ілгерілеуіне ықпал ететіне сенімдіміз.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Астанада вагон құрастыратын зауыт іске қосылғанын, авиация инфрақұрылымын жаңғыртуға да ерекше тоқталды. Бүгінде Алматы, Шымкент, Қызылорда қала­ларында жаңа терминалдар ашылды. Алдағы уақытта Зайсан, Қатонқарағай, Кендірліде әуежай құрылысы аяқталып, Арқалық әуежайы қайта жаңғыртылады.

Президенттің айтуынша, бұл бас­тамалар өңірлердің экономикалық белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашады. Сондай-ақ өзге де салалардың дамуына серпін беріп, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосады.

 

Берік БИСЕНҒАЛИЕВ,

Мәжіліс депутаты