Басылым • Бүгін, 07:50

Көкейкесті жоба – «Қазақстан мектебі» журналы

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универси­тетінің Ғылыми кітапханасында ардагер журналист, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайраш Әбішқызы бастаған ғылыми топ әзірлеген «Қазақстан мектебі» журналы: 1925-1991 жылдардағы тарихи белестері» атты кітаптың таныстырылымы өтті.

Көкейкесті жоба – «Қазақстан мектебі» журналы

Жалпы 1970–1990 жылдардағы баспа­сөз бен білім үдерісінен хабар­дар зиялы­лар үшін «Қа­зақ­стан мектебі» журналы – аса та­­ны­мал мерзімді басылым. Оны рес­­пуб­ликадағы мектеп ұстаздары, педа­го­гикалық мамандықтарда сабақ беретін ға­лым­нан бастап, студентке дейін ынтыға оқитын.

Ал енді осы журнал әу бас­та Алаш арыстарының идеясы­мен туып, «Жаңа мектеп» аталғанын көпшілік біле қой­майтын. Өйткені басылымның тарихын қазбалауға кеңестік идеология, таптаурын таным-түсінік мүмкіндік бермейтін. Ақиқатына келсек, ескі мерзім­ді басылымдарды санаулы ғалымдар ғана оқи алды.

Тарихи «Жаңа мектеп»­ кейін заман талабымен «По­литех­никалық мек­теп», «Ауыл мұғалімі» «Халық мұ­ғалімі» атауы­мен шы­ғып, 60-жылдардағы «жылы­мықтан» соң «Қазақстан мектебі» атауын алды. Ол қай кезде де салалық педагоги­ка­лық, ғылыми-әдістемелік бағдарынан айнымады. «Жаңа мектеп»  журналын жүйелі қар­жыландыру, шығару көр­некті қайраткері, Алаш арысы Смағұл Садуақасұлы Білім министрі (Халық ағар­ту комиссары) болып тұрғанда жүзеге асты. Бұл басылымға автор ретінде атса­лыс­қандардың көшбасында А.Бай­тұр­сынұлы, Ә.Бөкейхан, Х.Досмұ­хамед­ұлы, Е.Омарұлы, Ж.Аймауытұлы, С.Са­дуа­қасұлы, Қ.Кемеңгер­ұлы, М.Жолды­байұлы, С.Сей­фуллин, М.Әуезов, т.б. тұл­ғалар тұр.

Сайраш Әбішқызы үйлес­тірген ғылыми топ (Ә.Салық­бай, Қ.Шағыр, Ж.Сарманов, Қ.Бексайынов, К.Қинаубай, С.Хасенов) «Қазақстан мектебі» журна­лының ғасырлық тарихын білім мен оқыту тео­риясына, тәрбие теориясына, мектепті басқару мен ұйым­дастыру теориясына, мамандарды даярлау теория­сына әсері тұрғысынан зерделеген.

Жоба-еңбекте отандық білім саласының қалыптасып-дамуын­дағы аталған салалық басылымның әр кезеңдегі мақсат-міндеті, жүріп өткен жолы, ағарту ісіне қосқан үлесі, көтерген әлеуметтік-мәдени жүгі, танымдық-ақпараттық қуаты, ұстаздар қауымы мен ата-аналар ортасындағы беделі, біліктілік сабақтастығы, әлемдік теория мен тәжірибені, отандық ізденіс пен сараптаманы талдау мен насихаттаудағы рөлі жан-жақты баяндалған.

«Қазақстан мектебі» журна­лы­ның 1970–1980 жылдардағы ке­зеңін интел­лек­туал­дық өсу уа­қыты, мектеп пен қоғамның, пе­­да­­­го­гика мен ғылымның арасын ық­пал­­дас­тырған шағы деу­ге негіз бар.

80-жылдардың соңы мен 90-жыл­дардың басындағы «Қазақ­стан мектебі» Тәуелсіз­діктің атмос­ферасын қалып­тас­тырды, өт­кен­нің небір «ақтаңдақтарын» жарыққа шы­ғарып, жұртшы­лықтың, әсіресе білім саласы ма­мандарының тарихи жадын жаңғыртты. Осы кезеңде басылым редак­торы, қоғам қайраткері Сайраш Әбішқызының ұйымдас­тырушылық, қайраткерлік қабі­лет-қарымы айрықша көрінді. Білім-ғылым саласында елеулі бас­тамалар көтеріп, жобаларды жүзеге асырды. Білікті мұғалім, қай­раткер мұғалім, са­нат­кер мұға­лім, ұлт мектебі, халықшыл мек­теп, зияткер мек­теп мәртебесі айқын­дала түсті.

«Қазақстан мектебі» журналы қо­ғам­дық-идеологиялық, ғылыми-танымдық бағытта әрқа­шан «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола білді.

Тұсаукесер шарасын «Қазақ га­зеттері» серіктесігінің бас дирек­торы, ҰҒА академигі Дихан Қам­забекұлы жүргізіп отырды. Мұның себебі де бар: еңбек арда­гері Сайраш Әбішқызы алғашқы қаламгерлік қызметін «Социа­листік Қазақстан» (бүгінгі «Egemen Qazaqstan») газетінде бастаған.

Жиынды ЕҰУ Ғылыми кі­тапхана директоры, философия ғылымдарының кандидаты Бақытжан Оразәлиев ашып, жаңа еңбектің оқу үдерісіндегі маңызына тоқталды. Осыдан соң сөз алған жоба авторы С.Әбішқызы «Жаңа мектеп» – «Қазақстан мектебі» журна­лы­ның ұлт тарихындағы орнына, сын сағаттағы елшіл бастамаларына, бүгінгі күрделі ахуа­лы мен өзекті мәселелеріне екпін түсіре айтты. «Біздіңше, Алаш зиялылары идея­сымен өмірге келген ғасырлық тарихы бар журнал Оқу-ағарту министрлігінің нөмірі бірінші салалық басылымы болуы керек.  Ғылым академиясы қайта жанданды, басқа да дәстүрлі дүниелерімізге оралып жатырмыз. «Қазақстан мектебі» журналының қазіргі жағдайы сын көтермейді. Журналдың басшысы мен санаулы қыз­меткері жоқтан бар жасап отыр. Мемлекет кешіктірмей қол­ға алатын ендігі жоба – «Қазақ­стан мектебі» журналы бол­са деймін. Мұны сала­лық ми­нистрлік, жаңашыл Пар­ламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері ескереді деп үміттенемін», деді баспасөз ардагері.

Тұсаукесерде сондай-ақ педагог-ғалым Өріс Иман­ғожи­на, Ұлттық музейдің ғылыми-әдістемелік қызмет басшысы­ Сырым Хасенов, Ы.Ал­тын­сарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкері, ақын Біржан Ахмер, «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы Сәния Бектенғалиева т.б. ой-пікірін ортаға салды. Ұсыныс ре­тінде кітаптың мем­лекеттік тапсырыс негізінде кемі
1 мың таралыммен көбейтіліп, ел кітапха­наларына толық жетуі керектігі, сонымен бірге  аталған журналдың Ғылым комитеті тізіміне қайта енгізілуі қажеттігі айтылды.

Шараға ғалымдар, мұға­лімдер, магис­трант, студент жастар қатысты. Тұсауке­сер аясында жиналған қауым ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлының өмірі мен шы­ғармашылығына арналған арнайы көрмені тамашалады.

 

Сабыр Шәріп,

PhD