ЖОЛДАУ • Бүгін, 09:03

Серпін беретін стратегиялық құжат

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын айқындап, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты міндеттер жүктеді.

Серпін беретін стратегиялық құжат

Сурет: gov.kz

Жолдауда ел үшін маңызды мәселелер көтерілді. Солардың бірі – инвестициялық саясатты қайта қарастыру. Президенттің сөзіне сай инвестицияның негізгі бөлігі шикізат саласына емес, өңдеу өнеркәсібіне, шағын және орта бизнеске, жоғары технологиялық жобаларға бағытталуы қажет. Бұл – еліміздің экономикалық дамуының жаңа кезеңін бастайтын қадам. Осы тұрғыда бұған дейінгі де Президент тапсырмасына сәй­кес Батыс Қазақстан облысы көлемін­де инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Дегенмен біздің облыс әлі де инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және инновациялық жобаларды қолдауға дайын.

Президент атап өткендей, жаңа технологияны, соның ішінде жасанды интеллекті енгізу еліміздің дамуында маңызды рөл атқарады. Батыс Қазақстан облысында бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп келеді. Жасанды интеллектіні тиімді пайдалану арқылы өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеріп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береміз.

Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті. Соның ішінде Парламенттің бір палаталы құрылымға көшу мәселесі ерекше айтылды. Бұл бастама – заң шығару үдерісін жеделдетуге, депутаттардың жауап­кершілігін арттыруға, халықтың сенімін күшейтуге бағытталған маңызды қадам. Бұл өзгерістер елдегі демократиялық институттарды нығайтып қана қоймай, өңірлердің дамуына да оң ық­палын тигізеді.

Президент Жолдауы – елі­міздің дамуына тың серпін бере­тін стратегиялық құжат. Онда қойылған міндеттерді орындау – бәріміздің ортақ парызымыз. Біз Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен бірге ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, Мемлекет басшысының бастамаларын жүзе­ге асыруға белсене атсалысамыз.

 

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ,

Батыс Қазақстан облысының әкімі