
Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ
Бейімделген мектеп саны азайды
Бұрынырақта қаралмай келген шеткері аудандардағы білім нысандарына заманауи оқу-құралдары жетіп, тіпті IT-технологияның ауыл баласына үйретуге мүмкіндік туды. Қазір құрылыс жүріп жатқан қос нысанды әкімдік бақылап отыр. Кербұлақ ауданына қарасты Көксай ауылындағы 60 орындық орта мектебінің құрылысы аяқталып қалды. Оны жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Текелі қаласындағы Рудничный мектебінің құрылысы – 50 пайыз, аяқталуы мерзімі 2026 жылдың қаңтар айы деп көрсетілген.
«Өңірде соңғы үш жылда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту қарқынды жүргізіліп келеді. Облыстың қайта құрылуымен басталған жаңғыру жолы бүгінде нақты нәтижелерін беріп, елді мекендердің ең өзекті мәселелерінің шешілуіне жол ашты. Әсіресе білім саласында ауқымды жұмыс атқарылып, өңірдегі оқушыларға қолайлы жағдай жасалып отыр», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде әлеуметтік нысандарды жаңарту көрсеткіші 60 пайыздан асқан. Бұл – мемлекеттік қолдау мен жергілікті басқару жүйесінің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Облыс құрылғалы жаңадан бой көтерген білім ордаларының жалпы сыйымдылығы 5 310 оқушы орнын құрайды.
«Мәселен, Ақсу, Сарқан, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласында – екі мектептен, Көксу ауданында – үш мектеп, Панфилов ауданында төрт мектеп бой көтерді. Осы орайда ерекше атап өтерлік нысан – Жаркент қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында тұрғызылған 1200 орындық заманауи білім ордасы. Бұл тек жаңа ғимарат емес, жаңа көзқарас, жаңа мүмкіндіктер мектебі десе болады», дейді Д.Жүнісов.
Жаңа мектептердің ашылуы нәтижесінде бұрынғы кеңсе, балабақша сияқты бейімделген ғимараттарда білім алған оқушылардың жағдайы жақсарды. Егер 2022 жылы облыс аумағында 69 бейімделген мектеп болса, қазір 39-ға қысқарған. Мысалы, Сарқан ауданының Бірлік ауылында ашылған жаңа мектепте оқушылар бір ауысымда оқып, түстен кейін түрлі үйірмелерге қатысады.
«Бұрын ескі ғимараттың тар бөлмелерінде екі ауысымда оқитын едік. Қазір кең әрі жарық сыныптарда сабақ оқимыз. Химия, физика, биология пәндеріне арналған зертханалық кабинеттер, асхана, спорт зал – бәрі заманауи талапқа сай. Тіпті футбол ойнайтын газон алаңы да бар», дейді мектеп оқушысы Ақнұр Жалынбай.
Қалай десек те, 2025 жыл – Жетісудағы білім саласы үшін жаңа белес болмақ. Биылдың өзінде 1080 оқушыға арналған төрт жаңа мектеп ел игілігіне беріледі. Атап айтқанда, Алакөл ауданының Достық ауылында, Ақсу ауданының Көлтабан ауылында, Панфилов ауданының Лесновка ауылында, Кербұлақ ауданының Көксай ауылында жаңа мектептер салынып жатыр. Бұл – ауыл мен қала арасындағы білім сапасын теңестіруге жасалған тағы бір маңызды қадам.
Үш ауысымды білім ошағы жоқ
Облыста үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілген. Алайда кейбір аудандарда оқушы санының өсуі мен демографиялық көрсеткіштердің жоғары болуына байланысты облыс әкімдігі алдын ала әрекет етіп, жаңа мектептер салуды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Бұл – білім саласының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етудің маңызды алғышарты.
«Жетісу өңірінде жүргізіліп жатқан білім жобалары Мемлекет басшысының да назарында. Президентіміздің Талдықорған қаласындағы Ынтымақ ауылындағы жаңа мектепті республикаға үлгі ретінде атап өтуі бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін дәлелдейді. Үш жылдың ішінде облыста 270 әлеуметтік нысан жаңадан салынып, күрделі жөндеуден өтті. Бұл – тек сандар мен көрсеткіштер ғана емес, болашаққа салынған инвестиция. Жетісу облысы білім саласында айқын мақсат қойып, жүйелі түрде нәтиже көрсетіп келеді. Әрбір жаңадан ашылған мектеп – үміт пен сенімнің, болашақтың мектебі. Бұл мектептерде жаңа буын қалыптасып, Жаңа Қазақстанның тірегі болатын азаматтар тәрбиеленеді», дейді облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев.
Шынында, шекаралық аудандарға көңіл көп бөлініп отыр. Мәселен, Панфилов ауданы – халық санының өсуі, әлеуметтік және экономикалық даму қарқыны жөнінен облыста алдыңғы қатарда тұр. Үш жыл ішінде аталған аймақ серпіліс кезеңіне аяқ басты. Мұнда бірнеше әлеуметтік және инвестициялық жоба жүзеге асып, халықтың өмір сүру сапасы едәуір жақсарды. Жаркент қаласындағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңадан салынған 1 200 орындық мектеп соның бір дәлелі
«Заманауи үлгідегі білім ордасы барлық талапқа сай жабдықталған. Білім ошағында 64 сынып, оның ішінде 6 жаңа үлгідегі, touch-экрандармен жабдықталған арнайы пән кабинеттері бар. Сонымен қатар екі информатика кабинеті, кең көлемді кітапхана, акт және би залы, үлкен асхана, шығармашылық пен демалысқа арналған коворкинг аймақтары мен шеберханалар бар», дейді мектеп директоры Айгүл Дәрубаева.
Балалар мұнда бір ауысыммен оқиды, ал түстен кейін әртүрлі тегін үйірмелерге қатысады. Мүмкіндігі шектеулі балаларда да барлық жағдай қарастырылған.
Өңірде жалпы 232 ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жабдықталған. Барлық орта мектеп интернет желісіне қосылған. Биыл интернет жылдамдығы төмен 43 мектеп «Starlink» технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетке тіркелді. Білім ұйымдары цифрлық білім платформаларын пайдаланады. Мектептерде 734 жаңартылған заманауи оқу кабинеті жұмыс істеп тұрса, биыл тағы 70 заманауи оқу кабинетін сатып алу жоспарланып отыр. Білім үдерісін қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Талдықорған қаласындағы барлық мектепке дейінгі ұйымдар мен 100 мектепте «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы ваучерлік қаржыландыру енгізілген.
Айта кетейік, еңбек нарығының қажеттілігіне қарай сұранысқа ие мамандықтарға соңғы үш жылда жергілікті бюджеттен 300-ден астам білім гранты бөлінсе, оның 104-і педагогикалық мамандыққа берілген.
Жетісу облысы