ЖОЛДАУ • Бүгін, 08:43

Цифрландыру – агросаланы дамыту тетігі

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Жолдауда заманауи технологияларды, әсіресе жасанды интеллект пен цифрландыруды мемлекеттік басқару мен салалық экономикаға терең енгізу қажет екенін нақты атап көрсетті. Бұл – еліміздің жаһан­дық бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы маңызды қадам.

Цифрландыру – агросаланы дамыту тетігі

Сондай-ақ ол өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласының страте­гиялық маңыздылығына тоқталды. Яғни Қазақстан аграрлық әлеуеті жоғары мемлекет ретінде ішкі нарықты сапалы азық-түлікпен қам­тамасыз етіп қана қой­май, халықаралық нарыққа да экс­порттық әлеуеті мықты елге айналуға тиіс екенін баса айтты. Бұл орайда салаға цифрлық тех­нологиялар мен жасанды интел­лектіні енгізу қажет.

Мен жұмыс істеп жатқан ауыл шаруашы­лығы саласы үшін бұл Жолдауда айтылған басымдықтар нақты бағдар әрі тікелей тәжірибелік мәнге ие дер едім. Агроөнеркә­сіп кешенін жетілдіруде тех­нологиялық жаңғырту, әсіресе өндірісті цифрландыру, ше­шім қабылдаудың дәлдігі мен тиімділігін арттырады. Жасанды интеллект өнімділікке қатысты болжамдар жасау­ға, өсімдік аурулары мен зиянкестерді ерте анықтауға, сондай-ақ нақты деректерге негізделген оңтайлы аграрлық шешімдер қабылдауға жол ашады.

Дрондар, сенсорлар, смарт-фермалар және интеллек­туалды суару секілді цифрлық шешімдерге негізделген дәлме-дәл егіншілік жүйелері ауыл шаруашылығында автоматтандыруды қамтамасыз етіп, ресурс­тарды ұтымды пайдалануға негіз болады. Сонымен қатар фермерлерге арналған онлайн сервистерді дамыту, мемлекеттік қолдау мен субсидиялардың ашықтығын қамтамасыз ету – ауылдағы еңбек адамын қолдауға бағыт­талған тиімді шара.

Оған қоса экологиялық таза әрі органикалық өнім өндіру негізгі басымдықтар­дың бірі ретінде айқындал­ды. Президенттің ай­­туынша, жасанды интеллект пен цифр­ландыру ауыл ша­руа­шы­лығында өнімділікті арт­­ты­рып қана қоймай, ресурстар­ды үнемдеуге, өнім сапасын жақсартуға, қауіпсіздікті ны­ғай­туға және халықаралық нарық­та бәсекеге қабілетті болуға мүм­кін­дік береді. Бұл еліміздің орнық­ты дамуы үшін де аса өзекті.

Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, Президент айтқан бастамалардан ерекше серпін алдым. Енді жаңа мақсат пен жоспар кәсіби қызметіме де жаңаша қарқын беретіні анық.

 

Алтынай ЖАҚАТАЕВА,

PhD