
Сурет: primeminister.kz
Жиында әртүрлі салада реттеу тетіктерін енгізуге қатысты бірқатар мәселе қаралды. Атап айтқанда, мотор майларын таңбалау мен қадағалау жүйесін енгізу мәселесі қарастырылды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл шара өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейінгі қозғалысын толық қадағалауға мүмкіндік бермек. Цифрлық таңбалау әр тауар бірлігінің жеткізу тізбегіндегі қозғалысын айқын көрсетіп, оның шығу тегі мен қолданылуы жөнінде дәлме-дәл дерек береді.
Сондай-ақ сыра және сыра өнімдерін таңбалау, пестицидтердің айналымын реттеу мәселелері қаралды. Атап айтқанда, тіркелмеген пестицидтерді өндіруге (құрамдастыруға) келісім беру тәртібін енгізу ұсынылды.
Комиссия күн тәртібінде электронды және интернет-казино жарнамасына қатысты да мәселе қозғалды. Ұялы байланыс операторлары тарапынан осындай SMS-хабарламаларды таратуға әкімшілік жауапкершілік белгілеу ұсынылды. Туризм және спорт министрлігінің өкілдері атап өткендей, бұл бастама ойынға әуес азаматтардың санын азайтуға және байланыс саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Отырыстың қорытындысында ведомствоаралық комиссия мемлекеттік органдар мен қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, барлық мәселе бойынша жасалған реттеу талдауларының нәтижелерін келісті.